📰 Сарапшылар пікірі

Жеке кәсіпкерлікті (ИП) қалай жабамыз?

Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті (ИП) ашу бұрынғыдан да жеңіл – кез келген адам үйінде отырып, телефонындағы банктік қосымшамен небәрі 1-2 минутта кәсібін бастай алады. Алайда кәсібін жабуға келгенде көпшіліктің ойы мен әрекеті қақ жарылып жатады. Бірі кәсіпкерлікті жабу да сондай оңай болар деп ойласа, енді бірі ресми өтініш берсе болды, бәрі артта қалды деп есептейді. Ал шын мәнінде, ИП жабу – нақты заң талаптары мен әкімшілік рәсімдерді талап ететін күрделі, әрі жауапкершілігі мол үдеріс. Бұл туралы кәсіби бухгалтер, салық саласының кеңесшісі Балжан Бақытқалиқызы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді, деп сараптайды Ozgeris.info.

Сарапшының айтуынша, көпшілік кәсіпкер ИП жабу туралы өтінішті бірден беруге асығып, оның алдындағы маңызды кезеңдерді ескерусіз қалдырады. Бұл кейін түрлі әкімшілік қиындықтарға, тіпті жеке шоттардың бұғатталуына, қосымша өсімпұлдарға немесе қарызға ұрындыруы мүмкін. 

– ИП жабу барысында кәсіпкер мынандай ретпен әрекет етуі керек. Ең алдымен, ЭЦҚ арқылы kgd.gov.kz сайтындағы салық төлеуші кабинетіне кіріп, барлық қарыздарды – салық, әлеуметтік төлем, міндетті зейнетақы жарналары мен өсімпұлдарды тексеру қажет. Егер қандай да бір берешек бар болса, ИП жабу туралы өтініш қабылданбайды немесе болашақта мәселе туындауы мүмкін. Сарапшының айтуынша, салық жүйесінде мәліметтер жиі кешігіп жаңартылады. Сондықтан бүгін жабылған кәсіпкерліктің өсімпұлы келесі жылы шығып, кәсіпкердің жеке есепшотына бұғат қойылуы әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде адамның барлық банктік операцияларын шектейді, – дейді Балжан. 

ИП жабуға дайындықтың екінші маңызды қадамы – барлық салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеу. Көп кәсіпкер жабылатын ай үшін салық төлеуді ұмытып кетеді. Бірақ салықтық жүйе бойынша ИП жабылғанға дейінгі ай толыққанды салықтық кезең ретінде есептеледі. Сондықтан бұл міндетті орындау өте маңызды.

Үшінші мәселе – егер кәсіпкердің жалдамалы жұмысшылары болса, оларды заңмен жұмыстан шығарып, enbek.kz порталы арқылы барлық еңбек шарттарының тоқтатылғанын тіркеу қажет. Бұл тек жұмыс берушінің емес, жұмыскердің де құқықтарын қорғауға қажет. Себебі қазір еңбек өтілі толық цифрландырылған. Егер жұмыстан шығару көрсетілмесе, жұмысшы жаңа жұмыс орнына еңбек шартын тіркей алмай қалады.

Сарапшының айтуынша, келісімшарттар мен кәсіп аясындағы қаржылық міндеттемелер де ИП жабылғанға дейін толық орындалуы тиіс.

– Кейде кәсіпкерлер клиенттерден төлем күтіп тұрып, жеткізушілерге қарызын жауып үлгермей жатады. Ал бұл кезде ИП жабылса, барлық қаржылық міндеттемелер кәсіпкердің жеке тұлғасы ретінде артынан ереді. Себебі ЖСН бір, дара кәсіпкердің өзі жауапты, – дейді Балжан.

Егер кәсіпкер ҚҚС төлеуші ретінде тіркелсе, қосымша рәсімдер бар. Мысалы, 300.00 формасындағы салық есептілігін «ликвидациялық» белгісімен тапсырып, ҚҚС бойынша есептен шығу туралы өтініш беру керек. Алайда бұл өтінім салық төлеуші кабинетінде техникалық себептерге байланысты қабылданбайды. Сол себепті өтінішті e-otinish порталы арқылы тапсыру керек. Бұл – жиі ескерілмейтін, бірақ міндетті кезең.

– 2025 жылдан бастап ККМ (онлайн-касса) аппараттарын да тек провайдер сайтынан емес, е-өтініш порталы арқылы ресми хатпен тіркеуден шығару қажет. Бұл да салық бақылауына ілінбес үшін жасалуы тиіс әрекет. Банк шотын жабу да – міндетті. ИП жабылғаннан кейін кәсіпкердің шоты автоматты түрде жабылмайды. Кей кәсіпкерлер шотты жаппай, бұрынғыдай ақша қабылдай береді. Бұл – үлкен заң бұзушылық. Салық органдары мұны заңсыз кәсіпкерлік деп тануы мүмкін. Сондықтан кәсіпкер шоттарды да ресми түрде жапқаны дұрыс, – дейді сарапшы.

Енді жалпыға бірдей тәртіппен ИП жабу мәселесіне келейік. Бұл жолмен жұмыс істейтін кәсіпкерлер міндетті түрде салық органдарының тексеруінен өтуі тиіс. Салық кодексіне сәйкес, бұл үшін ҚҚС бойынша есеп (егер төлеуші болса), тарату (ликвидациялық) есебі және тексеруге өтініш тапсыру қажет. Өтініш берілгеннен кейін 20 жұмыс күні ішінде тексеру басталып, 30 жұмыс күні ішінде аяқталуы тиіс. Кей жағдайда бұл мерзім 60-180 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Тексеру нәтижесінде кәсіпкер тексеру актісін, егер қажет болса қосымша есептер мен салық хабарламаларын алады. Егер кәсіпкер бұл нәтижемен келіссе, 25 жұмыс күні ішінде салық органдарына өтініш пен барлық қарыздардың өтелгенін растайтын құжат жіберу қажет. Келіспеген жағдайда шағым түсіруге болады. Бірақ ИП жабу шағым қаралғанша тоқтатылады.

– Ал енді жеңілдетілген тәртіппен ИП жабу жолына келсек, бұл жол тек ҚҚС төлеуші емес, бірлескен кәсіпкерлік жүргізбейтін, салықтық берешегі жоқ және салық тәуекел аймағына енбейтін кәсіпкерлер үшін қолжетімді. Мұндай жағдайда тек қызметті тоқтату туралы өтініш пен ликвидациялық есеп тапсыру жеткілікті. Егер барлық талаптар сақталса, ИП 7–14 күн ішінде ешқандай тексерусіз жабылады. ИП жабылғаны туралы ақпаратты бірнеше әдіспен тексеруге болады. Мысалы, cabinet.kgd.gov.kz сайтында тіркеу бөліміне кіріп, ИП статусы көрсетіледі. Немесе kgd.gov.kz сайтындағы салық төлеушілер реестрінен ИИН енгізу арқылы қарап көруге болады. Бұдан бөлек e-Salyq Azamat қосымшасы арқылы да статусты анықтау оңай, – деді сарапшы. 

Салық кеңесшісі кәсіпкерлерді басты қауіптің бірі – ИП-ның қарызы жеке шоттарға әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Егер ИП жабылса, бірақ есепшотта қарыз бар болса, салық органдары кәсіпкердің жеке шоттарынан ақша алуға құқылы. Кейде олар тіпті кәсіпкерлікке қатысы жоқ шоттарды да бұғаттап жібереді. 

– Егер есепшотта ақша болмаса, салық органдары келесі қадамға өтеді қарызды борышкерлер арқылы өндіріп алу. Бұл дегеніміз сізге біреу қарыз болса, тіпті оның мерзімі әлі келмесе де, салық органдары ол соманы алып қоюы мүмкін. Ал ары қарай мүлікті бұғаттап, сату процесі басталады. Мұндай жағдайда салық органдары сот орындаушысын тартпай-ақ аукцион өткізе алады. Жалғыз баспана, тұрмыстық техника, балалар киімі, мүгедекке арналған көлік және басқа өмірлік қажеттіліктерге арналған мүлік түрлері бұғатталмайды. Бірақ қалғанының бәрі аукционға шығарылады, – дейді сарапшы. 

 

Барлық жаңалық