Жаңалықтар

Яна Легкодимованы өлтіргендер еліміздегі ең қатаң «Қара бүркіт» түрмесіне ауыстырылды

Яна Легкодимованы өлтіргендер еліміздегі ең қатаң «Қара бүркіт» түрмесіне ауыстырылды

23 жастағы Яна Легкодимованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін сотталған Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Қатимов төтенше қауіпсіздік мекемесі саналатын «Қара бүркіт» колониясына жөнелтілді. Бұл ақпаратты 20 сәуірде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметі растады деп хабарлайды ozgeris.info сайтты.

Сот үкімі әлдеқашан заңды күшіне енгеніне қарамастан, қылмыскерлер осы уақытқа дейін Атырау қаласындағы тергеу изоляторында (СИЗО) қамауда болған. Сәуір айының басында «Ақ Жайық» басылымы оларды колонияға ауыстыру процесі кешігіп жатқанын жазған еді. Бейресми дереккөздердің мәліметінше, бұған түрмеде бос орынның болмауы себеп болуы мүмкін, сол себепті сотталғандар өз кезегін күтуге мәжбүр болған.

Қазір Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл мәселеге нүкте қойды:

«Аталған сотталғандар заңда белгіленген тәртіппен жазасын өтеу орнына жіберілді», — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Еске салайық, бұл қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.

Өткен жылдың 17 қарашасында Атырауда сот отырысы аяқталып, Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Қатимов қызды өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. Оларға ең ауыр жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды.

Ал 24 қарашада Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) өкілдері осы атышулы қылмысты тергеу барысы мен оның егжей-тегжейі туралы айтып берген еді.

Енді қылмыскерлер өз жазасын еліміздегі ең қатаң түзеу мекемелерінің бірінде өтейтін болады.

Барлық жаңалық