💰 Экономика

Ғылымға миллиардтар бөлінеді, ал нәтиже неге жоқ?

Ғылымға миллиардтар бөлінеді, ал нәтиже неге жоқ?

Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Алайда соған қарамастан, оның нақты экономикалық және практикалық қайтарымы төмен деген мәселе ашық айтыла бастады. Сарапшылардың пікірінше, түйткіл қаражатта емес – ғылымды басқару жүйесінде, кадр даярлау моделінде және оны экономикамен байланыстыру деңгейінде жатыр, деп сараптайды Ozgeris.info.

Кейінгі уақытта ғылымның тиімділігі туралы мәселе қайтадан күн тәртібіне шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сөйлеген сөзінде ғылымға бөлінетін қаржы көлемі артқанымен, оның нақты қайтарымы төмен екенін атап өтті. Президенттің бұл пікірі қоғамда қызу талқыланып, саладағы жүйелік мәселелерге назар аудартты.

Экономист Расул Рысмамбетов бұл пікірге біржақты қарауға болмайтынын айтады. Оның сөзінше, мәселе тек қаржы көлемінде емес, ғылымның қандай көрсеткіштермен бағаланып келгенінде жатыр.

«Мемлекет кейінгі 6 жылда ғылымды қаржыландыруды бірнеше есе арттырды. Жыл сайын ғылымға 200 млрд теңгеден астам, кейде 500 млн долларға дейін қаражат бөлінеді. Бірақ соған қарамастан, практикалық қайтарымның төмен екенін мойындауға тура келеді. Бұл – сирек айтылатын, бірақ маңызды мәселе. Дегенмен бір нәрсені түсіну керек: ғылымда коммерцияландыру ешқашан негізгі KPI болған емес. Ұзақ уақыт бойы ғылымның дамуы халықаралық ғылыми журналдардағы жарияланымдармен, соның ішінде Scopus базасымен өлшенді. Бұл – әлемдік талап. Сондықтан бүгінгі нәтижені тек қайтарым жоқ деп бағалау толық көріністі бермейді», дейді сарапшы.

Расында, Қазақстан ғылымға жылына шамамен 210 млрд теңге жұмсайды. Алайда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (R&D) бөлінетін қаражат көлемі жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,14-0,16%-ын құрайды. Бұл – дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш. Мәселен, АҚШ-та бұл үлес 3,2%, ал Оңтүстік Кореяда шамамен 5%-ға жуық. Алайда Р.Рысмамбетовтың пікірінше, мәселенің түп-төркіні тек қаржы көлемінде емес. Негізгі түйткіл – оны басқару жүйесінде.

«Негізгі мәселе көлемде емес, басқаруда. Ғылымға бөлінетін қаржының қалай таратылатынына қатысты сұрақ көп. Жүйе ашық емес деген күдік бар. Яғни, қаражаттың бәрі ғалымдар мен зертханаларға толық жетпейді деген пікір қалыптасқан. Сонымен қатар ғылым экономикаға және шешім қабылдау жүйесіне толық енгізілмеген. Мысалы, шикізат компаниялары бөлуі тиіс 1% НИОКР қаражаты нақты зерттеулер мен тәжірибелерге жетпей отыр. Ал мемлекеттік деңгейдегі ірі шешімдерде ғылымның рөлі әлі де әлсіз. Көп жағдайда ғылыми негізден гөрі жедел аналитика мен қысқа мерзімді қажеттілік басым түседі», дейді экономист.

Сарапшы тағы бір маңызды мәселеге тоқталады. Қазір ғылым жоғары білім беру жүйесімен біріктірілген. Алайда бұл екі бағыттың табиғаты екі түрлі. Жоғары білім – жаппай жүйе, онда студенттер, гранттар, әлеуметтік міндеттер бар. Ал ғылым – тәуекелге негізделген, ұзақ мерзімді, бәсекелі сала. Мұндай жағдайда басымдық көбіне білім беруге беріліп, ғылым екінші қатарға ығысады. Осы тұрғыдан алғанда, дамыған елдердің тәжірибесі де маңызды. АҚШ-та National Science Foundation, DARPA сияқты дербес ғылыми құрылымдар жұмыс істейді. Оңтүстік Корея мен Израильде де ғылыми-технологиялық саясатты үйлестіретін бөлек институттар бар. Бұл елдерде ғылым – білімнің қосымшасы емес, экономикалық саясаттың негізгі құралы.

Р.Рысмамбетовтың пайымынша, Қазақстан үшін басты мәселе – қаржы тапшылығы емес, басқару архитектурасы. Сондықтан ол ғылымды мемлекеттік басқару жүйесінде күшейту қажет деп есептейді. Оның ішінде дербес Ғылым министрлігін қайта құру мәселесі де бар. Сарапшының қорытындысы – ғылым нақты экономикамен байланыспайынша және мемлекеттік шешімдер ғылыми негізде қабылданбайынша, бөлінген қаржының тиімділігі толық көрінбейді. Демек, мәселе тек қаражатта емес, ғылымды елдің даму стратегиясына қалай кіріктіре алатынымызда жатыр.

Осы мәселелер аясында ғылым жүйесінің ішкі құрылымындағы түйткілдер де айқын көріне бастайды. Қазақстандағы жас ғалымдардың қалыптасу жолын талдаған зерттеулер де бұл пікірді қуаттайды. ЕconomyKZ-тің дерегіне сүйенсек, елімізде ғылыми кадрларды даярлау жүйесі формалды түрде бар болғанымен, оның кезеңдері арасындағы байланыс әлсіз. Яғни, магистратурадан докторантураға дейінгі жол бар, бірақ ол нақты, жүйелі ғылыми өсу траекториясына айнала алмай отыр. Бұл мәселені PhD, ассистент-профессор Бақытжан Сәриев те ашық айтады:

«Қазақстанда жас ғалымдарға арналған гранттар мен қолдау бағдарламалары бар. Бірақ жүйе әлі де бәсекеге қабілетті зерттеушілерді тұрақты түрде шығара алмай отыр. Мәселе таланттың жоқтығында емес. Тек қаржыда да емес. Негізгі проблема — ғылыми өсу жолының нақты құрылмауы. Бүгін жас зерттеуші бөлек-бөлек кезеңмен жүреді: магистратура  – PhD – постдок – оқытушылық. Формалды түрде бәрі бар. Бірақ кезеңдердің арасында байланыс әлсіз. Студент зертханаға қашан, қалай кіру керегін білмейді. Ғылыми жетекші дайын маманды қашан дербес жолға жіберу керегін түсінбейді», дейді ол.

Сарапшының пікірінше, мәселенің тамыры одан да терең. Қазақстанда студент ғылымға кеш келеді. Ал дамыған елдерде бұл процесс әлдеқайда ерте басталады.

«Біздің ортада «нағыз ғылым магистратурадан кейін басталады» деген түсінік бар. Бұл – ескірген модель. Әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде бакалаврлар бірінші курстан бастап зертханада жұмыс істейді. Ал бізде магистратураға келген студент ғылыми мақала қалай жазылатынын да білмейді. Сосын біз одан қысқа уақыт ішінде дайын зерттеуші талап етеміз. Бұл мүмкін емес. Жүзуді кітап оқып үйренбейсің», дейді Б.Сәриев.

Ғылыми экожүйедегі тағы бір әлсіз тұс – байланыстардың жеткіліксіздігі. Зертханалар мен университеттер арасында жүйелі кооперация қалыптаспаған. Әр жетекші кадрды жеке өсіруге мәжбүр. Бұл – ғылымның дамуын тежейтін факторлардың бірі. Сонымен қатар сарапшы PhD бағдарламасына қойылатын сандық талаптардың да теріс әсерін атап өтеді:

«Гранттық қаржыландыруды белгілі бір сандық PhD көрсеткішіне байлау үлкен мәселе туғызды. Егер үш жылда екі мықты доктор дайындасаң, бірақ жоспардағы бес адамға жетпесең, жоба орындалмаған болып саналады. Ал бес әлсіз диссертация қорғап шықсаң, есеп жабылады. Соның салдарынан «докторант іздеу» басталады. Ғылымға дайын емес адамдар келеді. Кейде жетекшілер диссертацияны өздері жазуға мәжбүр болады. Үш жылдан кейін статистикада бес PhD бар, бірақ ғылым алға жылжымайды», дейді ол.

Осы жағдай ғылымдағы сапа мен сан мәселесін алдыңғы қатарға шығарады. Сарапшының айтуынша, мұндай жүйе тәуекелден қашуға мәжбүр етеді. Ал нағыз ғылым – тәуекел мен ізденістің нәтижесі. Сондықтан ғылымды дамыту тек қаржыны арттырумен шектелмейді. Ол үшін кадр даярлау жүйесін түбегейлі қайта қарау қажет. Студентті ерте кезеңнен бастап ғылымға тарту, зерттеу мәдениетін қалыптастыру, ғылыми ортада байланыс орнату – негізгі бағыттардың бірі болуы тиіс.

Бұл пікір жоғарыда айтылған жалпы сараптамамен де үндеседі. Ғылымға бөлінетін қаражаттың тиімділігі оның көлемімен емес, жүйенің қалай құрылғанымен анықталады. Егер ғылым экономикамен, өндіріс пен нақты шешім қабылдау жүйесімен байланыспаса, бөлінген қаржы өз нәтижесін толық бере алмайды. Демек, ғылымды дамыту – тек қаржыны көбейту емес. Бұл – басқару моделін жетілдіру, кадр даярлау жүйесін өзгерту және ғылыми нәтижені нақты өмірмен ұштастыру. Сонда ғана ғылым ел дамуының нақты қозғаушы күшіне айналады.

 

Барлық жаңалық