💰 Экономика

Енді еңбек шарты бәріне ортақ болмақ

Енді еңбек шарты бәріне ортақ болмақ

Елімізде еңбек шартының бірыңғай үлгісі енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырма берген. Яғни, болашақта жұмыс беруші мен қызметкер қол қоятын құжаттың ортақ форматы болады, деп жазады Ozgeris.info.

Бұл бастаманың мақсаты түсінікті. Бір құжаттың ішінде негізгі кепілдіктер, құқықтар және міндеттер нақты жазылуға тиіс. Әр жұмыс беруші өз бетінше түрлі шарт қосып, түсініксіз тұстар енгізбеуі керек. Бірыңғай үлгі еңбек дауларының санын азайтпақ. Сонымен бірге жұмысқа қабылдау үдерісі жеңілдеп, шарттар барынша ашық болады.

Үкімет өкілдері цифрландыру дәуірінде қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы қарым қатынас та түсінікті әрі ыңғайлы болуы керек екенін айтып отыр. Бірыңғай еңбек шарты осындай құралдың біріне айналуы мүмкін. Әсіресе онлайн форматта рәсімдеу кезінде бұл маңызды.

Әзірге бұл құжаттың нақты қашан дайын болатыны және міндетті күшіне қашан енетіні айтылған жоқ. Бірақ жалпы бағыт белгілі.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап Қазақстан толықтай электронды еңбек шарттарына көшуді жоспарлап отыр. Қағаз нұсқа біртіндеп қолданыстан шығарылады. Бұл өзгерістер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған заңнама түзетулерінде көрсетілген.

Қазір еңбек шарттарының көпшілігі әлі де қағаз түрінде жасалады. Кейін ғана бірыңғай жүйеге жүктеледі. Ал бірден цифрлық форматта рәсімделетін келісімдер үлесі бар болғаны 10-15% шамасында. Министрлік алдағы 2 жыл ішінде бұл көрсеткішті 90%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Жұмыс берушілер мен қызметкерлерге бейімделуге уақыт беру үшін 2026 жылдың соңына дейін өтпелі кезең қарастырылған. Ал электронды форматты міндетті ету туралы заң жобасы 2026 жылы Парламент қарауына енгізілмек.

 

Барлық жаңалық