Digital Business пен Astana Hub бірлесіп қолға алған «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында өңірдегі ең перспективалы технологиялық бастамалар таныстырылып келеді. Солардың ішінде ерекше назар аудартқан жобалардың бірі – Әмине Қадыр негізін қалаған «YerAI Mentor» платформасы. Бұл жоба шетелде білім алуды армандайтын жастарға бағыт-бағдар беріп, грант іздеу мен университетке құжат тапсыру процесін жеңілдетуге арналған, деп жазады Ozgeris.info.
Соңғы жылдары шетелде білім алуға қызығушылық артқанымен, талапкерлердің басым бөлігі ақпарат тапшылығына тап болады. Әсіресе ауыл мен шағын қалалардағы жастар үшін халықаралық білім бағдарламаларына қатысты нақты бағыттың болмауы үлкен мәселе. Университет таңдау, мотивациялық эссе жазу, халықаралық тестілеуге дайындалу, грант іздеу, сұхбаттан өту және виза рәсімдеу – мұның бәрі бір-бірімен байланысқан ұзақ үдеріс. Көп жағдайда талапкерлер қайдан бастау керегін білмей жатады. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында құрылған «YerAI Mentor» платформасы бүгінде білім беру саласындағы цифрлық ментор қызметін атқарып отыр.
Жоба негізін қалаған Әмине Қадырдың өзі де бұл жолдан өткен. Ол мектеп бағдарламасын қатарластарынан екі жыл ерте аяқтап, 16 жасында Босния және Герцеговинадағы Сараево қаласында орналасқан International Burch University университетіне грантпен оқуға түскен. Кейін бірнеше мемлекетте білімін жетілдіріп, 19 жасында бакалавр дипломын алған. Біраз уақыттан соң Назарбаев университеті қабырғасында оқытушы-ассистент болып жұмыс істейді. Дәл осы кезеңде шетелге түсуге ниетті жастарға көмектесетін цифрлық жоба құру идеясы қалыптаса бастаған. Әмине Қадырдың айтуынша, стартаптың алғашқы қадамы онлайн оқыту платформасынан басталған.

«2019 жылы декреттік демалысқа шықтым. Сол кезде үйде отырып табыс табудың жолын қарастыра бастадым. Бірақ баламнан ұзап кеткім келмеді. Содан онлайн форматта сабақ өткізу туралы ой келді. Алғашында ағылшын және түрік тілдері бойынша курс аштым. Кейін оған IELTS, SAT емтихандарына дайындықты қостым. Бастапқы кезеңде барлық жұмысты өзім атқардым. Сабақ өттім, оқушы тарттым, менторлық жасадым. Кейін команда құрылып, жүйе біртіндеп қалыптаса бастады. Біз әсіресе ауыл мен шағын қала жастарына көбірек назар аудардық. Себебі олардың көбі шетелге түсуге қатысты нақты ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Біраз уақыттан кейін ай сайын ондаған оқушыға тұрақты түрде қызмет көрсете бастадық. Бірақ бір нәрсені анық түсіндім. Шетелге оқуға түсуге қатысты барлық қызметті бір жүйеге біріктіретін платформа жоқ еді. Сол себепті осындай өнімді өзім жасауға шешім қабылдадым», дейді жоба жетекшісі.
Кейін стартап авторы Astana Hub ұйымдастырған «AI’preneurs» бағдарламасына қатысып, идеясын технологиялық өнім деңгейіне көтере бастаған. Сол кезеңде талапкерді шетел университетіне түсу жолында толық сүйемелдейтін цифрлық ментор жасау туралы нақты шешім қабылданады. Жобаның алғашқы кезеңінде платформаның дизайнынан бастап жүйе архитектурасына дейінгі көптеген жұмысты Әмине Қадырдың өзі атқарған. Ол техникалық маман болмаса да, кейін бағдарламалау мен цифрлық құралдарды өз бетінше меңгергенін айтады.
Бүгінде «YerAI Mentor» бірнеше бағытты қамтитын ауқымды цифрлық жүйеге айналып отыр. Платформадағы негізгі бөлімдердің бірі – ағылшын тілінің ауызша сөйлеу дағдысын дамытуға арналған модуль. Мұнда IELTS Speaking емтиханының үлгілері, күнделікті сөйлеу машығын жетілдіретін тапсырмалар және виза сұхбатына дайындық жүйесі енгізілген. Пайдаланушы жасанды интеллектпен сөйлесу арқылы жауаптарын бірнеше мәрте қайталап, өз қатесін түзете алады. Сонымен қатар жүйеде эссе мен жазба жұмыстарын тексеретін арнайы құрал бар. Платформа IELTS Writing форматына сәйкес мәтіннің құрылымын, логикасын және дәлелдерінің сапасын сараптайды. Жасанды интеллект тек қатені көрсетіп қоймай, мәтінді қалай жақсартуға болатыны жөнінде де нақты ұсыныстар береді. Бұл талапкердің академиялық жазу машығын дамытуға мүмкіндік береді.
Платформадағы тағы бір маңызды бөлім – түйіндеме дайындау жүйесі. Көп жағдайда талапкерлер халықаралық форматтағы резюмені қалай құрастыру керегін білмейді. Ал «YerAI Mentor» талапкердің жетістіктерін дұрыс құрылымдап, маңызды ақпаратты алдыңғы қатарға шығаруға көмектеседі. Сонымен қатар қандай деректі қысқарту керегін де көрсетеді.
Жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі – университет пен грантты автоматты түрде іріктеу мүмкіндігі. Пайдаланушы өзінің үлгерімі, тіл деңгейі, қызығушылығы мен белсенділігі туралы мәлімет енгізгеннен кейін платформа оны базадағы деректермен салыстырып, сәйкес келетін оқу орындарын ұсынады. Қазір жүйеде 500-ден астам шетелдік университет пен 73 халықаралық шәкіртақы бағдарламасы жинақталған.
Платформа тек университет таңдаумен шектелмейді. Мұнда АҚШ визасына арналған сұхбат дайындықтары, жиі қойылатын сұрақтар және талапкерлер жиі жіберетін қателер де қамтылған. Бұдан бөлек, Ұлыбритания, Канада және Аустралия визасына арналған арнайы бөлімдер іске қосылған. Жоба командасы талапкерлерге бір ғана университетпен шектелмеуге кеңес береді. Олардың айтуынша, бірнеше елдегі жоғары оқу орындарына қатар құжат тапсыру грант алу мүмкіндігін арттырады. Кейбір талапкерлердің бір уақытта бірнеше университеттен шақырту алған жағдайлары да болған.
Қазір стартап халықаралық нарыққа шығуға дайындалып жатыр. Платформаны қолданушылардың шамамен 30 пайызы – Моңғолия жастары. Бұл жобаның Қазақстаннан тыс жерде де сұранысқа ие бола бастағанын көрсетеді. Жақында стартап Германиядағы Constructor University ұйымдастыратын «Constructor Start Acceleration Program» бағдарламасына іріктелді. Байқауға қатысқан 1680 жобаның ішінен небәрі 26 стартап өткен. Сол тізімге қазақстандық жоба да енген. Команда мұны еуропалық нарыққа шығудың маңызды қадамы деп бағалайды.
Қазір жоба pre-seed, яғни бастапқы инвестициялық кезеңде тұр. Сондықтан команда халықаралық және жергілікті инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр. Алдағы мақсат – платформаның мүмкіндігін кеңейтіп, жасанды интеллект негізіндегі жаңа қызметтерді енгізу. Әмине Қадырдың пікірінше, талапкер үшін ең күрделі мәселе – университетке түсу емес, грант ұтып алу. Сондықтан жоба алдағы уақытта дәл осы бағытқа көбірек назар аудармақ.
«Бір ғана грантқа үміт артып қалуға болмайды. Құжатты бірнеше мемлекетке қатар тапсыру қажет. Дайындықты тек 10–11 сыныпта емес, одан да ертерек бастаған дұрыс. Тіл меңгеру, халықаралық тестілеуге дайындалу және жеке портфолио қалыптастыру қатар жүруі керек. Университет тек бағаға қарап шешім қабылдамайды. Талапкердің қоғамдық белсенділігі, қатысқан жобалары, қызығушылығы мен бастамалары да маңызды. Сондықтан әр жетістікті жинақтап, кейін оны сапалы эссеге айналдыра білу қажет», дейді жоба жетекшісі.