Танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова мамандығына деген шексіз сүйіспеншілігі туралы әлеуметтік желіде жазба бөлісті, деп хабарлайды Оzgeris.info ақпарат порталы.
Өнер иесі театр сахнасын сағынып жүргенін айтып, әр жылдары бастан өткерген қиын сәттерін еске алды.Актрисаның айтуынша, 2021 жылы Түркістан қаласында қойылған «Махаббат мұнарасы» спектаклі кезінде сахнадағы күрделі декорациялар салдарынан аяғын жарақаттап алған. Соған қарамастан, қойылымды соңына дейін ойнап шыққан. Кейін жарақатына таңып, келесі күні қайта сахнаға шыққанын жеткізді.
2023 жылдың желтоқсанында Жетісай қаласында өткен «Қара шекпен» қойылымы кезінде де жарақат алған. Сахна еденінің ескі болуына байланысты құлап, жамбас сүйегін зақымдап алғанымен, бірнеше күнге созылған премьераға толық қатысқан.
Ал 2024 жылдың қаңтарында Атырауда «Махаббат қызық мол жылдар» спектаклі үш күн қатарынан аншлагпен өткен. Дәл осы кезеңде актрисаның денсаулығы сыр беріп, бас ауруы мазалағанына қарамастан, кейіпкердің жан күйін жеткізу үшін сахнаға шыққан.
2025 жылдың ақпанында Өскеменде өткен қойылым кезінде актриса қатты аязда үсіп қалып, сырқат күйде өнер көрсеткенін де жасырмады. Ол бұл уақытта аяғы ауыр болғанын да атап өтті.
Жұлдыз Әбдікәрімова бұл жағдайларды жанкештілік емес, өнерге деген шынайы махаббат деп түсіндірді. Оның айтуынша, театр — өмірінің ажырамас бөлігі.
«Өз мамандығымды шын жүректен жақсы көремін. Театр сахнасында шамам жеткенше қызмет етсем, мен үшін одан асқан арман жоқ», — деп жазды актриса.