Кез келген заң немесе қаулы қабылданғанда оның пайдасы бар ма, жоқ па – тек құжат күшіне енгеннен кейін ғана белгілі болады. Сол үшін әлемнің көп елінде «ex-post бағалау» деген тәсіл қолданылады. Яғни, құжат қабылданған соң оның нақты нәтижесі қалай болды, мақсатына жетті ме, реттеу тиімді болды ма – осының бәріне кейін талдау жасалады, деп жазады Ozgeris.info.
Бірақ бұл тәсіл дамыған елдердің өзінде толық жолға қойылмаған. Осы мәселе жөнінде Сараптама орталығының директор орынбасары Айгүл Асенова пікір білдірді.
«Ex-post бағалау дегеніміз – қабылданған регуляторлық актілердің шынайы әсерін зерттеу. Құжат қабылданып кеткен соң, ол іс жүзінде қалай жұмыс істеп жатыр, қандай нәтижеге жеткізді, бастапқы мақсат орындалды ма – соның бәрін талдаудың тәсілі. Мұндай бағалау реттеу сапасын жақсарту үшін өте маңызды. Себебі саясаткерлер қағаздағы жоспар емес, нақты өмірдегі әсерді көреді. OECD-нің 2025 жылға арналған «Регуляторлық саясат перспективасы» атты есебі осы мәселені жан-жақты қарастырған. Бұл зерттеуде заңдардың да, актілердің де ex-post бағалау сапасы өлшенді және екі бағытта да әлсіз тұстар көп екені анықталды», дейді ол.
Айгүл Асенованың айтуынша, зерттеуге OECD-ге мүше 38 ел қатысқан. Методология заңдар мен үкімет бастамашы болған заңды актілерге жүргізілген бағалауларды қамтыған. Нәтижесінде ex-post бағалауы жүйелі түрде жүргізілетін елдер саны өте аз болып шыққан. Тіпті ұйым елдерінің үштен бірінде ғана белгілі бір талаптар бар, қалғандары бұл бағытты мүлде жолға қоймаған. Сарапшы бұл деректердің мағынасын былайша тарқатып түсіндіреді:
«OECD 2024 жылғы бағалауында ex-post талдаудың сапасы 0-4 шкаласы бойынша өлшенеді. Орташа балл бар-жоғы 1,34 болды. Бұл дегеніңіз – елдердің басым бөлігінде талдау жасалады, бірақ ол тек формалды деңгейде. Тек 9 ел ғана 2 немесе одан жоғары балл жинаған. Төрт негізгі бағыттың бәрінде айқын кемшілік бар: методология – 0,36, жүйелі енгізу – 0,36, ашықтық – 0,37, бақылау және сапаны тексеру – 0,25. Заңдға қарасты актілер бойынша да көрініс дәл осындай: орташа балл 1,33, ал 38 елдің ішінде 9 ел ғана 2 балдан жоғары көрсетті. Яғни, заңдар мен актілердің ex-post бағалау сапасы бірдей деңгейде төмен болып отыр».
Зерттеу бұрынғы жылдармен салыстыра келе, айтарлықтай ілгерілеу байқалмағанын да көрсеткен. 2014 жылмен салыстырғанда орташа өсім небәрі 0,12 балл шамасында. Ал ex-post бағалауды жүйелі түрде енгізу көрсеткіші тіпті 0,06 баллға ғана өскен. Бұл елдердің көпшілігі талаптарды кеңейтпегенін, жүйені дамытпағанын білдіреді.
Тағы бір маңызды мәселе – ex-post талдау көптеген елдерде бір реттік шара ретінде жасалатыны. Яғни, жүйелі жұмыс емес. Мысалы, 38 елдің 11-і ғана (яғни 28%) барлық заңдарға міндетті түрде ex-post бағалау жүргізеді. 13 елде (34%) тек кейбір заңдарға ғана талап қойылған. Ал 14 ел (37%) мұндай талап мүлде енгізбеген.
«Ex-post бағалаудың жүйесіз болуы – реттеу сапасына үлкен қауіп. Егер бағалау міндетті болмаса, онда тек саяси себеппен немесе белгілі бір мәселе шыққанда ғана талдау жасалады. Яғни, жоспарлы емес, реактивті жұмыс жүреді. Бұл реттеу сапасын ұзақ мерзімде төмендетеді», дейді сарапшы.
Айгүл Асенова Қазақстандағы жағдайды да талдады. Біздің елде ex-post бағалау 2015 жылы қабылданған Кәсіпкерлік кодексі арқылы енгізілген. Кодекстің 83-бабында талдау «құжат қабылданар алдында» да, «қабылданғаннан кейін» де жүргізілуі тиіс деп жазылған. Қазақстанда ex-post бағалау жыл сайын жүргізілуі керек. Мемлекеттік органдар жыл сайынғы жоспарды 20 желтоқсанға дейін бекітіп, өз сайттарына жариялауы тиіс. Бірақ іс жүзінде бұл талап толық орындалмайды. Сарапшы бұл туралы ашық айтты:
«Ex-post бағалау Қазақстанда бар, бірақ оны барлық мемлекеттік орган орындап жатыр деп айта алмаймыз. Ресми ресурстарды қарап шыққанда, тек шамамен 10% орган ғана келесі жылға арналған жоспарды әзірлеп, бекітіп, ресми сайттарына жариялаған. Қалғандары бұл талапты орындамайды немесе формалды түрде қарайды».
Бұл жағдай елімізде де жүйелі тәсілдің әлі қалыптаспағанын көрсетеді. Ex-post бағалау – құжаттың өміршеңдігін, тиімділігін және қоғамға әсерін өлшейтін ең маңызды құралдардың бірі. Бірақ ол қағаз жүзінде ғана болса, реттеу сапасы жақсармайды.