🤖 Digital

Жасанды интеллект жұмыссыз қалдыра ма?

Жасанды интеллект жұмыссыз қалдыра ма?

Жасанды интеллектінің (ЖИ) жедел дамуы әлемдік экономиканың құрылымына ғана емес, еңбек нарығының табиғатына да түбегейлі өзгеріс әкеліп отыр. Бүгінде бұл технологияға қатысты негізгі сұрақтардың бірі – оның жұмыс орындарына ықпалы. Қоғамда «жасанды интеллект адамды жұмыссыз қалдыра ма?» деген алаңдаушылық күшейгенімен, мәселені тек қарапайым қысқарту немесе жойылу тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз, деп саралайды  Ozgeris.info.

Себебі қазіргі кезеңде жүріп жатқан үдеріс – жұмыс орындарының жаппай жойылуы емес, олардың мазмұндық, функционалдық және құрылымдық трансформациясы. Жалпы, жасанды интеллект ең алдымен қайталанатын, алгоритмдеуге бейім және стандартталған міндеттерді автоматтандыру арқылы еңбек мазмұнын өзгертуде. Бұл үдеріс бір жағынан кейбір қызмет түрлерінің қысқаруына алып келсе, екінші жағынан жаңа дағдылар мен жаңа мамандықтарға сұранысты арттыруда. Халықаралық бағалаулар бойынша алдағы жылдары еңбек нарығында күрделі қайта бөлініс жүріп, жаңа рөлдер қалыптасады.

 Яғни, мәселе «жұмыс бар ма, жоқ па?» деген сұрақта емес, «қандай жұмыс қалады және ол қандай талап қояды?» деген сауалға тіреліп отыр.

Қазақстанда да бұл үдеріс нақты сипат ала бастады. 2026 жылғы 20 сәуірде «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қоғамдық кеңесінде «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин жасанды интеллектті енгізу және оның еңбек нарығына ықпалы туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, цифрлық компания үшін ЖИ технологияларын қолданбау мүмкін емес.

 «Біз өзіміз жасанды интеллектті сатамыз, сондықтан оны өзімізде қолданбау мүмкін емес. Осыған байланысты бізде ЖИ-ді енгізудің үш жылдық стратегиясы бар. Нақты пайызын қазір айта алмаймын, бірақ ол кейбір жұмыстарда адамды алмастыра алады. Мысалы, колл-орталық операторларының жұмысында», деді ол.

Бұл мәлімдеме декларативті сипатта емес, нақты өндірістік шешімдермен бекітілген. Қазіргі таңда 230 оператор жұмыс істейтін колл-орталықта жасанды интеллект жүйелері мен роботтандырылған шешімдер қызметкерлердің елеулі бөлігін алмастыруы ықтимал. Ең маңыздысы – бұл өзгеріс ұзақмерзімді перспективаға емес, ағымдағы кезеңге тән. Сонымен қатар жасанды интеллект агенттері заңгерлік қызметте, кадрлық басқаруда және бухгалтерлік есеп жүргізуде енгізіліп жатыр. Бұл ЖИ-дің тек техникалық салада емес, институционалдық және басқарушылық процестерге де еніп жатқанын көрсетеді. Бағдат Мусин технологиялық трансформацияның әлеуметтік салдарын да назардан тыс қалдырмайды.

«Технологияларды енгізу әлеуметтік мәселелер туғызуы мүмкін, алайда компанияның бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін жасанды интеллектті қолдану – қажетті қадам», деді ол.

Қоғамдық кеңес отырысында құрылымдық жұмыссыздық мәселесі де кеңінен талқыланды. Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект енгізілген жағдайда еңбек нарығында белгілі бір қайта бөлініс орын алады.

Picture background

Егер жасанды интеллектті қолдану құрылымдық жұмыссыздыққа әкеледі деп айтсақ, ол міндетті түрде бұрын кең көлемде қол еңбегі қолданылған салаларда пайда болады. Бұл процестердің автоматтандырылуы құрылымдық жұмыссыздыққа әкелетіні сөзсіз. Алайда компанияның дамуы басқа мамандарға сұранысты қалыптастырады. ЖИ негізінен төмен білікті, қайталанатын жұмыстардың қысқаруына әсер етеді, ал бұл ретте жаңа деңгейдегі мамандар қажет болады», деген тұжырым еңбек нарығының эволюциялық сипатын дәл көрсетеді.

Бұл құбылыс жаһандық деңгейде де байқалады. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, ең үлкен қысым стандартталған міндеттерді орындайтын мамандықтарға түседі.

Павел Смеловтың айтуынша, «алдағы жылдары колл-орталық операторлары, бастапқы деңгейдегі бухгалтерлер, банк қызметкерлері, кассирлер, мәтінмен жұмыс істейтін мамандар мен аудармашылар айтарлықтай трансформацияға ұшырайды».

Бұл – жасанды интеллекттің ең алдымен бастапқы деңгейдегі, қайталанатын қызметтерді автоматтандыруға бағытталғанын білдіреді. Алайда жасанды интеллекттің мүмкіндігін абсолюттендіруге болмайды. Соңғы ғылыми зерттеулер күрделі міндеттерде алгоритмдердің шектеулі екенін көрсетті. Атап айтқанда, RealChart2Code зерттеуінде деректерді визуализациялау күрделенген сайын ЖИ жүйелерінің дәлдігі екі есеге дейін төмендейтіні анықталған. Бұл зерттеу нақты деректер жиынтықтарына негізделіп, күрделі аналитикалық тапсырмаларда алгоритмдердің жиі қателесетінін, кей жағдайда жалған нәтижелер шығаратынын көрсетті. Демек, жасанды интеллект әмбебап шешім емес, ол тек белгілі бір шеңберде тиімді құрал ретінде қарастырылуы тиіс.

Сондықтан барлық мамандықтардың жойылуы туралы болжамдар негізсіз. Керісінше, еңбек нарығы жаңа тепе-теңдікке келеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, медицина, білім беру, әлеуметтік қызмет, психология, сондай-ақ жоғары жауапкершілікті талап ететін техникалық салаларда адам рөлі сақталады. Бұл салаларда эмоциялық интеллект, тәжірибе, интуиция және жауапкершілік шешуші фактор болып қала береді.

Сонымен қатар жасанды интеллект шығармашылық және стратегиялық ойлауды толық алмастыра алмайды. Ол есептеуді жеделдеткенімен, жаңа идея қалыптастыру, бағыт анықтау және күрделі шешім қабылдау сияқты функциялар адамға тән. Сондықтан ЖИ-ді толық алмастырушы емес, адамның интеллектуалдық мүмкіндігін күшейтетін құрал ретінде қарастыру ғылыми тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да негізделген.

Picture background

Бұл жерде халықаралық ғылыми ортада кеңінен талқыланып жүрген «skills-biased technological change» концепциясы ерекше мәнге ие. Яғни технологиялық даму жоғары білікті қызметкерлердің мүмкіндігін арттырып, төмен білікті топтарға қысым түсіреді. Бұл еңбек нарығында теңсіздік тәуекелін күшейтеді. Сондықтан жасанды интеллект тек технологиялық емес, әлеуметтік-экономикалық фактор ретінде де қарастырылуы тиіс.

MIT экономисі Дэвид Аутор бұл үдерісті былай түсіндіреді: «Мәселе жұмыссыздықта емес, адамдардың ЖИ-мен бірге жұмыс істеуге бейімделуінде». Ал Дарон Аджемоғлы технологияның ықпалын асыра бағаламауға шақырып, нақты экономикалық тиімділік тек нақты қолдану саласында ғана көрінетінін айтады. Бұл көзқарас жасанды интеллектке қатысты рационалды саясат қалыптастыру үшін маңызды.

Бизнес тәжірибесі де осы тұжырымды растайды. McKinsey зерттеулеріне сәйкес, жасанды интеллекттен нақты нәтиже алу үшін тек технология енгізу жеткіліксіз. Компаниялар жұмыс процестерін қайта құрып, басқару модельдерін өзгертіп, кадрларды қайта даярлауы қажет. Яғни ЖИ өнімділікті өздігінен арттырмайды, ол тек дұрыс ұйымдастырылған жүйеде ғана тиімді жұмыс істейді.

Жалпы алғанда, еңбек нарығында қатар жүріп жатқан екі негізгі үдерісті бөліп көрсетуге болады: автоматтандыру және толықтыру. Біріншісі – қайталанатын жұмыстардың қысқаруы, екіншісі – адамның жұмысын тиімді ету. Осы екі бағыттың тоғысында жаңа еңбек моделі қалыптасып жатыр.

Picture background

Бұл өзгерістердің әлеуметтік салдары да айқын. Егер мемлекет пен қоғам бұл трансформацияға дайын болмаса, табыс теңсіздігі тереңдеуі мүмкін. Себебі технология ең алдымен жоғары білікті және цифрлық дағдылары бар топтарға пайда әкеледі. Сондықтан қайта даярлау, білім беру жүйесін жаңғырту және өмір бойы білім алу қағидатын енгізу – стратегиялық міндетке айналып отыр.

Қорытындылай айтқанда, жасанды интеллект жұмыссыздықты жаппай арттыратын фактор емес. Бірақ ол еңбек нарығын түбегейлі өзгертетін күшке айналып отыр. Кейбір қызметтер қысқарады, кейбірі трансформацияланады, ал жаңа мамандықтар пайда болады. Ең басты өзгеріс – адамның өзінде. Енді еңбек нарығында табысқа жету үшін бір ғана мамандық жеткіліксіз. Басты талап бейімделу, үздіксіз оқу және жаңа технологиялармен жұмыс істей алу.

Барлық жаңалық