💰 Экономика

Инфляция баяулап келеді, бірақ қауіп толық сейілген жоқ

Инфляция баяулап келеді, бірақ қауіп толық сейілген жоқ

Қазақстанда ақша нарығындағы жағдайды реттейтін негізгі шешімдердің бірі қабылданды. Ұлттық Банктің Ақша кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде қалдыру туралы шешім шығарды. Мөлшерлеме бұрынғыдай ±1 пайыздық дәлізбен белгіленді. Бұл шешім кездейсоқ қабылданған жоқ. Ұлттық Банк болжам раундының нәтижелерін, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағаларын және инфляция тәуекелдерінің теңгерімін толық талдап шыққаннан кейін осындай қорытындыға келді, деп жазады  Ozgeris.info.

Кейінгі айларда елдегі инфляция біртіндеп баяулап келе жатқаны байқалады. 2026 жылғы ақпанда жылдық инфляция 11,7% болды. Қаңтар айында бұл көрсеткіш 12,2% еді. Демек баға өсімінің қарқыны аздап төмендеген. Инфляцияның барлық негізгі құрамдас бөліктерінде де бәсеңдеу байқалады. Азық-түлік тауарларының бағасы 12,7% деңгейінде өсті. Бұған дейін бұл көрсеткіш 12,9% болған. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша баға өсімі 11,6% болды. Қаңтарда ол 11,7% еді. Ақылы қызметтердің бағасы 10,8% деңгейіне түсті. Бұған дейін 12% болатын.

Инфляцияның баяулауына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Біріншіден ақша кредит саясаты әлі де ұстамды әрі қатаң жағдайда сақталып отыр. Екіншіден теңгенің бағамы нығайды. Үшіншіден кепілсіз тұтынушылық кредиттеу қарқыны баяулады. Сонымен қатар ең төменгі резервтік талаптарды кезең кезеңімен арттыру және теңестіру операциялары арқылы артық өтімділікті қысқарту жүргізіліп жатыр. Үкімет пен Ұлттық Банк инфляцияға қарсы бірлескен кешенді шараларды іске асырып келеді. Бағаның өсуін тежеуге тұрғын коммуналдық қызмет тарифтері мен жанар жағармай бағасын көтеруге қойылған мораторий де әсер етті. Ал қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өсуі инфляцияға шектеулі ғана ықпал етеді деп бағаланып отыр.

«Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл қадам нақты деректер мен тәуекелдер балансын кешенді талдау нәтижесіне негізделген. Ақпан айында жылдық инфляция 11,7%-ға дейін баяулағанымен, ол әлі де қос таңбалы деңгейде қалып отыр. Инфляциялық қысымды тежеуге қатаң ақша-кредит шарттары, кепілсіз несиелердің баяулауы және жанар-жағармай мен коммуналдық қызмет тарифтеріне енгізілген мораторий оң әсер етті. Дегенмен, ішкі сұраныстың жоғарылығы мен инфляциялық күтулердің құбылмалылығы мөлшерлемені төмендетуге әлі де ерте екенін көрсетеді. Біз ақша-кредит саясатының қатаң шарттарын сақтау арқылы бағаның тұрақты төмендеуін қамтамасыз етуді көздейміз», деді бас банк басшысы.

Сонымен бірге кейбір көрсеткіштер инфляциялық қысымның әлі де бар екенін көрсетеді. Мәселен 2026 жылғы ақпанда айлық инфляция 1,1% болды. Бұл көрсеткіштің аздап жеделдегенін білдіреді. Ал базалық инфляция 0,8% деңгейінде қалыптасты.

Халықтың инфляцияға қатысты күтулері де әлі толық тұрақталған жоқ. Дегенмен белгілі бір оң өзгеріс бар. Алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтулер ақпан айында 13,7% деңгейіне дейін төмендеді. Бірақ бұл көрсеткіш әлі де жоғары әрі құбылмалы болып отыр. Нарыққа кәсіби қатысушылардың 2026 жылға арналған инфляция болжамы да төмендеді. Ақпанда олар инфляцияны 10% деңгейінде күтетінін айтты. Қаңтар айында бұл болжам 10,8% болатын.

Әлемдік нарықтағы жағдай да Қазақстан экономикасына әсер етеді. Соңғы уақытта азық түлік бағасының әлемдік индексі баяулап келеді. Сүт өнімдері мен қант бағасының төмендеуі жалғасып отыр. Бірақ дәнді дақылдар мен өсімдік майының бағасы керісінше өскені байқалады.

Сыртқы экономикалық жағдай әр елде әртүрлі қалыптасып отыр. Ресей Федерациясында инфляция әлі де жоғары деңгейде. Сарапшылардың болжамынша ол елде инфляция таргетіне тек 2027 жылы жетуі мүмкін. Еуропалық Одақ елдерінде баға өсімі тұрақты түрде төмен деңгейде сақталып отыр. Ал АҚШ экономикасында инфляция біртіндеп мақсатты деңгейге жақындап келеді. Бұл жағдай Федералдық резерв жүйесінің сараланған саясаты нәтижесінде қалыптасып отыр.

«Сыртқы ортадағы геосаяси шиеленістің күшеюі мұнай бағасының құбылуына және сауда-серіктес елдердегі баға ахуалының өзгеруіне тікелей әсер етуде. Осыған байланысты біз 2026 жылға арналған базалық сценарийде мұнай бағасына қатысты болжамды жоғары бағытта қайта қарадық. Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуін ескере отырып, 2026 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 66,3 АҚШ доллары деңгейінде болады деп күтеміз. Кейін сұраныс пен ұсыныс теңгерімі қалыпқа келген сайын, баға біртіндеп 60 долларға жақындайды. Әлемдік орталық банктердің де, соның ішінде АҚШ ФРЖ мен Еуропалық орталық банктің де шектеуші саясатты ұзағырақ сақтауға бейімдігі біздің сақтық шараларымыздың негізділігін растайды», деп түсіндірді Т.Сүлейменов.

Мұнай бағасының салыстырмалы түрде жоғары болуы инфляция болжамын қайта нақтылауға мүмкіндік берді. Ұлттық Банктің бағалауынша 2026 жылы инфляция 9,5% бен 11,5% аралығында қалыптасады. Дегенмен мемлекет инфляцияны одан әрі төмендетуге тырысады. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлескен шараларды іске асыруды жалғастырады. Фискалдық және квазифискалдық саясат болжамға сай жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар тұрғын коммуналдық қызмет пен жанар жағармай бағасының инфляцияға қосатын үлесін азайту жоспарланып отыр. Осындай шаралардың арқасында баға өсімі бір таңбалы деңгейге жетеді деп күтіледі.

Соған қарамастан инфляциялық тәуекелдер толық жойылған жоқ. Қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өзгеруі бағаға біртіндеп әсер етеді. Бірақ бұл әсер бұрын күтілгендей күшті болмауы мүмкін. Негізгі тәуекелдер ішкі факторларға байланысты. Реттелетін бағалардың өсуі ұзақ мерзімді қайталама әсер туғызуы мүмкін. Сонымен қатар халықтың жоғары инфляциялық күтулері де маңызды рөл атқарады.

«2026 жылға арналған инфляция болжамы 9,5-11,5% деңгейіне дейін төмендетілді. Біз биыл инфляцияны бір таңбалы деңгейге түсіруді шынайы мақсат деп санаймыз. Егер базалық болжам іске асып, бағаның баяулауы тұрақты сипат алса, Комитет жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастырады. Ал 2027 жылы инфляция 5,5-7,5% деңгейіне дейін төмендейді деп күтілуде. Экономикалық өсімге келер болсақ, 2026 жылы ЖІӨ өсімі 3,5-4,5% аралығында сақталады. Бұл ретте квазимемлекеттік сектор арқылы экономиканы қаржыландырудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету инфляциялық қысымды ауыздықтаудың маңызды шарты болып қала бермек»

Алдағы жылдары бюджет саясатының нақты қалай жүзеге асатыны да маңызды. 2027 және 2028 жылдары бюджеттік шоғырландыру жоспарланып отыр. Бұл жоспар толық орындалуы тиіс. Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер азаюы керек. Бюджет тапшылығы да қысқаруы қажет. Егер бұл параметрлерден ауытқу болса немесе квазифискалдық ынталандыру шамадан тыс кеңейсе онда инфляцияны төмендету әсері әлсіреуі мүмкін.

Экономиканың жалпы өсімі бойынша болжам өзгеріссіз қалды. 2026 жылы Қазақстан экономикасы 3,5% пен 4,5% аралығында өседі деп күтіледі. 2025 жылғы жоғары база әсерінен экономикалық белсенділік 2026 жылдан бастап біршама тұрақты әрі бірқалыпты траекторияда дамиды. Сонымен қатар фискалдық шоғырландыру және тұтынушылық кредиттеудің баяулауы ішкі сұраныстың азаюына әкелуі мүмкін.

Ұлттық Банк алдағы уақытта экономикалық жағдайды мұқият бақылауды жалғастырады. Инфляцияның баяулау қарқыны, ішкі сұраныстың динамикасы, бюджеттік саясаттың орындалуы және квазифискалдық ынталандырудың сапасы тұрақты түрде бағаланып отырады. Сонымен қатар Үкіметпен бірлесіп инфляцияны бақылауға бағытталған шаралардың тиімділігіне мониторинг жүргізіледі. Тұрғын коммуналдық қызмет тарифтері мен жанар жағармай бағасының өзгеруі де назардан тыс қалмайды.

 

Барлық жаңалық