Алматы маңындағы тауларда қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Адасып, жарақат алғандар көбейді. Тіпті қаза тапқандар да бар. Құтқару қызметі үздіксіз жұмыс жасауда. Қауіпсіздік мәселесіне кім жауапты? Билік пе, әлде жауапкершілік адамның мойнында ма? Ozgeris.info тілшісі мамандармен сұқбаттасып, тақырыпты зерттеп көрді.
Көктемде Алма-Арасан шатқалында таудан тас құлап, 20 жастағы қыз қаза тапты. Тастың құлауына толассыз жауған жауын себеп болған. Осы оқиғадан кейін саясаттанушы Талғат Қалиев бірнеше маңызды сұрақ көтерді.
«Неліктен туристік жолдарда көмек шақыруға арналған арнайы құрылғылар қарастырылмаған? Мысалы, стационарлық телефон, тым болмаса SOS батырмалары орнатылмайды? Шетелдік туристерді қалай тартпақпыз? Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырмыз», - деді ол.

Тауға шығатын тәжірибелі мамандардың пікірінше, мәселе тек инфрақұрылыммен ғана шешілмейді. Мысалы, «Dem Al» хайкинг мектебінің негізін қалаушы Вадим Шкляр «Курсив» басылымына берген сұхбатында:
«Таулар әрдайым қауіпті. Қауіпсіздік бірінші кезекте адамның өзіне байланысты», – деген.
Оның пікірінше, ең алдымен тауға шығатын адам өзі дайын болуы керек.
«Одан кейін, елде туристік клубтарды қайта жандандыру керек. Адамдарды тауда дұрыс жүріп-тұруға үйрету, жорық мәдениетін қалыптастыру қажет. Тек тәжірибе, білім мен физикалық дайындық қана қауіп-қатерді азайта алады», - дейді маман.
Белгілі саяхатшы әрі аутдор тақырыбындағы блогер Александр Габченконың айтуынша, қазір тауда инфрақұрылым жақсы дамыған. Десе де, қауіпсіздік көп жағдайда оған байланысты бола бермейді.
«Адам тауға шыққанда жайлы өмір сүру ортасынан шығып бара жатқанын түсінуі керек. Тау ол саябақ немесе ойын-сауық орны емес. Тау– адам үшін қауіп-қатері көп, табиғи, жабайы орта. Адамдар осы ақиқатты түсіне бермейді. Одан бөлек, олар жиі өз күшін асыра бағалап, немқұрайлықпен шешім қабылдайды. Ауа райы болжамын елемейді. Осындай қарым-қатынас қайғылы жағдайға әкеледі», - дейді ол.
Жоғарыда аталған жалғыз қайғылы оқиға емес. Айта кетейік, 27 шілде күні 20 жасар жігіт Алматы тауларында жоғалып кеткен еді. Аты-жөні аталмаған жас жігітті іздеу жұмыстары сол күні түнде 4147 метрлік Жастар шыңы аумағында басталған. Құтқарушылар Мыңжылқыға көтеріліп, Жастар шыңына қарай жаяу көтерілген. Жастар, Титова және Т1 шыңдары тексерілген. 29 шілдеде "Жастар" шыңында жоғалған адамның денесі табылды. Құтқарушылар мұзды беткейге шығып-түсу үшін бес сағат уақыт жұмсаған.




Бұдан бұрын да 18 жастағы студент жоғалып кетіп, 10 күннен кейін денесі табылған еді. Ал жарақат алып, құтқарушылардың көмегіне жүгінетіндер де аз емес.

Редакция тілшісі осы саланың білікті мамандары ұйымдастырған дәріске қатысып келді. Дәрісте тауға шығудың негізгі қағидалары туралы және қауіпсіздік мәселесі айтылды.
Альпинист әрі KMGA сертификатталған треккинг гид Махамбет Абдуллуаевтың айтуынша, тауға ешқашан жалғыз шығуға болмайды. Міндетті түрде бірнеше адаммен бару керек. Одан бөлек, баратын маршуртыңызды жақындарыңызға айтып, бөліскен дұрыс.
«Тауға ешқашан жалғыз шығуға болмайды. Міндетті түрде бірнеше адаммен бірге шығу керек. Сонымен қатар қайда бара жатқаныңызды жақындарыңызға айту да өте маңызды. Ең алдымен өзіңізге сеніңіз, кейін жаныңыздағы жолдастарыңызға арқа сүйеңіз. Болмай бара жатса, құтқару қызметтері тағы да басқасы бар. Тауда адасып кету оңай. Ал тікұшақпен немесе арнайы техникамен жету қиын. Іздеу жұмыстарын жүргізу ауа райы нашар болса өте қиын. Сондықтан тауға шығатын адамдарда өз-өзін құтқаруға көмектесетін дағдылар мен құрал-жабдықтар болуы керек. Ал жаңадан бастағандар үшін алдымен жеңіл маршруттардан бастауға кеңес беремін», -дейді маман.
Мамандардың пікірінше, қазір халықтың көпшілігі тауда өзін қалай ұстау керектігі туралы ең қарапайым қағидаларды білмейді, тіпті оны білуге ниеттері жоқ. Сондықтан білім алу мәдениеті өмір салтына айналмайынша, мұндай қайғылы оқиғалар қайталана береді дейді олар.
Дәріс соңында мамандар тауға шығу алдындағы қауіпсіздік ережелерімен бөлісті:
1. Тауға жалғыз бармаңыз, тек топпен барыңыз. Тауға жалғыз шығу өте қауіпті. Қасыңызда міндетті түрде бір адам болсын.
2. Маршрутты зерттеңіз. Шығар алдында бағыттың ұзындығы мен күрделілігі, ауа райы, қажет болатын жабдықтар жайлы толық ақпарат жинап алыңыз.
3. Дұрыс киім таңдаңыз. Аяқ киім тек треккингке арналған болуы тиіс. Рюкзакта ауа райына сай күртеше мен шалбар, жаңбырдан қорғайтын плащ, жылы флис немесе кофта, ашық түсті киім болуы керек.
4. Рюкзакта болуы тиіс заттар:
– Қосымша жылы киім
– Пауэрбанк
– Маңдайға тағылатын фонарь және қосымша батарейкалар
– Ысқырғыш
– Шай және жүрек жалғайтын тағам
– Жеке дәрі қобдишасы
– Газ плиткасы және газы
Егер түнейтін болсаңыз, ұйықтайтын қап, каремат, ауыстыратын киім
5. Жақындарыңызға міндетті түрде хабарласыңыз. Қайда баратыныңызды, қай уақытта оралатыныңызды айтыңыз. Белгілі уақыт сайын байланысып тұруды алдын ала келісіп алыңыз.