🏛️ Саясат

Жеті жылдың жұрнағы: Еліміз қалай жаңарды?

Жеті жылдың жұрнағы: Еліміз қалай жаңарды?

Кейінгі 7 жыл Қазақстан үшін үлкен өзгерістер кезеңіне айналды. Бұл уақыт әлем үшін де оңай болған жоқ. Пандемия, инфляцияның күшеюі, логистикалық дағдарыстар, геосаяси тұрақсыздық сияқты күрделі факторлар көптеген елдің экономикасына әсер етті. Осындай жағдайда еліміз де бірқатар қиындықтарды бастан өткерді. Дегенмен осы кезеңде ел экономикасы тұрақтылықты сақтап қана қоймай, жаңа даму бағытына бет бұрды. Экономиканың құрылымы өзгеріп, өндіріс күшейіп, жаңа кәсіпорындар ашылды, деп жазады Ozgeris.info.

Жалпы ішкі өнім өсті

Қазақстанның соңғы жылдардағы дамуы туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов былай дейді:

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болған жеті жылы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси даму моделін терең әрі жүйелі түрде жаңарту кезеңіне айналды. Бұл жылдар пандемия, әлемдік экономиканың баяулауы, инфляциялық қысым, логистикалық қиындықтар және геосаяси тұрақсыздық сияқты күрделі жаһандық жағдайлармен тұспа-тұс келді. Сонымен қатар ел ішінде бұрынғы жылдардан қалған бірқатар экономикалық және саяси теңгерімсіздіктерді жою міндеті тұрды. Осындай қиындықтарға қарамастан мемлекет тұрақтылықты сақтап, ел экономикасын сенімді даму жолына шығара алды. Президент қысқа мерзімді популистік шешімдерге емес, ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған саясат жүргізіп келеді. Негізгі мақсат – елдің тұрақты дамуына берік негіз қалыптастырып, халықтың әл-ауқатын арттыру, экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету», дейді ол

Соңғы жылдары Қазақстан экономикасында нақты нәтижелер байқала бастады. Мысалы, 2025 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,3% деңгейінде болды. Ал Қазақстан экономикасы 6,5% өсім көрсетті. Бұл көрсеткіш ел экономикасының сыртқы қиындықтарға қарамастан тұрақты дамып келе жатқанын білдіреді.

Экономиканың құрылымы да біртіндеп өзгеріп келеді. Бұрын жалпы ішкі өнімнің өсімі көбіне шикізат бағасына тәуелді болатын. Мұнай немесе метал бағасы төмендесе, экономика да баяулайтын. Ал соңғы жылдары экономиканың негізгі өсімін өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, көлік және қызмет көрсету салалары қамтамасыз ете бастады. Соңғы 7 жылда Қазақстан экономикасының жалпы көлемі де айтарлықтай өсті. Егер 2019 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 181,7 млрд доллар болса, 2025 жылы 305,9 млрд доллар болды. Яғни экономика 1,7 есе ұлғайды. Бұл – ел экономикасының тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Жан басына шаққандағы ішкі өнім де өсіп келеді. 2019 жылы бұл көрсеткіш 9,8 мың доллар болса, 2025 жылы 15 мың долларға дейін жетті. Бұл халықтың табысы мен ел экономикасының жалпы деңгейі біртіндеп көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Өңдеу өнеркәсібі соңғы жылдары экономиканың маңызды драйверіне айналды. Бұл саладағы өндіріс көлемі айтарлықтай өсті. 2019 жылы өңдеу өнеркәсібінің көлемі 11,5 трлн теңге болса, 2025 жылы 30,63 трлн теңгеге жетті. Яғни өндіріс көлемі 2,5 есе артты.

ЖІӨ құрылымында да өзгеріс байқалады. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11,4%-дан 12,7%-ға дейін өсті. Ал тау-кен өндірісінің үлесі керісінше 14,5%-дан 12%-ға дейін төмендеді. Бұл өсім жай ғана статистика емес. Оның артында нақты өндірістер мен жаңа кәсіпорындар тұр. Соңғы жылдары елдің әр өңірінде ондаған жаңа өндіріс орындары іске қосылды.

«Мысалы, Қостанай облысында KIA автокөліктерін шығаратын зауыт және шойын құю өндірісі іске қосылды. Қарағанды облысында тұрмыстық техника мен автомобиль шиналарын шығару басталды. Атырау облысында полипропилен өндірісі жолға қойылды. Алматы облысында вольфрам концентратын өндіретін кәсіпорын іске қосылды. Павлодар облысында теміржол техникасына арналған компоненттер өндірісі дамыды. Ал Шымкентте алюминий қаптама өндірісі мен бағалы металдарды өңдеу кәсіпорындары жұмысын бастады. Осындай өндірістердің іске қосылуы өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге жергілікті экономиканың дамуына да серпін берді. Экономиканың өсуіне әсер еткен тағы бір сала – құрылыс. Соңғы жылдары бұл сектор тұрақты түрде өсіп келеді. Мысалы, 2025 жылы Қазақстанда 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш көлемі жағынан екі облыс орталығы – Павлодар мен Қостанай қалаларының тұрғын үй қорына тең келеді», дейді Үкімет басшысы.

Алғашқы бестікке енді

Қазақстан экономикасының дамуы халықаралық ұйымдардың бағалауында да көрініс тапты. Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына кірді. Сонымен қатар ел орташа жылдық экономикалық өсім қарқыны бойынша алғашқы 5 елдің қатарына енді.

Ал World Competitiveness Ranking рейтингінде Қазақстан 34-орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш елдің инвестициялық және іскерлік тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

«Қазақстан экономикасында тағы бір маңызды өзгеріс байқалады. Бұрын экономика көбіне бір ғана факторға – шикізат бағасына тәуелді болатын. Қазір экономика әлдеқайда тұрақты модельге көшіп келеді. Яғни бұрын тау-кен секторындағы уақытша өзгерістер бүкіл экономикаға әсер ететін. Қазір мұндай жағдайлар макроэкономикалық дағдарысқа айналмайды. Бұл экономиканың біртіндеп теңгерімді әрі тұрақты даму моделіне көшкенін білдіреді. Осылайша соңғы жылдары Қазақстан экономикасы жаңа кезеңге аяқ басты. Өндіріс дамып, жаңа кәсіпорындар ашылып, экономиканың құрылымы өзгеріп келеді. Бұл елдің болашақтағы тұрақты дамуына негіз қалыптастырып отыр», дейді World Competitiveness Ranking сарапшылары.

Инвестиция тарту соңғы жылдары Қазақстан экономикасын жаңартудың маңызды құралдарының біріне айналды. Соңғы 7 жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі айтарлықтай өсті. Егер бұрын бұл көрсеткіш 12,6 трлн теңге болса, қазір 22,7 трлн теңгеге жетті. Сонымен бірге инвестициялардың бағыты да өзгерді. Бұрын қаражат көбіне шикізат секторына бағытталса, қазір негізгі қаржы өңдеу өнеркәсібіне, инфрақұрылымға, энергетикаға, логистикаға және агроөнеркәсіп кешеніне салынып жатыр. Бұл экономиканың құрылымын өзгертіп, жаңа өндірістердің пайда болуына мүмкіндік берді.

«Ауыл шаруашылығы саласы да мемлекеттің негізгі басым бағыттарының бірі болып отыр. Бұл сала тек экономика үшін ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл тұрғындарының тұрмысы және экспорттық әлеуеті үшін де маңызды. Сондықтан ауыл шаруашылығын жаңарту мен өндірісті кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе суармалы егіншілікке басымдық беріліп отыр. Қазір елімізде суармалы жер көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын жылдары бұл көрсеткіш 2,5 млн гектарға дейін жеткізіледі. Сонымен қатар суару жүйелері жаңартылып, элеваторлар, өңдеу кәсіпорындары және логистикалық тізбектер модернизацияланып жатыр. Мал шаруашылығын дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу де күшейіп келеді. Бұл фермерлерге тек шикізат емес, жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді», деп түсіндірді О.Бектенов.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі айтарлықтай артты. 2019 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 5,2 трлн теңге болса, 2025 жылы 9,8 трлн теңгеге жетті. Яғни саладағы өндіріс шамамен 2 есе өсті. Ал азық-түлік өндірісі 1,7 трлн теңгеден 3,9 трлн теңгеге дейін артты. Мемлекет бұл саланы қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Қазір ауыл шаруашылығына жыл сайын 1 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Бұрын фермерлерге қаржы көбіне кеш бөлінетін болса, қазір қаражат алдын ала беріліп, шаруалар егіс жұмыстарын уақытында жүргізе алады. Бұл ауыл шаруашылығы жұмыстарының сапасын арттырды. Соның нәтижесінде фермерлер жыл сайын жоғары өнім алуға қол жеткізіп келеді. Қазақстан бүгінгі күні әлемдегі ірі астық пен ұн экспорттаушылардың бірі болып қала береді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері Орталық Азия, Ауғанстан, Таяу Шығыс, Қытай және Еуропа елдеріне жеткізіліп отыр.

Өнеркәсіп саласында да инвестициялар көбейіп келеді. Бұл бағытта маңызды рөлді Бәйтерек ұлттық басқарушы холдингі атқарады. Осы холдинг арқылы ел бойынша жүздеген өндірістік жобалар қаржыландырылды. Мысалы, Алматыда жеңіл автокөлік өндірісі дамып келеді. Қарағанды облысында Qarmet болат өндірісі жүзеге асырылуда. Павлодар облысында Қазақстан электролиз зауыты жұмыс істейді. Түркістан облысында Ecoculture-Eurasia жылыжай кешені салынды. Ал Алматы облысында «Шин-Лайн» балмұздақ өндірісі кеңейтілді.

Соңғы 7 жылда «Бәйтерек» холдингі арқылы бөлінген қаржы көлемі 2,9 трлн теңгеден 10,4 трлн теңгеге дейін өсті. Қазір холдингтің қаржылық қолдауымен бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, металлургия саласында 23 жоба – 3,9 трлн теңге, машина жасау саласында 21 жоба – 610,6 млрд теңге, химия өнеркәсібінде 11 жоба – 636 млрд теңге, ал агроөнеркәсіп саласында 69 жоба – 415,9 млрд теңге көлемінде жобалар іске асырылуда.

Бизнес бәсі биіктеді

Экономиканың тағы бір маңызды тірегі – шағын және орта бизнес. Қазір бұл сектор ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. Бүгінде шағын және орта бизнестің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 40,5% жетті. Бұл салада 4,5 млн адам жұмыс істейді. Яғни, еңбекке қабілетті халықтың шамамен жартысы осы секторда еңбек етеді. Шағын кәсіпкерлік тек сауда мен қызмет көрсету саласында ғана емес, құрылыс, көлік және өңдеу өнеркәсібінде де белсенді дамып келеді. Көптеген шағын компаниялар ірі өндірістік жобалардың жеткізу тізбегіне қосылып жатыр.

Мемлекет кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін әкімшілік кедергілерді азайтып, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтіп отыр. Мысалы, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, мемлекеттік кепілдіктер беру және даму институттары арқылы қаржыландыру бағдарламалары іске асырылуда. Жыл сайын мыңдаған кәсіпкерлік жобаларға қолдау көрсетіледі. Бұл секторға бөлінетін жеңілдетілген қаржы көлемі жүздеген миллиард теңгемен есептеледі. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы кәсіпкерлер үшін көптеген процесті жеңілдетті. Қазір компанияны тіркеу, есеп беру немесе мемлекеттік қолдау алу бұрынғыға қарағанда әлдеқайда оңай.

Жаңа инвестициялық жобалардың ішінде ерекше назар аудартатын бастамалардың бірі – Alatau City. Бұл Президенттің тапсырмасымен құрылатын жаңа урбанистік кластер. Болашақта бұл қала инновациялық экономика, жоғары технологиялық өндірістер, білім беру және бизнес инфрақұрылымының жаңа орталығына айналуы тиіс. Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді дамуы үшін пайдалы қазбалар қорын кеңейту де маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Сондықтан елде геологиялық барлау жұмыстары күшейтілуде. Соңғы жылдары мыс, никель, көмір, алтын және сирек жер металдары бар бірнеше перспективалы кен орындары анықталды.

Күн тәртібінде – геология

2026 жылдың соңына қарай Қазақстан аумағында жүргізілетін геологиялық және геофизикалық зерттеулердің көлемі 2,2 млн шаршы км дейін жеткізіледі. Мемлекет 2026-2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына 240 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл соңғы 20 жылдағы шығын көлемімен шамалас. Бұл салаға шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытып отыр. Бірақ барлық шешімдер ұлттық мүддені ескере отырып қабылданады. Мұндай ауқымды жұмыстар болашақта елдің өнеркәсіптік дамуына берік негіз қалыптастырады. Қазақстан экономикасында көлік және логистика инфрақұрылымы да маңызды рөл атқарады. Мемлекет бұл саланы ерекше бақылауда ұстап отыр. Мысалы, Транскаспий халықаралық көлік маршруты, яғни Орта дәліз бойынша жүк тасымалы соңғы 7 жылда 5 есе артты.

Бұл бағыттың дамуы теміржол инфрақұрылымымен тікелей байланысты. Соңғы жылдары Қазақстанда 1 мың км жаңа теміржол салынды. Сонымен қатар 9,5 мың км теміржол жөнделді. Оның ішінде 3,5 мың км жолға күрделі жөндеу жүргізілді. Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды қалаларындағы және шекара бағыттарындағы теміржол тораптары жаңартылып, олардың өткізу қабілеті артты. Бұл жүк тасымалын жеңілдетіп, логистикалық шығындарды азайтты.

Биыл елімізде 124 теміржол вокзалы жаңартылып жатыр. Бұл нысандардың көпшілігі ондаған жыл бойы жөндеу көрмеген еді. Теңіз порттары да кеңейіп келеді. Қазір Қазақстан порттарының жалпы өткізу қабілеті 22 млн тонна. Оның ішінде Ақтау порты – 15 млн тонна, ал Құрық порты – 7 млн тонна жүк өткізе алады. 2025 жылы порттар арқылы 8 млн тонна жүк тасымалданды. Контейнер тасымалы 90 мың контейнерге жетті. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 60 мың контейнер болған.

Жетісу облысындағы «Қорғас» құрғақ порты да маңызды логистикалық орталыққа айналды. Бұл жер арқылы жыл сайын жүздеген мың контейнер өтеді. Алматы облысы мен Жетісу облысында логистикалық орталықтар желісі қалыптасып келеді. Бұл жүк тасымалын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Соңғы 7 жылда Қазақстанда 25 мың км автомобиль жолы салынды немесе жаңартылды. Елде Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Батыс – Шығыс бағыттарындағы негізгі көлік дәліздері қалыптасты. Жол инфрақұрылымының жаңаруы экономикаға үлкен әсер етті. Жүк тасымалы жеңілдеді, сауда көлемі артты, өңірлер арасындағы байланыс күшейді. Авиация саласы да қарқынды дамып келеді. 2023 жылы Қазақстан әуежайлары 26 млн жолаушыға қызмет көрсетсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 31,8 млн жолаушыға жетті. Қазір Қазақстан 30-дан астам елмен әуе қатынасын орнатқан. Аптасына 600-ден астам рейс 130 бағыт бойынша орындалады.

Сонымен қатар жаңа әуежайлар салынып жатыр. Биыл 4 жаңа әуежай іске қосылады – Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі және Арқалық. Арқалық әуежайы 30 жылдан астам уақыт жұмыс істемеген, қазір ол қайта қалпына келтірілуде. Көлік инфрақұрылымының дамуы туризм саласына да оң әсерін тигізіп отыр. 2022 жылдан бастап Қазақстанға келетін туристер саны тұрақты түрде өсіп келеді. Елімізге әсіресе Қытай, Үндістан және Парсы шығанағы елдерінен туристер жиі келе бастады.

Қазақстан туризм саласында халықаралық рейтингтерде де көріне бастады. Мысалы, ел Best in Travel 2025 тізіміне енді. Алматы қаласы CNN және The New York Times басылымдарының ұсынылған бағыттарының қатарына кірді. Ал Шымбұлақ курорты Condé Nast Traveler нұсқасы бойынша әлемдегі үздік туристік бағыттардың бірі деп танылды. Осыған байланысты Алматы тау кластерін дамыту жобасына ерекше назар аударылып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, тау инфрақұрылымына салынған әр 1 доллар курорт экономикасына шамамен 5 доллар, ал жалпы туризм экономикасына 15 доллар пайда әкеледі. Бұл жоба іске асқанда мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, мемлекет бюджетіне жыл сайын шамамен 100 млрд теңге көлемінде салық түседі деп күтіледі. Сонымен қатар барлық жұмыстар экологиялық талаптарға сай, халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіледі.

Энергетика дамыды

Энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – кез келген елдің тіршілігін қамтамасыз ететін ең күрделі әрі маңызды салалардың бірі. Соңғы жылдары бұл бағытта да маңызды шешімдер қабылданып, ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Бұрын энергетикалық инфрақұрылымның тозуы ел үшін үлкен мәселе болып келген еді. Кейбір өңірлерде электр станциялары мен жылу желілерінің тозу деңгейі 70%-ға дейін жетсе, ал кей аймақтарда бұл көрсеткіш 80%-дан да асып кеткен. Көпшілік әлі ұмытқан жоқ – қыс мезгілінде қатты аяз кезінде энергетикалық нысандарда ірі апаттар болып, кей қалалар бірнеше күн бойы жылусыз қалған жағдайлар болған. Сондықтан бұл саланы толық жаңарту мемлекет үшін стратегиялық міндетке айналды.

Қазір елдің көптеген өңірінде электр станцияларын жаңарту жобалары іске асырылуда. Мысалы, Қарағанды, Өскемен, Жезқазған, Екібастұз және Балқаш қалаларында жылу электр орталықтарын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Алматы, Теміртау және Риддер қалаларында жылу қуаттары жаңартылуда. Ал Ақтау, Атырау, Орал, Тараз және Екібастұздағы ГРЭС-2 станцияларында қуаттарды кеңейту жобалары жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, елдің бірнеше өңірінде жаңа электр энергиясын өндіру нысандарын салу жоспарланған. Мұндай жобалар Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Көкшетау, Қызылорда, Семей, Тараз, Түркістан және Екібастұздағы ГРЭС-3 станцияларында қолға алынуда. Сонымен қатар барлық өңірде жылу және электр желілерін жаңарту бағдарламалары іске қосылған.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі де байқалып отыр. Соңғы 2 жыл қатарынан елімізде жылыту маусымы ірі апаттарсыз аяқталды. Электр энергиясын өндіру көлемі де тұрақты өсіп келеді. Мысалы, 2019 жылы Қазақстанда 106 млрд кВт·сағат электр энергиясы өндірілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 123,1 млрд кВт·сағатқа жетті. Соңғы жеті жылда іске қосылған жаңа энергетикалық қуаттардың көлемі Алматы қаласы мен Алматы облысының бір жарым жылдық электр тұтынуына тең келеді. Сарапшылардың болжамынша, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай Қазақстан энергия тапшылығы бар ел қатарынан шығып, электр энергиясының профицитіне қол жеткізеді.

Энергетика саласында экология мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Алматы қаласындағы ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3 станцияларын табиғи газға көшіру жобасы осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Бұл жобаларға жүздеген миллиард теңге инвестиция салынды. Қазір екі станцияны толық газға көшіру жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба іске асқанда Алматыдағы ауа сапасы айтарлықтай жақсарады деп күтіледі.

Энергетикадағы ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін атом энергетикасын дамыту мәселесі де күн тәртібіне шықты. Атом электр станциясын салу арқылы елде электр энергиясының тұрақты балансы қалыптасып, көмірқышқыл газының көлемі азаяды және энергия көздері әртараптандырылады. Сонымен қатар мұндай жоба жаңа технологияларды дамытуға, өндірісті жергіліктендіруге және инженерлік кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.

Экологиялық саясат та соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілді. Президент бастамашы болған «Таза Қазақстан» қозғалысы бүгінде бүкіл елді қамтыған қоғамдық бастамаға айналды. Республика бойынша экологиялық акциялар, тазалық шаралары, ағаш отырғызу және табиғи аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Миллиондаған азамат бұл қозғалысқа белсенді қатысып келеді. Нәтижесінде жүздеген мың тонна қоқыс жиналып, миллиондаған көшет отырғызылды. Бұл бастама қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етті.

Экология да назардан тыс қалмады

Мемлекет басшысы экология мәселесінде жеке жауапкершілік қағидатын да ерекше атап өтеді. Оның пікірінше, тазалық тек қоршаған ортада ғана емес, адамның ойы мен ниетінде де болуы тиіс. Осы ұстаным әсіресе жастар арасында үлкен қолдау тапты.

Экологиялық саясаттың тағы бір маңызды бағыты – су қауіпсіздігі. Президент тапсырмасымен елімізде 20 жаңа су қоймасын салу және кемінде 15 мың км суару каналдарын жаңарту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар Каспий мен Арал теңіздерінің экожүйесін сақтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта елімізде Қазақ Каспий теңізін зерттеу ғылыми институты құрылды. Бұл институт Каспий аймағындағы экологиялық мәселелерді зерттеп, ғылыми шешімдер ұсынумен айналысады.

Ғалымдардың болжамынша, 2100 жылға қарай Орталық Азиядағы мұздықтардың көлемі айтарлықтай азаюы мүмкін. Осыған байланысты Қазақстан халықаралық деңгейде де бастамалар көтеріп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық алаңда «Су мұнаралары серіктестігі» атты бастаманы ұсынды. Бұл бастаманың мақсаты – әлемнің ғылыми орталықтарын біріктіріп, мұздықтарды зерттеу мен қорғауға бағытталған ғылыми жұмыстарды жүйелеу.

Әлеуметтік саясат саласында да ауқымды реформалар жүргізіліп келеді. Мемлекеттік бюджетте әлеуметтік шығындардың үлесі жоғары деңгейде сақталып отыр. Мысалы, 2025 жылы әлеуметтік бағыттарға 9,3 трлн теңге бөлінді, бұл жалпы бюджет шығындарының 36,5%-ын құрайды. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау жүйесінің философиясы да өзгерді. Қазір мемлекет көмекті барынша нақты, әділ және ынталандырушы қағидаттар негізінде беруге көшіп отыр. Цифрлық жүйелер арқылы әр отбасының жағдайын нақты бағалап, көмекті ең қажет азаматтарға бағыттау мүмкіндігі артты.

Адам капиталы – басты назарда

Адам капиталына салынатын инвестициялар да айтарлықтай өсті. Соңғы жылдары білім мен ғылымға бөлінетін қаржы 5 есе, ал денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтерге бөлінетін қаражат 3,7 есе артты. Мұның нәтижесінде халықтың өмір сүру ұзақтығы да өсіп келеді. Қазір Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3 жылға көп.

Жастарды қолдау бағытында да жаңа бастамалар іске асырылды. Соның бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша Ұлттық қордың инвестициялық табысынан барлық балалардың жеке есепшотына қаражат аударылады. Бала 18 жасқа толған кезде бұл қаржыны білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады. Бағдарламаның алғашқы 3 жылында 7 млн балаға 2,5 млрд доллар қаржы есептелді.

Балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау үшін «Қазақстан балалары» атты бірыңғай мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Бұл құжат 2026–2030 жылдарға арналған және елдегі барлық балалар саясатын біріктіретін негізгі бағдарлама болады.

Білім беру саласында да маңызды өзгерістер болды. Соңғы 7 жылда Қазақстанда 1 300-ден астам жаңа мектеп салынды. Бұл мектептер жаңа стандарттарға сай жабдықталған. Апатты және үш ауысымды мектептердің саны айтарлықтай азайды. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы іске асырылды. Осы жоба аясында 2023-2025 жылдары 217 жаңа мектеп салынды.

Мұғалімдердің жағдайы да жақсарып келеді. TALIS 2024 халықаралық зерттеуіне сәйкес Қазақстан мұғалімдердің жалақысына қанағаттану деңгейі бойынша әлемдегі алғашқы 5 елдің қатарына кірді. Егер 2018 жылы мұғалімдердің тек 39%-ы ғана жалақысына қанағаттанса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 71% болды. Ал педагогтердің 95%-ы өз мамандығына қанағаттанатынын айтқан.

Денсаулық сақтау жүйесі де дамып келеді. Елде медициналық мекемелер саны 830-ға жетті, ал дәрігерлер саны 83 мыңнан асты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, Қазақстан ана өлімін азайту қарқыны бойынша әлемдегі 10 жетекші елдің қатарына кірді. Президент бастамасымен 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама аясында жыл сайын 7 000 ЭКО квотасы бөлінеді. Бағдарлама іске қосылғалы 28 мың әйел осы мүмкіндікті пайдаланды. Нәтижесінде 11 мыңнан астам сәби дүниеге келді.

Ғылым мен жоғары білім саласын дамыту да мемлекет үшін стратегиялық маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Елде ғылыми зерттеулерге бөлінетін гранттар көбейіп, зерттеу университеттері мен ғылыми орталықтарға қолдау күшейтілуде. Сонымен қатар Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің филиалдары ашылып, бірлескен білім беру бағдарламалары іске қосылуда. Бұл жастардың шетелге оқуға кетуін азайтып, халықаралық білім беру кеңістігімен байланысты күшейтеді.

Президент ғылымды өндіріс пен экономикамен байланыстыру міндетін де қойды. Ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру, университеттер жанынан ғылыми парктер мен инновациялық экожүйелер құру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту да мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. Елдің барлық өңірінде жүздеген спорт нысандары салынды және жаңартылды. Мектептер мен аулаларда мыңдаған спорт алаңдары пайда болды. Нәтижесінде тұрақты түрде спортпен айналысатын азаматтардың үлесі 45%-ға жетті.

Салық жүйесі жаңарды

Салық жүйесінде де жаңарту жүргізілді. Ұзақ уақыт бойы талқыланып келген жаңа Салық кодексі қабылданды. Бұл құжат салық жүйесін ашық әрі әділ етуге, бизнесті жасанды түрде бөлшектеу тәжірибесін азайтуға және адал бәсекелестікке жағдай жасауға бағытталған.

Сонымен бірге салық қызметі де біртіндеп жаңа модельге көшіп жатыр. Бұрын бұл жүйе көбіне бақылаушы орган ретінде жұмыс істесе, қазір сервиске негізделген тәсіл енгізілуде. Яғни салық төлеушілерге ыңғайлы жағдай жасауға басымдық беріледі. Бұл бағытта цифрлық қызметтер енгізіліп, тәуекелге негізделген бақылау жүйесі қолданылып жатыр. Сонымен қатар есеп беру процестері автоматтандырылып келеді. Мұның бәрі адал салық төлеушілерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтады.

Мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаларының бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқаруда «Заң және тәртіп» қағидатын басты ұстаным ретінде атап өтті. Бұл қағида қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық үстемдігін нығайтуға бағытталған. Соңғы жылдары құқық қорғау жүйесін жаңарту бағытында да бірқатар шаралар қабылданды. Полиция қызметінде сервистік модель енгізіліп, заманауи цифрлық технологиялар қолданылып жатыр. Сонымен қатар кадрлық әлеуетті күшейту және құқық қорғау органдары жұмысының ашықтығын арттыру жұмыстары жүргізілуде.

Цирландыруға баса мән берілді

Қазақстанда цифрландыру саласында да үлкен өзгерістер болды. 2019 жылдан бері ел цифрландырудың жаңа кезеңіне өтті. Бұрын цифрлық қызметтер тек жекелеген мемлекеттік қызметтерді қамтыса, қазір толыққанды цифрлық экожүйе қалыптасып келеді.

Бұл жүйенің маңызды элементтерінің бірі – Smart Bridge интеграциялық платформасы. Бұл платформа мемлекеттік органдар мен жеке сервистер арасында деректер алмасуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жаңа цифрлық бизнес модельдері мен финтех қызметтері пайда болуда.

Цифрландырудың тағы бір маңызды нәтижесі – мемлекеттік қызметтердің проактивті форматта ұсынылуы. Яғни кейбір қызметтер азаматтарға арнайы өтінішсіз автоматты түрде ұсыныла бастады. Цифрлық технологиялардың экономикалық тиімділігі де байқалып отыр. Олар бюджет қаражатын тиімді жұмсауға және әлеуметтік көмекті нақты адамдарға бағыттауға мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның EGDI электрондық үкімет индексінде 193 елдің ішінде 24-орында тұр. Сонымен қатар ел онлайн қызметтердің деңгейі бойынша әлемдегі алғашқы 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Цифрлық даму бағыты әрі қарай да жалғасады. Президент бастамасымен Қазақстанда Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Бұл орталық ғалымдар, стартаптар және технологиялық компаниялар үшін жаңа зерттеу алаңына айналуда.

Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Қазір Үкімет Digital Qazaqstan стратегиясын әзірлеп жатыр. Бұл құжат жасанды интеллект пен заманауи технологияларды экономиканың барлық саласына енгізуге бағытталған.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл туралы былай дейді:

«Соңғы жылдары жүргізілген реформалар Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалыптастырды. Бүгінгі таңда еліміз тарихи даму кезеңінде тұр. Қоғамда кең талқылаудан өткен жаңа Конституция жобасы дайындалды. Бұл құжат елдің болашақ дамуына бағытталған прогрессивті сипатқа ие. Онда халықтың үміті мен сұранысы көрініс тапқан. Президенттің басты мақсаты – Қазақстанның ұзақ мерзімді тұрақты дамуына берік іргетас қалыптастыру, болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз әрі гүлденген мемлекет құру», – дейді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан азаматтары елдің болашағын айқындайтын осы бастамаларды қолдап, күшті, әділетті және гүлденген Қазақстанды бірге құруға өз үлесін қосады.

Жаңғыру жылдары болды ма?

Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары елдің даму бағытын айқындайтын маңызды бастамалар көтеріп келеді. Сарапшылардың айтуынша, мемлекет басшысының негізгі басымдығы – экономиканы жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу және еңбек адамдарының рөлін арттыру. Бұл туралы грузин саясаттанушысы Васо Капанадзе Қазақстандағы реформаларға қатысты пікір білдірді.

Саясаттанушының айтуынша, президенттің халыққа Жолдауында айтылған бастамалар елдің болашақ дамуына арналған ауқымды стратегиялық көзқарасты көрсетеді.

«Қазақстан президенті халыққа Жолдауында өте маңызды мәлімдемелер жасады. Әсіресе экономиканы жаңғыртуға басымдық беру ерекше назар аударады. Бұл бағыт цифрлық трансформацияны, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын қолдауды қамтиды. Жыл сайынғы Жолдаудың басты мәні де осы. Мұның бәрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның алдағы жылдардағы дамуын терең ойлайтынын және кең ауқымды стратегиялық көзқарасқа ие екенін көрсетеді. Ол жасанды интеллектке ерекше мән беріп, алдағы үш жыл ішінде елді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойып отыр. Бұл – өте маңызды бастамалар. Президент осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынына күмән жоқ», дейді Васо Капанадзе.

Сарапшы Қазақстандағы саяси реформаларға да ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Парламент құрылымын өзгерту бастамасы елдегі мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту процесінің бір бөлігі болуы мүмкін.

«Сенатты тарату бастамасы – Қазақстан Республикасының президенті тарапынан ұсынылған өте маңызды қадам. Бұл реформа өкілді билік жүйесін түбегейлі жаңарту процесінің бір бөлігі екені анық. Сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесінде цифрландыру белсенді енгізіледі. Мұның бәрі мемлекеттік қызметкерлердің шешім қабылдау процесін жеделдетуге және басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Қазақстан азаматтары да саяси өмірге белсенді қатысуға жаңа мүмкіндіктер алады. Бұл тұрғыда «электрондық Парламент» жүйесін енгізу маңызды рөл атқарады. Ол қазіргі электрондық үкімет жүйесіне ұқсас жұмыс істейді. Президент Тоқаевтың жақында электрондық Парламентті іске қосу – жақын болашақтың мәселесі екенін атап өткені де маңызды. Бірақ шешім қабылдау процесінің жылдамдауы заңдардың сапасына кері әсер етпеуі тиіс. Президенттің осы мәселеге ерекше назар аударуы орынды. Сондай-ақ мемлекет басшысы реформалар бойынша жұмыс тобының мүшелерін сарапшылар ұсынған барлық ұсыныстарды мұқият зерттеп, бір палаталы Парламентке көшуге байланысты рәсімдерді сапалы дайындауға шақырды. Бұл – Қазақстан президенті тарапынан жасалған маңызды сигнал», дейді саясаттанушы.

Сарапшы соңғы жылдары Қазақстанда жүргізілген реформалардың ішінде ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған саясатты ерекше атап өтті. Оның пікірінше, бұл бастамалар елдің саяси және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

«Соңғы жылдардағы ең маңызды реформалардың бірі – ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған өзгерістер деп ойлаймын. Өткен жыл «Әділетті Қазақстан. Заң және тәртіп» ұранымен өтті. Бұл қазіргі саяси бағыттың басымдықтарын айқын көрсетеді. Қазақстан билігінің саясаты қоғамдағы түрлі қауіп-қатерлерге қарсы сенімді тосқауыл қоюды көздейді. Олардың қатарында есірткі саудасы, нашақорлық, құмар ойынға тәуелділік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, агрессия, вандализм және қоғам өміріндегі ысырапшылдық сияқты мәселелер бар. Соңғы жылдары Қазақстанда әлеуметтік проблемалармен күрес белсенді жүргізілді. Сондықтан ел алдында қазір одан да ауқымды жаңа міндеттердің қойылуы заңды құбылыс», дейді Васо Капанадзе.

Саясаттанушының пікірінше, президент ұсынған идеологиялық құндылықтар да азаматтық қоғамды нығайту үшін өте маңызды.

«Тоқаев ұсынған идеологиялық бағдарлар – тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық – тұрақты азаматтық қоғам қалыптастыру үшін өте өзекті. Бұл құндылықтар Қазақстанды жаңа даму кезеңіне шығаруға бағытталған стратегиялық бағдар береді. Олар елдің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тұрақты дамуына мүмкіндік ашады. Жалпы айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев – ел алдына ауқымды мақсаттар қойған реформатор. Қазақстан басшылығының қазіргі бірлігі мен үйлесімді жұмысы алға қойылған міндеттердің алдағы жылдары жүзеге асатынына сенім ұялатады», дейді саясаттанушы.

Сарапшының пікірінше, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған. Экономиканы жаңғырту, цифрландыруды дамыту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру сияқты бастамалар елдің жаңа даму кезеңіне өтуіне мүмкіндік береді.

 

 

 

 

 

Барлық жаңалық