📰 Сарапшылар пікірі

Халыққа тиімді банк қандай болу керек?

Қазақстан қаржы жүйесі жаңа кезеңге аяқ басты. Таяуда оңтүстіккореялық «BNK Finance» микроқаржы ұйымы екінші деңгейлі банк мәртебесін алды. Осылайша, еліміздегі шетелдік қатысуы бар банктердің саны тоғызға жетті, деп сараптайды Ozgeris.info.

2024 жылы маусымда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) оңтүстіккореялық BNK Financial Group Inc. құрамындағы «BNK Finance»-ке банк мәртебесін беруге рұқсат етті. Осы топтың басқарма төрағасы Ким Сонг Хен жаңа банктің негізгі мақсаты шағын және орта бизнеске бағытталған ұзақмерзімді қаржы институтын құру екенін мәлімдеді.

BNK тобы – активі 129 миллиард доллардан асатын, халықаралық тәжірибесі бар құрылым. Алайда Қазақстандағы еншілес банктің қаржылық капиталы 20–25 млрд теңгеден аспайды. 

ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, мұндай қадамдарға Қазақстан нарығы үлкен дайындықпен келді. Енді шетелдік банктер үшін активтердің ең төменгі шегі 20 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін төмендетілді. Сонымен қатар, банк ашу үшін қажетті құжаттар саны да айтарлықтай қысқартылды.

«А–» және одан жоғары халықаралық рейтингі бар банктер үшін құжаттар топтамасы 2 есе, ал «А» және одан жоғары рейтингі бар банктер үшін 2,5 еседен астам азайтылды», деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, микроқаржы ұйымдарының банктерге айналуы да осы реформаның бір бөлігі. Қазір KMF пен Solva компанияларының өтінімдері қаралу үстінде.

«Біз банк қызметтері нарығында, кредиттеу нарығында бәсекелестік көп болады деп есептейміз және кез келген бәсекелестік, әрине, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, тұтынушылар үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға алып келеді»,  дейді ҚНРДА төрағасы.

Мәліметке сәйкес, рейтингке байланысты еншілес немесе филиал ашу үшін құжаттар саны да қысқарды:
    •    «BB-» пен «A-» аралығындағы рейтингтегі банктер үшін еншілес банкке – 24-тен 17-ге дейін,
    •    филиалға – 20-дан 10-ға дейін.
    •    «A-» және одан жоғары рейтингтегі банктер үшін – тиісінше 10 және 8 құжат жеткілікті.

Сарапшылар не дейді? Алайда банк секторының даму бағытына қатысты барлық пікірлер біржақты емес. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы шетелдік банктердің барлығы жергілікті банк мәртебесіне ие, бұл өз кезегінде оларды халықаралық қаржы ұйымдарының көзінде тәуелсіз емес, отандық банк ретінде көрсетеді.

«Бұл Ұлттық банкке шетелдік каналдар арқылы елге келетін ақша ағынын бақылауға мүмкіндік бергенімен, қарыз ақшаның құнын көтеріп жіберді. Себебі олардың бәрін шетелдік қаржы ұйымдары қазақстандық банк деп танығандықтан, ол банктердің шетелден алатын қаржысының пайыздық сыйақысы да жоғары. Тиісінше банктердің халыққа беретін несиесі қымбат», делінген сарапшылық түсіндірмеде.

Мәселе – мәртебе мен тәуелсіздікте. Шетелдік банк өз бетінше халықаралық капитал нарығына шығуы үшін еркін мәртебе қажет. Ал қазіргі жүйе шетелдік банктерді қазақстандық шеңберге байлап отыр.

«Дәл осы бап ондаған елдерде еншілес банктерін ашып тастаған алпауыт банктерді шошытып отыр. Өз-өзіне сенген банк қаржы нарығында еркіндікті қалайды. Ал еркіндікті қалайтын, шетелдік қаржы институттарынан өз бетінше қаржы алып келетін банктердің ашылуына кедергі көп. Алдағы уақытта ҰБ пен ҚНРДА бізге келетін қаржы институттарының сырт елдердегі құқықтық мәртебесі жайлы ойлануы керек. Сыртқы нарықта шетелдік банктерді қазақстандық банк деп тану қаржы нарығының әлемдік институттармен интеграциялану процесін алға жылжыта алмайды», дейді сала сарапшылары.

Қаржылық әлеует тұрғысынан BNK Finance Kazakhstan шағын ұйым. Сарапшылар BNK секілді қатысушылардың нарыққа келуін оң бағалағанымен, ойын ережесін өзгерту үшін тым әлсіз деп санайды.

«Бізге тым құрығында қаржы айналымы 7 трлн теңге болатын ірі банктер келсе ғана нарықтағы ойын ережесі өзгеруі мүмкін»,  делінеді пікірде.

Мұндай пікірлер әсіресе Forte Bank пен Home Credit Bank мәмілесіне байланысты жиі айтыла бастады. Екі ірі ойыншының бірігуін «капиталды шоғырландыру арқылы сырттан күшті банктердің келуіне тосқауыл қою» деп бағалайтындар көп.

«Forte Bank  20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан табысты банк болатын. Бұл бизнес тілінде капиталды шоғырландыру арқылы сырттан өздерінен күшті ойыншылардың келуіне жол бермеу деп аталады. Экономикаға келіп-кетер пайдасы жоқ, Үкіметтен қол жайып көмек сұраумен ғана шектеліп отырған 20 банк емес, ойын ережесін өзгертуге күші жететін 10 банкпен жұмыс істеу халыққа тиімді», дейді сарапшылар.

 

 

Барлық жаңалық