Спорт

“Алтын доп” кімге бұйырады? Мундиальдан кейінгі басты фавориттер кім?

“Алтын доп” кімге бұйырады? Мундиальдан кейінгі басты фавориттер кім?

2026 жылғы футболдан әлем кубогі аяқталған соң, жылдың ең беделді жеке марапаты – «Алтын доп» (Ballon d’Or) үшін талас бұрынғыдан да қыза түсті. Испанияның әлем чемпионы атануы жарыстың басты фавориттерінің қатарын өзгертіп, бірнеше футболшының мүмкіндігін айтарлықтай арттырды. Қазір әлемдік сарапшылардың пікірінше, басты үміткерлер – Ламиня Ямаль, Харри Кейн, Родри, Килиан Мбаппе, Лионель Месси.

Ламин Ямаль – Испания құрамасымен әлем чемпионы атанды. Клубтық деңгейде де сәтті маусым өткізіп, шешуші ойындарда көшбасшылық қасиетін көрсетті.

Харри Кейн – маусым бойы ең көп гол соққан футболшылардың бірі. Англия құрамасын әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жеткізіп, жеке статистикасы бойынша алдыңғы қатарда тұр. Алайда мундиаль кезінде Беллингемнің ойыны жүріп, командасын алға сүйреді.

Родри – Испанияның ойын тізгінін ұстаған жартылай қорғаушы. Турнирдің ең үздік ойыншысы атанып, әлем чемпионы атануына зор үлес қосты. Алайда бірде бір нәтижелі пас бермей, гол соқпаған ойыншы жылдың басты жеке жүлдесіне таласа ала ма?

Килиан Мбаппе – Франция чемпион атанбаса да, турнирдің үздік сұрмергені болды. Мессидің рекордын бұзып, бүл доданың ғана емес, жалпы әлем кубогі тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. Еншісінде – 7 гол. Клубтағы жоғары деңгейдегі ойыны да оның үміткерлер қатарында қалуына мүмкіндік беріп отыр.

Лионель Месси – Аргентинаны тағы бір мәрте әлем чемпионатының финалына шығарды. Алайда финалдағы жеңіліс оның мүмкіндігін біршама төмендетуі ықтимал. Статистикаға сүйенсек, Аргентина құрамасы Ди Мариясыз өткен финалдарда сүрінеді. Спорт сарапшылары Анхелді нағыз финалдың ойыншысы екенін жиі айтады. Осы жолы Мессиге Ди Мария жетіспеді ме?

Бұл тізімге Кварацхелия, Олисе, Мендешті қосуға болады. Бірақ мұндай футболшылар жарнамасы мықты ойыншылардың тасасында қалып қойып жатады.

«Алтын доп» қалай анықталады?

Көпшілік бұл жүлде тек гол санына беріледі деп ойлайды. Алайда қазіргі таңда France Footballүш негізгі критерийге сүйенеді. Таңдау барысында футболшының жеке көрсеткіші (гол, нәтижелі пас, ойынға ықпалы), командалық жетістігі (ұлттық чемпионат, Чемпиондар лигасы, Әлем чемпионаты және басқа турнирлер), ойыншының спорттық әдебі мен тұрақты деңгейін де бағалайды.

Әлем кубогі қаншалықты маңызды?

Әлем кубогі – төрт жылда бір өтетін ең беделді турнир. Сондықтан мұндағы ойыншылардың көрсеткіші «Алтын доп» иегерін анықтауда үлкен рөл атқарады. Бұған дейін Фабио Каннаваро (2006), Лука Модрич (2018) және Лионель Месси (2022) әлем чемпионатынан кейін осы жүлдені иеленген болатын. Алайда 2010 жылы қалай бағаланғаны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалды.

Жартылай қорғаушылар дәуірі басталды ма?

Соңғы жылдары футболда тек шабуылшылар емес, ойынды ұйымдастыратын жартылай қорғаушылардың да бағасы артты. Лука Модрич пен Родридің жеңістері бұған дәлел. Демек, қазіргі футболда «Алтын допты» тек көп гол соққан ойыншы емес, командасының табысына шешуші үлес қосқан кез келген футболшы жеңіп алуы мүмкін. Криштиану Роналду мен Лионель Месси дәуірінде жартылай қорғаушыларға таласқа түсу қиын болды. Модричке дейін Кака ғана ұтты. Футбол үлкени өзгеріске ұшырауда. Осыған дейін қос мықтының көлеңкесінде қалған ойыншылардың алаңдағы допсыз әрекеттері де жоғары бағаланып келеді.

Отандық спорт сарапшылары мен футбол жанкүйерлері не дейді?

Белгілі спорт сарапшысы, журналист Тұрар Ғабдрашитұлы былай дейді: «2026 жылғы «Алтын доп» соңғы жылдардағы ең тартысты дода болғалы тұр. Бір жағында – әлем чемпионы Испанияның көшбасшылары Ямаль мен Родри, екінші жағында – гол машинасы Харри Кейн, тұрақты деңгейдегі Килиан Мбаппе және Аргентинаны тағы да финалға жеткізген Лионель Месси. Биыл жеңімпазды тек гол саны емес, маусым бойғы тұрақтылық, командалық жетістік және әлем чемпионатындағы шешуші сәттер анықтауы әбден мүмкін. Ал менің фаворитім – Ламин Ямаль.

Тағы бір спорт журналисі, комментатор Фархат Қаналы алғашқы үштікте Родри, Мбаппе, Месси болуы ықтимал дейді. Сондай-ақ Испанияның кез-келген ойыншысы алып кетуі мүмкін екенін айтты.

Бұл тізімге әлі талай ойыншыларды қосуға болады. Ал жүлде – біреу. Сондықтан биылғы «Алтын доп» иесінің есімі марапат табысталған сәтке дейін футбол әлеміндегі ең үлкен интригалардың бірі боп қала бермек. Ал сіздің фаворитіңіз кім?

Барлық жаңалық