Еліміздегі инфосығандар мен пирамидалардың шынайы ауқымы қандай? Сарапшылар қазір танымал болып, жарнамасы жарып жатқан исламдық инвестициялардың, олардың атын жамылып түрлі схемаларды іске асырып жүргендердің рас-өтірігін айтып берді. Қанша десек те, әлеуметтік желілер осы инфобизнестің ауқымын кеңейтіп, халықтың сеніміне кірді. Әдемі өмірдің артында кім немесе не тұр? Алаяқтардың тұзағынан қалай құтыламыз? Олардың жаңа схемаларын мен инфобизнес өкілдеріне мемлекет қандай шектеулер енгізуі керек? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Қазір «жылдам табыс», «денсаулық», «бақыт» сынды тақырыптарды желеу етіп сатылатын жалған курстар мен тренингтер тым көбейіп кетті. Мұндай ұсыныстар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы, тіпті «халал инвестиция» деген атты жамылып етең жайып барады. Шындық пен өтіріктің аражігін білікті сарапшылар ажыратуға тырысты.
Ескі схемалардың жаңа қаптамасы
Әдемі өмірді уәде ететін адамдардың күннен күнге көбейіп бара жатқанын сарапшылар жаппай құбылыс дейді.
«Қаржы пирамидалары, табыс курстары, күш жұмсамай ақша табу – мұның бәрі ескі схемалардың жаңа дейді Қазақстанның қаржылық мәдениеті қорының негізін қалаушы Юрий Ли.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл пікірмен келіседі. Оның айтуынша, адамдар әлі күнге дейін ақша табудың ең оңай әрі тез жолын іздеумен әлек. Адамдардың осындай аңқаулығын «гурулар» керемет пайдаланып жүр.
Алтын уәделердің түрлері
Сарапшылар мынадай танымал схемаларды атап өтті:
– бизнес, қарым-қатынас және тұлғалық даму бойынша курстар сататын инфоалаяқтар;
– «аз инвестициямен қосымша табыс» және пассивті кіріс уәде ететін схемалар;
– жаңартылған қаржы пирамидалары;
– онлайн алаяқтық – жалған дүкендер, «банк қызметкерінен» қоңыраулар, деректерді ұрлау;
– криптовалюталық қақпан – «арбитраж», «токеннің кепілді өсімі», ашық емес инвестициялар;
– эзотерикалық тренингтер («чакра ашу», «үшінші көз», «энергетикалық сауығу»).
Досым Сәтпаев бұл туралы ирониямен:
«Бұлардан басқа тағы эзотерикалық тренингтер бар, мысалы, чакра ашу, үшінші көз, энергетикалық емдеу», – дейді.
Адамдар неге алданады?
Сарапшылардың айтуынша, халықтың алдануына бірнеше фактор әсер етеді.
Жеңіл ақшаға ұмтылу, «қоғамның ықпалы, мысалы дәлел ретінде «бұл курстан 10 000 адам өтті» деген ақпарат беріледі, «мүмкіндікті жіберіп алмау» қорқынышы және әдемі маркетинг.
Яғни, инфосығандардың маркетингі мінсіз, себебі олар факт емес, эмоциямен ойнайды.
Досым Сәтпаев кез келген ұсынысты қабылдар алдында қарапайым сұрақтар қоюға кеңес береді:
«Бұл кім, маған не үшін, қандай тәуекел бар, мен не күтемін?».
Сонда ғана сізге нақты не керек екеніне жауап аласыз. Әдемі уәделер орындала ма, жоқ па, бағалай аласыз.
Сарапшылар бір ғана қаржылық сауаттылық жеткіліксіз екенін, әсіресе жастарда ақпараттық гигиенаны дамыту маңызды екенін айтады.
«Альфа буыны цифрлық болып өсіп келеді, келесі буын – ақпараттық өрістің бөлігі. Егер осыған көңіл бөлмесек, қақпандар қалады, инфоалаяқтар кетпейді, олар жасанды интеллектіні де пайдаланады».
Жасанды интеллект – қорғаныс құралы
Сарапшылардың бірі өзінің атын пайдаланып, «басқа алаяқтардан ақшаны қайтарып береміз» деп жарнама жасағандарға полицияға шағымданғанын айтты.
«Жасанды интеллект – өте күшті құрал. Біз технологияларды пайдаланып, мысалы, өздерін мемлекет басшысы болып көрсететін алаяқтарды анықтайтын жасанды интеллектіні іске қосуымыз керек».
Мысалы ретінде Қазақстан көрші Өзбекстан елінен сабақ алуына болады дейді мамандар.
Өзбекстанда лицензиясыз ақпараттық өнімдер сатқандарға жауапкершілік енгізілген. Онлайн білім берумен айналыссаң – лицензияң барын көрсетесің, дәрі-дәрмек сатсаң – сол салаға қатысыңды дәлелдейсің. Сарапшылар мұндай шаралар қажет деп санайды, әйтпесе күмәнді препараттар мен курстар нарықты толтырып жатыр.
Статистика мен мысалдар
2025 жылы елімізде 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелген, яғни, 2024 жылмен салыстырғанда 22%-ға көп. Кибералаяқтардан келген залал 6 млрд теңгеден асып кеткен, оның тек 26%-ы ғана өтелген. 2025 жылдың бес айында 17909 адам алаяқтардың құрбанына айналған, оның ішінде 1 131-і – зейнеткер.
Зерттеу көрсеткендей, 63 жастан асқан адамдардың жартысынан көбі алаяқтықты бірден тани алмайды екен. Олардың 55,8%-ы қаржылық алаяқтыққа кезіккен, 34,2%-ы – телефондық, 32,7%-ы – интернет-алаяқтық, 21,6%-ы – пирамидалар, 11,5%-ы – банк картасымен алаяқтық.
Жанабыловтардың оқиғасы
Біз айтып отырған инфосығандар қатарына «ұсақ» ойыншылар ғана емес, миллиондаған жазылушысы бар танымал блогерлер де ілігеді. Мысалы, Ерболат Жаңабылов және жұбайы Эльмира Төлегенова Instagram арқылы автокөліктер мен басқа да сыйлықтар ұтысын ұйымдастырған. Қатысу шарты бойынша адамдар 30 000 теңгелік «Жаңа Бизнес» атты ақылы курсты сатып алуы керек.
15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты оларға қатысты істі «қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің болуына байланысты» тоқтатып, материалдарды экономикалық тергеу департаментіне жолдады. Блогерлерге ҚК 214-бабы («Заңсыз кәсіпкерлік») және 190-бабы («Алаяқтық») бойынша іс қозғалуы мүмкін.
Лотереялар мен ойын бизнесін реттеу комитетінің өкілі конкурс кезінде қолданылған «сәттілік барабанының» алаяқтық белгілерін қамтитынын мәлімдеді. Бұған дейін ведомство блогердің курсын сатып алып, оның «практикалық құндылығы жоқ» деген қорытынды жасаған.
Неге зейнеткерлер мен қарапайым адамдар нысанаға айналады
Телефон және инвестициялық алаяқтық ең алдымен зейнет жасындағы адамдарға бағытталады екен. Себебі оларда жинақ бар, ертегі мен архетиптерде өскен, ізгі ниетпен әрекет етеді.
Сарапшылар жалған құжаттар көрсетіп, аз ғана ақша беріп, адамды пәтерін сатуға дейін жеткізетін мысалдарды келтірді.
Ал кейбір адамдар бір пирамидадан екіншісіне «секіріп» жүреді, олар уақытында шығып үлгеруді ойлайды. Сарапшылар мұны инвестициялық лудомания деп атайды, яғни, ұтылғанды қайтаруға ұмтылу, «ертең бәрі жақсы болады» деген сенім.
Дінді жамылған алаяқтық
Ең сорақысы, дейді сарапшылар, дінді жамылып жасалатын схемалар.
«Былтыр біз Telegram-да исламдық инвестиция атын жамылған алаяқтарды кездестірдік», – дейді Сәтпаев.
Олар діндар бейнесін жасап, қасиетті жаттанды мәтіндерін оқып, Алланың атымен ант етіп, адамдарды тақырға отырғызып кетеді.
«Жарнама: “Несиеңді бір сағатта жапқың келе ме? Бізге кел. Халал инвестициялар”».
Қазіргі инфосыған дәуірі интернет-курстармен шектелмейтінін байқадық, ол жаңа технология мен мәдени ерекшеліктерге бейімделетін манипуляция индустриясына айналып барады. Статистика және ірі блогерлердің әрекеттері жағдайдың ауқымын айқын көрсетеді.
«Егер сізге жеңіл әрі жылдам нәтиже уәде беріп жатса, бұл бірден дабыл қағатын белгі екенін ұмытпаңыз», - деп түйіндеді Юрий Ли.