🏛️ Саясат

Жемқорларды ұстап бергендерге 24 млн теңге берілді

Жемқорларды ұстап бергендерге 24 млн теңге берілді

2025 жылы елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс қызу жүрді. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл қорытындысын шығарып, ресми түрде мәлімдеді. Айтылған сандарға қарасаң, бір жылдың өзінде атқарылған шаруа аз емес.

Өткен жылы Қазақстанда 895 сыбайлас жемқорлық дерегі анықталған. Осы фактілердің негізінде 1052 қылмыстық іс қозғалған. Тергеу олардың 969-ы бойынша аяқталып, 860 іс сотқа жолданған. Яғни, көп жағдай жабулы қазан күйінде қалмаған, нақты шешім қабылданған.

ҰҚК мәліметінше, анықталған қылмыстардың негізгі бөлігі бұрынғыдай пара алу мен бюджет қаражатын жымқыруға қатысты. Мемлекеттік қызметті пайдаланып, заңсыз табыс тапқандар саны азаймай тұрғанын осыдан-ақ байқауға болады.

Құқық қорғау органдарының жұмысы тек қылмысты ашумен шектелмеген. Тергеу барысында мемлекетке келтірілген шығынды қайтару мәселесі де қаралған. Соның нәтижесінде бюджетке 16,1 млрд теңге қайтарылған. Сонымен қатар, пара алған және бюджет қаржысын жымқырған тұлғалардың жалпы құны 3,3 млрд теңге болатын мүлкіне тыйым салынған.

Ең қызығы – жемқорлық туралы хабар берген азаматтар да назардан тыс қалмапты. 2025 жылы осындай деректерді жеткізген 61 адамға ақшалай сыйақы төленген. Жалпы төленген сома – 24,2 млн теңге.

Антикоррупциялық саясатты күшейту үшін елде халықаралық ұсыныстар да кезең-кезеңімен енгізіле бастады.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек ішкі шаралармен шектелмей, халықаралық тәжірибеге негізделіп жүргізіліп жатыр. Осы тақырып арнайы жиында талқыланды. Мемлекет басшысы жанындағы комиссияның кезекті отырысы Ерлан Кариннің төрағалығымен өтті.

Жиын барысында Қазақстанның жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша Стамбұл жоспары аясындағы 5-ші раунд мониторингін орындау мәселесі қаралды. Бұл жұмыс Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы шеңберінде жүзеге асырылады. Яғни, елдегі заңдар мен тәжірибе халықаралық талаптармен салыстырылып, нақты бағаланады.

Отырыста бірнеше мемлекеттік орган басшылары баяндама жасады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Бас прокурор Берік Асылов, Қаржы министрі Мәди Такиев және Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Олар халықаралық озық тәжірибені Қазақстанның құқық қолдану жүйесіне қалай енгізіп жатқанын түсіндірді.

Бүгінде осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – заңнаманы жаңарту. Қазір Парламент Мәжілісінің қарауына ұлттық антикоррупциялық заңнаманы жетілдіруге арналған заң жобасы енгізілген. Бұл құжат жемқорлықпен күрес тетіктерін күшейтуге бағытталған.

Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару, қызмет пен кәсіпті қатар алып жүру мәселесі нақты реттелді.

Қазақстанда жемқорлыққа қарсы заңнамаға қатысты маңызды өзгерістер күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды. Бұл құжатта заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару және Конституциялық сот шешімдерін орындау мәселелері қамтылған.

Ресми хабарламада заңның атауы да нақты көрсетілген. Ол – Қазақстан Республикасының Конституциялық сотының шешімдерін орындау және мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң.

Жаңа заң бір ғана саламен шектелмейді. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет, заңсыз алынған активтерді қайтару, жер пайдалану құқығын мұраға қалдыру және алимент міндеттемелерін орындау тәртібі сияқты бірнеше бағыт қамтылған.

Маңызды жаңалықтың бірі – мемлекеттік функцияларды атқаратын адамдарға теңестірілген тұлғаларға қатысты. Бұған дейін олар үшін кәсіпкерлікпен және басқа да ақылы қызметпен айналысуға жалпы тыйым салынған еді. Енді бұл шектеу алынып тасталады. Бірақ бұл бәріне бірдей рұқсат деген сөз емес.

Заңда кейбір санаттар үшін бұрынғы шектеулер сақталып қалды. Атап айтқанда, кәсіби тұрақты негізде жұмыс істейтін аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлері, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым қызметкерлері бұл мүмкіндікті пайдалана алмайды. Сонымен бірге ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың басқарушы құрамына да шектеу бар.

Бұдан бөлек, заңда кәсіпкерлік қызметке қашан жол берілмейтіні нақты жазылған. Егер қосымша жұмыс негізгі қызметті атқаруға кедергі келтірсе, қызметтік мүлік пайдаланылса немесе мүдделер қақтығысы туындаса – мұндай қызметке тыйым салынады.

Айта кету керек, 4 желтоқсан 2025 жылы Сенат депутаттары әкімшілік әділет, нормашығармашылық және заң көмегін ұйымдастыру мәселелеріне қатысты түзетулерді де 2-ші оқылымда қабылдаған. Бұл өзгерістер де құқықтық жүйені нақтылау мен тәртіпке келтіруге бағытталған.

 

Барлық жаңалық