📰 Сарапшылар пікірі

Жалақымыз  600 мың теңгеден аса ма?

Елімізде жалақы 600 мыңнан асады деген сөз шықты. Қаншалықты мүмкін?

Үкімет 2025-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын бекітті. Құжатта жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны, инфляция деңгейі, халық табысы мен жалақысы, сыртқы сауда айналымы және мұнай бағасы сынды негізгі көрсеткіштер қамтылған.

Ресми болжамға сәйкес, алдағы үш жылда ел экономикасы тұрақты дамуды жалғастырады. 2025 жылы ішкі жалпы өнімнің көлемі 161,9 трлн теңге деп күтілсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 183,8 трлн теңгеге, 2027 жылы 206,1 трлн теңгеге, ал 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін жетпек. Орташа жылдық өсім қарқыны шамамен 5 пайыз шамасында сақталады.

Доллар есебінде Қазақстанның ІЖӨ-сі 2028 жылы 425,6 млрд долларға тең болады. Халықтың жан басына шаққандағы көрсеткіші сол уақытта 20 мың доллардан асып түсуі тиіс. Бұл еліміздің әлемдік экономикалық рейтингтегі орнын күшейтіп, инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі.

Экономикалық болжамда баға өсімі біртіндеп төмендейді деп көрсетілген. 2025 жылы инфляция 10-11 пайыз аралығында болса, 2026 жылы ол 9-11 пайыздан аспайды. 2027 жылы көрсеткіш 5,57,5 пайызға, ал 2028 жылы 5-7 пайызға дейін төмендейді. Бұл халықтың сатып алу қабілетіне оң әсер етіп, нарықта тұрақтылық орнатуға мүмкіндік береді.

Алдағы жылдары халықтың табысы едәуір өседі. Үкімет болжамына сәйкес, 2025 жылы орташа айлық жалақы 423 мың теңге болса, 2026 жылы 500,9 мың теңге, 2027 жылы 554,1 мың теңге, ал 2028 жылы 604,9 мың теңгеге дейін жетпек.

Сонымен қатар нақты жалақы өсімі де оң қарқын көрсетеді: 2026 жылы 7,6 пайызға, 2027 жылы 3,9 пайызға, 2028 жылы 3 пайызға ұлғаяды. Алайда ең төменгі жалақы 85 мың теңгедеңгейінде сақталады. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі қазіргі 46 мың теңгеден 57,4 мың теңгеге дейін көтеріледі.

Қазақстанның сыртқы саудасы да оң бағытта дамиды. 2025 жылы экспорт көлемі 75,5 млрд доллар деп болжанса, 2028 жылы ол 83,7 млрд долларға жетеді. Импорт көлемі осы аралықта 64,3 млрд доллардан 75,2 млрд долларға дейін өседі.

Сауда балансы оң болып қала бергенімен, оның көлемі аздап қысқаруы мүмкін. Мәселен, 2025 жылы оң сальдо 11,2 млрд доллар деңгейінде болса, 2028 жылға қарай ол 8,6 млрд долларғадейін төмендейді.

Үкіметтің болжамына сай, Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2025 жылы 70 долларшамасында болады. Ал 2026 жылдан бастап барреліне 60 доллар деңгейінде тұрақтайды. Бұл фактор экспорттық түсімге ықпал еткенімен, Үкімет экономиканы тұрақты әрі болжамды бағамен жоспарлауға басымдық беріп отыр.

Жалақы өссе де, өмір қымбат

2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда орташа жалақы өскенмен, халықтың нақты табысы өзгеріссіз қалды. ТМД Статкомитетінің дерегінше, еліміздегі нақты жалақы индексі небәрі 100,3 пайызды құрады. Бұл отандастарымыздың сатып алу қабілеті өткен жылғы деңгейден аса қоймағанын көрсетеді. Айта кетсек, бұл – ТМД елдері арасындағы ең төменгі көрсеткіш.

Finprom.kz мәліметіне сүйенсек, нақты жалақы өсімі бойынша Тәжікстан алда келеді. Мұнда көрсеткіш 119,9 пайызға жеткен. Беларусь пен Қырғызстан да алдыңғы қатарда шамамен 111 пайыз. Ал Қазақстаннан бөлек төмен нәтиже Арменияда (102,4%) және Ресейде (103,8%) тіркелген.

Орташа айлық еңбекақы Қазақстанда жыл басынан бері 10,7 пайызға өсті. Бұл жаман көрсеткіш емес, бірақ Ресейдің 14 пайызы, Өзбекстанның 17 пайызы және Тәжікстанның 24 пайыздықөсімімен салыстырғанда төмен. Дегенмен, Тәжікстандағы орташа айлық небәрі 264 долларболса, Қазақстанда ол 849 долларға жеткен.

Нақты табыстың артуына кедергі болып отырған негізгі фактор – инфляция. 2025 жылдың алғашқы алты айында тұтыну бағалары Қазақстанда 7 пайызға көтерілді. Бұл – ТМД кеңістігіндегі ең жоғарғы деңгей. Өсімге теңгенің әлсіреуі мен коммуналдық тарифтердің қымбаттауы ықпал етті.

Маусым айында қызмет көрсету құны бір жылда 16,1 пайызға өсті. Бұл да ТМД бойынша рекордтық көрсеткіш болды. Ал азық-түлік бағасы Ресейде айтарлықтай қымбаттаған.

Халықтың әлеуметтік жағдайына әсер ететін тағы бір мәселе – ең төменгі жалақының тоқтап қалуы. Қазақстанда ол соңғы рет 2024 жылдың басында өсіп, 85 мың теңге болып белгіленген. Содан бері өзгерген жоқ. Инфляцияны ескерсек, оның сатып алу қабілеті азайып кетті. Бүгінде елде шамамен 1 миллион адам дәл осы ең төменгі жалақымен күн көруде.

Күдік те бар

Экономист Айдархан Құсайынов Ұлттық экономика министрлігінің алдағы үш жылға арналған жалақы өсімі жөніндегі болжамына пікір білдірді.

«Бірінші жолдағы бос орынды толтырмай кетуге болмайды. Онда минус 6 пайыз тұруы тиіс. Егер номиналды өсім 2025 жылы 4,7 пайыз болса, нақты мәнінде бұл минус 6 пайызды көрсетеді. Бұл қарапайым есеппен шығады. Неліктен оны жасырғаны түсініксіз. Шамасы, мен жаңа Салық кодексінің ықпалын бағаламай жүрген шығармын. Министрлік оны экономиканың ғажайып шешімі ретінде көрсеткісі келетін сияқты. Жалпы, бұл жарияланым «бәрі ертең жақсы болады» дегенді жеткізу үшін жасалғандай әсер қалдырады», деді Құсайынов.

Сарапшылардың пікірінше, халықтың шынайы табысы жалақының номиналды өсіміне қарамастан артпай отыр. Экономист Арман Бейсембаев та ресми табыс өскенімен, инфляция оны толық жеп қоятынын атап өткен.

 

Барлық жаңалық