📰 Сарапшылар пікірі

Жаңа салық кодексі: кәсіпкерлер не күтеді?

Еліміз жаңа жылға жаңа салық ережелерімен қадам басқалы отыр. Сарапшылар бұл өзгерістердің экономиканың көп саласына әсер ететінін айтады. Бір жағында бәсекені арттыруға бағытталған түзетулер бар, ал екінші жағында табысы төмендеген салалар бұл реформаның ауыртпалығын сезе бастайды, деп жазады Ozgeris.info.

2026 жылдан бастап жаңа салық кодексі күшіне енеді. Экономист Ғалым Құсайыновтың айтуынша, кодекс ең алдымен артық жеңілдіктерді қысқартып, кәсіпкерлер арасындағы бәсекені реттеуге бағытталған. Десе де жеңілдіктердің көп болуы экономикаға пайдадан гөрі зиян әкеледі.

«Мен бизнеске шынайы пайда бермейтін, тек кейбір компанияларды салықтан айналып өтуге итермелейтін жеңілдіктерге қарсымын. Мұндай механизмдер жеке кәсіпкерлерге уақытша мүмкіндік бергенімен, бүкіл салаға ұзақ мерзімде зиян келтіреді. Жаңа салық кодексі осы тепе теңдікті қалпына келтіреді. Бұл бәсекені ашып, нағыз орта және ірі компанияларды көбейтеді», дейді ол.

Жаңа кодекстің ең үлкен өзгерісі – қосылған құн салығының 16% деңгейіне дейін көтерілуі. Құсайынов мұны уақыт талабы деп бағалайды. Экономикадағы тапшылық бірнеше жыл бойы жиналып келген.

«Қосылған құн салығын көтеру – таңдау емес, қажеттілік. Бюджеттегі тапшылықты қысқа мерзімде жапудың жалғыз жолы осы болды. Республикалық бюджетте 5 триллион теңге тапшылық болса, шығындарды қысқарту арқылы оның тек 500 миллиард теңгесін ғана жапа аласыз. Бұл сандар бір бірімен салыстыруға келмейді», деп түсіндіреді экономист.

Дегенмен өзгерістің бәрі бірдей оңай қабылданбайды. Сарапшының пікірінше, салық реформасы құрылыс саласына едәуір салмақ түсіреді. Себебі 2026 жылдан бастап жаңа тұрғын үйге қосылған құн салығы салынады. Құрылысы 2026 жылы басталған барлық пәтер осы талапқа кірмек. Ел нақты әсерін 2027 жылы сезінеді, өйткені дәл сол уақытта нарыққа жаңа жүйемен салынған үйлер шығады.

Сарапшы бұл мәселенің әлемде әртүрлі шешімдері бар екенін айтады. Бір елдерде тұрғын үйге төмен мөлшерлеме қолданылады, кейбірінде мүлде қосылған құн салығы салынбайды, енді бірінде инфрақұрылымдық алымдар алынады. Қазақстанда да осы бағытты тереңірек қарастыру қажет. Себебі жеңілдіктері алынған шағын бизнес құрылыс компанияларына негізгі қызмет көрсетушілердің қатарында еді.

Жаңа жүйе құрылыс компанияларының табысына тікелей әсер етеді. Қарапайым мысалға жүгінсек, бастапқы нарықта бір шаршы метр 500 мың теңге тұрсын, оның 400 мың теңгесі шығын деп алайық. Осы шығынның 300 мың теңгесінде қосылған құн салығы бар. Қазіргі жүйеде компания 100 мың теңге табыс табады, ал корпоративтік табыс салығынан кейін шамамен 80 мың теңге қалады. Жаңа жүйеде табыс айтарлықтай төмендейді. Ғалым Құсайынов былай деп түсіндіреді:

«Жаңа есептеулер бойынша шаршы метрдің таза бағасы 420 мың теңге болады, ал шығын 352 мың теңгеге дейін түседі. Осылайша компанияның табысы 68 мың теңгеге дейін азаяды. Салықтан кейін 54,4 мың теңге ғана қалады. Яғни, табыс 32% төмендейді. Мұндай құлдырауды құрылыс саласы оңай көтере алмайды. Бұдан кейін компаниялар бағаны өсіруге тырысады, бірақ сұраныс оған мүмкіндік бере бермейді», дейді ол.

Бұл жағдай әсіресе өңірлерге ауыр тиуі мүмкін. Қазірдің өзінде ірі қалаларда рентабельдік жоғары, ал шағын қалалардағы құрылыс компаниялары табыстың шегінде жұмыс істеп жүр. Жаңа талап шығынды көбейтсе, өңірлерде құрылыс бәсеңдеп, керісінше жеке үй салу мен өз бетімен құрылыс жасау көбейеді. Сонымен бірге екінші нарықтағы бағалар да өсуі мүмкін.

Сарапшы осы мәселені тереңірек талқылау қажеттігін ескертеді. Ол бұл өзгерістің урбанизация қарқынына әсер етуі мүмкін деген пікірде. Айтуынша, өңірлердің дамуы үшін құрылыс саласының тұрақты болуы өте маңызды.

Барлық жаңалық