Елімізде банктер әрбір азаматтың шоттары туралы толық мәліметті Ұлттық банкке тапсыратын жаңа ереже күшіне енді. Енді барлық ақша қозғалысы, оның ішінде жеке аударымдар мен аударым саны да назарда болады. Жаңа талаптар кімге әсер етеді, не нәрсеге дайын болу керек және салық органдары нені тексереді? Ozgeris.info тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда жаңа ереже күшіне енді. Енді еліміздегі барлық екінші деңгейлі банктер, шетелдік банктердің филиалдары, Қазақстанның даму банкі мен «Қазпошта» халықтың шоттары туралы ай сайын толық есеп тапсыруға міндетті. Бұл талап резиденттерге де, резидент еместерге де бірдей қатысты.
Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, еліміздегі әрбір ересек азаматтың банк шоты толық бақылауға алынады. Ереже барлық шот түрлеріне қатысты: ағымдағы шот, жинақ, депозит, жеке кәсіпкерлік шоты, тіпті бос және шартты шоттар да назарда. Ұлттық валютада болсын, шетелдік валютада болсын бәрі есепке алынатын болады.
Банктер не тапсырады?
Банк әрбір клиенті туралы мынадай мәліметтерді беруі тиіс:
• шот иесі туралы ақпарат;
• банкпен жасалған келісімнің мазмұны;
• шоттың техникалық сипаттамасы (валюта, пайыздық мөлшерлеме, қалдық сома);
• және шот бойынша жүргізілген барлық операциялардың толық есебі.
«Есептің түрі көп, мысалы 10-12 форма бар. Кейбірі жеңілдетілген, ал кейбірінде барлық аударымдар егжей-тегжейлі көрсетіледі», - деп түсіндірді тәуелсіз банк сарапшысы Нұржан Бейқаев.
Ал жеке мәліметтердің құпиялылығы қалай қорғалады?
Ұлттық банк жаңа жүйе азаматтардың жеке мәліметтеріне тиіспейді дейді. Әр адамның ЖСН-і орнына шифрланған жеке код пайдаланылады екен. Бұл кодты үшінші тарап аша алмайды деп сендіріп отыр. Ал егер мемлекеттік орган ресми түрде сұрау жіберсе, мысалы, Салық комитеті, қаржы мониторингі немесе депозиттерге кепілдік беру қоры, банк ашық нұсқасын ұсынуға міндетті.
«Мемлекеттік органнан сұраныс түссе, банк шифрды шешіп, нақты тұлға туралы ақпарат береді. Сондықтан бұл мәлімет толық анонимді емес», - дейді Бейқаев.
Банк ақпаратты ай сайын тапсырып отырады. Яғни, әр айдың 10-на дейін барлық банк пен қаржы ұйымы өз клиенттерінің шоттары туралы мәліметті Ұлттық банкке жіберуге тиіс.
Салық органдары неге мән береді?
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап салық қызметі шот иелеріне қатысты жаңа критерий бойынша тексеріс бастайды. Егер сіз үш ай қатарынан 100 адамнан ақша алып отырсаңыз, сондай-ақ әр айда түсетін қаражатыңыз 1 миллион теңгеден асып кетсе, сіз тексеруге ілінуіңіз мүмкін.
«Салық органдары алдымен сізден түсініктеме сұрайды, бұл ақша қайдан келді деп. Егер түсініктеме қанағаттандырмаса, әрекетіңізді кәсіпкерлікпен заңсыз айналысу деп тануы мүмкін», - дейді сарапшы.
Мысалы, сіз пәтерді жалға беріп, ай сайын ақша алып отырсыз. Немесе ата-аналар комитетінің төрағасы ретінде ақша жинап жатсыз, не болмаса науқас адамға ерікті ретінде қаражат жинап жатырсыз. Бұл заңбұзушылық емес. Десе де, тұрақты түсіп отырған аударымдарға «жалға алу үшін» деп көрсетілсе, салық органдарының күдігіне себеп болуы мүмкін.
Қалай қорғануға болады?
- Ақшаны жақындарыңыздан немесе достарыңыздан алсаңыз, аударымның мақсатын жазыңыз: «сыйлыққа», «тамаққа», «анамнан сәлем»;
- Тексеріс бола қалса, қолда дәлел болсын десеңіз, чек, скриншот, түбіртекті сақтап қойыңыз.
- Мысалы, сіз ауруханаға деп ақша жинап жатсаңыз, соңында қайда жұмсалғанын көрсететін қорытынды чекті де сақтаған дұрыс.
«Мүмкіндігінше түпкілікті чекті сақтаңыз, дүкеннен, банкоматтан, кассадан. Себебі салық қызметі сізден былтырғы жылғы операциялар туралы сұрауы мүмкін», - дейді Нұржан Бейқаев.
Сарапшының пікірінше, бұл ереже кәсіпкерлерге кері әсер етуі мүмкін. Қазірдің өзінде көп кәсіп иелері қолма-қол ақшаға оралуды ашық талқылап жатыр. Қарапайым халық та түбінде қолма-қол ақшаға ауысыуы мүмкін.
«Көп кәсіпкерлер аударымнан бас тартып, тек “конвертпен” жұмыс істеуді қайта қолға алмақ. Бұл бизнестің көлеңкеге кетуіне, салық түсімдерінің азаюына әкеледі», - дейді сарапшы.
Неліктен билік халықтың қалтасын аңдуға көшті?
Нұржан Бейқаев билікке маңызды сұрақ қойды. Егер мақсат көлеңкелі экономиканы азайту мен бюджетті толтыру болса, неге бақылау барша халыққа емес, нақты ірі сомалар мен күмәнді схемаларға бағытталмайды?
«Жыл сайын миллиардтаған ақша шетелге заңсыз шығып жатыр. Оффшорлар, салықтан жалтару, сұр схемалар бар. Соларға нақты бақылау болмаса, қарапайым халықты бақылау үлкен нәтиже бермейді»,- дейді сарапшы.
Айта кетейік, егер сіз қарапайым азамат болсаңыз, яғни кәсіпкерлікке қатысыңыз жоқ, көп адамнан ақша қабылдамайсыз, онда алаңдаудың қажеті жоқ. Ал егер волонтерлық қызметпен айналыссаңыз, жиі ақша жинасаңыз, пәтер жалға берсеңіз немесе туыстарыңыз жиі ақша аударатын болса, сақтықта қорлық жоқ. Аударым мақсатын көрсетіп, растаушы құжаттарды сақтап қойғаныңыз дұрыс.