Жаңалықтар

Жаслан Мадиев жаңа министр болып тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Хасенұлы Мадиев ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Ақордаға сілтеме жасап. Бұған дейін ол цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін басқарған.

 

Жаслан Мадиев 1983 жылғы 13 маусымда Алматыда дүниеге келген. Массачусетс технологиялық институтын (MIT), Колумбия университетін және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды тәмамдаған. Еңбек жолын 2007 жылы Лондонда инвестициялық банктің бағалы қағаздар мен облигациялар саудасы бөлімінде трейдер ретінде бастаған.

 

Әр жылдары Президент Әкімшілігінің стратегиялық зерттеулер орталығында сарапшы, «Самұрық-Қазына» қорының қазынашылық департаментінің директоры, «Kazyna Capital Management» АҚ мен «Қазақстан Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Ұлттық банктің монетарлық операциялар және активтерді басқару бойынша басшылық лауазымдарында, Премьер-министрдің кеңесшісі әрі «ҚТЖ» ұлттық компаниясының құрылымында жұмыс істеді.

 

2020–2022 жылдары Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары болды. Кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі қызметін атқарды. 2022–2024 жылдары Binance Kazakhstan компаниясының бас менеджері болып еңбек етті.

 

2024 жылдың мамырынан бастап Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарып келген. Енді ол жасанды интеллект пен цифрлық дамуды үйлестіруді жаңа деңгейде жалғастырады.

Барлық жаңалық