💰 Экономика

Инновация игілігін көреміз бе?

Инновация игілігін көреміз бе?

Елімізде ғылым мен инновацияға деген көзқарас айтарлықтай өзгеріп келеді. Бұрын бұл сала көбіне сөз жүзінде қолдау тапса, қазір нақты экономикалық нәтиже талап етілетін кезеңге өтті. Үкімет отырысында дәл осы мәселе – ғылымды ел дамуының негізгі тірегіне айналдыру тақырыбы жан-жақты қаралды, деп жазады Ozgeris.info.

Жиында Премьер-министр Олжас Бектенов ғылым мен инновацияның жаңа Конституцияда мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде бекітілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі экономикалық жетістіктердің өзі инновацияның қаншалықты дамығанына тікелей байланысты.

«Ғылым мен инновацияны дамыту жаңа Конституцияда мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танылды. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында инновациялар еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалғанын атап өтті. Экономика салаларындағы жетістіктер мен табыстардың дені инновациялық дамудың ауқымы мен қарқынына тікелей байланысты. Инновациялар еңбек өнімділігін арттыруға және жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға негіз болады», деді Үкімет басшысы.

Кейінгі жылдары бұл бағытта нақты ілгерілеу бар. Мысалы, Президент тапсырмасымен соңғы 6 жылда ғылымға бөлінетін қаржы 6 есеге өскен. Яғни, мемлекет ғылымды тек декларация деңгейінде емес, нақты қаржымен қолдап отыр. Сонымен қатар жаңа ынталандыру тетіктері іске қосылған. Енді ғылыми әзірлемелерге инвестиция салған компаниялар шығындарының 300%-ына дейін салықтық жеңілдік ала алады. Бұл бизнес үшін ғылымға қаржы құюды әлдеқайда тиімді етеді.

Тағы бір маңызды қадам – жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты талап. Енді олар кен өндіруге жұмсайтын шығындарының 1%-ын ғылым мен инновацияға бағыттауға міндетті. Яғни өндіріс пен ғылым арасындағы байланыс күшейтіліп отыр.

Инновациялық экожүйе де біртіндеп кеңейіп келеді. Венчурлік қаржыландыру құралдары дамып, технологиялық брокерлік пен бизнес-акселерацияға қолдау артқан. Ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруға да ерекше мән беріліп отыр. Енді грантпен қаржыланатын жобаларға бизнес міндетті түрде қатысуы тиіс, оның үлесі кемінде 25% болуы керек. Бұл ғылымды нақты экономикамен байланыстырудың бір жолы.

Өңірлерде де ғылымға көңіл бөліне бастады. Ғылыми көрсеткіштер енді аймақтардың даму жоспарларына енгізілген. Тіпті әкімдердің рейтингіне қосу тапсырылған. Сонымен қатар ғылыми орталықтарды шоғырландыру жұмысы жүріп жатыр. Курчатовтағы ғылыми қалашық, Алматыдағы Ядролық физика институты және Астанадағы Назарбаев университеті базасында технологиялық парктер құру көзделген.

Дегенмен, Үкімет бұл салада проблемалар да бар екенін жасырмады. Соңғы жылдары ғылым жүйесіз дамыған, әр мекеме өз алдына жұмыс істеген. Нақты ортақ бағыттың болмауы тиімділікті төмендеткен.

«Мемлекет басшысы жақында өткен ғылыми қоғамдастықпен кездесуінде ғылымды қаржыландыру мен жаңа технологиялар енгізуден нақты нәтиже күтетінін баса айтты. Ғылым министрлігі Ғылым академиясымен, ғалымдармен және бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, бір ай ішінде ғылыми-инновациялық қызметтің тиімділігін арттыру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын дайындауы қажет. Бұл құжатта нәтижеге негізделген көрсеткіштер, цифрландыру бойынша шаралар және барлық қатысушылардың жауапкершілігі айқындалуы тиіс», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар ол тағы бір маңызды мәселеге тоқталды: ғылым тек идея деңгейінде қалмауы керек.

«Қолданбалы зерттеулер мен экономикалық үдерістерді жүйелі түрде сабақтастыру, өндірісті оқшаулау мен жаңғыртуды ынталандыру, экспортқа бағдарланған технологияларды дамыту қажет. Бізге жекелеген идеялар мен тәсілдер емес, инновациялардың өнеркәсіптік әлеуетті дамытуға нақты үлес қосқаны қажет», деді Олжас Бектенов.

Осы олқылықтарды жою үшін Үкімет нақты тапсырмалар берді. Ең алдымен, қысқа мерзімде инновациялық штаб құрылуы тиіс. Ол ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы байланысты үйлестіріп, идеядан өнімге дейінгі толық циклді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ барлық өндіріс орындарының технологиялық деңгейіне кешенді талдау жүргізіледі. Бұл қай салада қандай мүмкіндік барын анықтауға көмектеседі. Бұдан бөлек, нақты басым бағыттарды айқындайтын Инновацияларды дамыту тұжырымдамасы әзірленеді.

Тағы бір маңызды жаңалық – цифрлық басқару. Енді «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша инновациялық жобаларды тіркейтін, қолдайтын және бақылайтын платформа іске қосылады. Сонымен қатар барлық жобаларды біріктіретін ұлттық тізілім жасалады. Онда әзірлеушілер, технологиялар және инвесторлар туралы толық ақпарат болады. Өңірлерге де нақты міндет жүктелді. Ғылым мен инновацияға бөлінетін қаржыны кезең-кезеңімен арттырып, 2029 жылға қарай оны жалпы өңірлік өнімнің кемінде 1%-ына жеткізу қажет. Ал 2035 жылға қарай инновациялық өнімдердің үлесі ЖІӨ-нің 3%-ына дейін өсуі тиіс.

 

Барлық жаңалық