Жаңалықтар

Жалған таңқурай көшеті және құмар ойын: Экс-депутат 2,6 миллиард теңгемен ұсталды

Жалған таңқурай көшеті және құмар ойын: Экс-депутат 2,6 миллиард теңгемен ұсталды

Алматы облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген қаржыны талан-таражға салған топ әшкере болды. Бұл қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінің аймақтық департаменті аяқтап сотқа жөнелтті. Қыруар қаражатты жымқырудың басында Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты тұрған. Ол өзіне бағынышты компаниялар мен жиырма тоғыз шаруа қожалығы арқылы үлкен алаяқтық желісін құрған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Мемлекеттен бөлінген 2,6 миллиард теңге субсидия заңсыз жолмен қалтаға түскен. Бұл әрекетті іске асыру үшін таңқурайдың элиталық көшеттерін сатып алдық деген жалған құжаттар жасалған. Қолды болған ақшаның негізгі бөлігі түрлі бағытқа жұмсалып кетті. Мысалы 491 миллион теңгеге күдіктінің әйелінің атына ашылған брокерлік шот арқылы құнды қағаздар сатып алынды.

Тағы 400 миллион теңге өздеріне қатысы бар микроқаржы ұйымының есепшотына аударылған. Одан бөлек 170 миллион теңге қаражат құмар ойындарға шашылған. Қазіргі уақытта іске қатысы бар үш күдікті қамауға алынды. Тергеу органдары олардың пәтерлеріне, көліктері мен жеке үйлеріне бұғат қойды. Бұғатталған мүліктердің қатарында әлгі сатып алынған құнды қағаздар да бар. Бұрынғы халық қалаулысы енді заң алдында жауап береді.

Барлық жаңалық