💰 Экономика

Еңбек нарығында «теңгерім» бар ма?

Еңбек нарығында «теңгерім» бар ма?

Қазақстанның еңбек нарығында тарихи бетбұрыс басталды. 2026 жылдың наурыз айындағы көрсеткіштер бос жұмыс орындары мен түйіндемелер санының теңескенін көрсетті. Алайда, сан жағынан теңгерім болғанымен, сапа мен жалақы мәселесіндегі алшақтық әлі де жоғары. HR мамандары 4 миллион теңге сұраса, жұмыс берушілер 1,5 миллионнан асыра алмай отыр. Нарық қай бағытқа бет алды?

Жалақыда алшақтық қандай?

2026 жылдың наурыз айында электрондық еңбек биржасы – Enbek.kz платформасындағы көрсеткіштер Қазақстандағы еңбек нарығында жаңа кезең басталғанын аңғартты. Жұмыс берушілер 102,6 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілер тарапынан 107,1 мың түйіндеме орналастырылған. Бұл – кейінгі айларда сұраныс пен ұсыныс арасындағы айырмашылықтың айтарлықтай қысқарғанын білдіреді. Бұған дейін еңбек нарығында жұмыс іздеушілер айқын басым болып келген еді.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың басынан бері платформада 304,3 мың бос жұмыс орны мен 394,4 мың түйіндеме тіркелген. Егер қаңтар айында түйіндемелер саны бос жұмыс орындарынан шамамен 60 мыңға артық болса, ақпанда бұл айырмашылық 26 мыңға дейін азайған. Ал наурыз қорытындысы бойынша небәрі 4,5 мың түйіндеме деңгейінде ғана қалып отыр. Бұл еңбек нарығының біртіндеп теңгерімге келе бастағанын көрсетеді.

Ақпанмен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 3,7 пайызға артқан. Керісінше, түйіндемелер саны 14,3 пайызға қысқарған. Мұндай өзгеріс екі түрлі үрдісті байқатады: бір жағынан, жұмыс берушілердің кадр іздеудегі белсенділігі күшейген, екінші жағынан, жұмыс іздеушілердің өз талаптарын нақтылап, нарыққа іріктеліп шығуы арта түскен. Яғни, еңбек нарығында саннан сапаға көшу үдерісі басталғанын байқауға болады.

Салалық құрылымға көз жүгіртсек, кадрға деген ең жоғары сұраныс білім беру саласында қалыптасқан – 22,6 мың бос жұмыс орны. Бұл салада мұғалімдер мен оқытушыларға қажеттілік әлі де жоғары екенін көрсетеді. Екінші орында – өзге де қызмет көрсету саласы (21,2 мың). Бұл қатарға тұрмыстық қызметтер, сервис саласы, жеке қызмет көрсету бағыттары кіреді. Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында 8,7 мың бос жұмыс орны ұсынылған. Сонымен қатар ауыл, орман және балық шаруашылығында 7,9 мың бос жұмыс орны тіркелген. Бұл деректер ел экономикасының әлеуметтік және өндірістік секторларында кадр тапшылығы әлі де сақталып отырғанын айқын көрсетеді.

Өңірлік бөліністе еңбек нарығының белсенділігі Түркістан облысында (7,7 мың бос жұмыс орны) мен Қарағанды облысында (7,6 мың) жоғары деңгейде байқалады. Астана қаласында және Павлодар облысында 7,2 мыңнан бос жұмыс орны ұсынылған. Атырау облысында бұл көрсеткіш 6,5 мыңды құрайды. Бұл аймақтарда өндіріс, қызмет көрсету және инфрақұрылым салаларының қарқынды дамуы еңбек ресурстарына деген сұранысты арттырып отыр. Сонымен қатар бұл көрсеткіштер өңірлер арасындағы экономикалық теңсіздік мәселесін де көрсетеді.

Біліктілік деңгейі тұрғысынан еңбек нарығында орта буындағы мамандарға деген сұраныс басым. Олардың үлесі барлық бос жұмыс орындарының шамамен 40 пайызын құрайды. Бұл – техникалық мамандар, қызмет көрсету саласының қызметкерлері, өндіріс орындарындағы тәжірибелі жұмысшылар сияқты санаттарды қамтиды. Төмен білікті жұмыс орындары 31 пайызды, ал жоғары білікті мамандарға сұраныс 29 пайызды құрайды. Бұл құрылым экономиканың нақты секторында тәжірибесі бар, практикалық дағдысы қалыптасқан мамандардың маңызы артып отырғанын білдіреді.

Жұмыс іздеушілердің құрылымы да назар аударуға тұрарлық. 35 жасқа дейінгі азаматтар барлық түйіндемелердің 42 пайызын құрайды. Бұл – еңбек нарығында жастардың белсенді екенін көрсетеді. 35-44 жас аралығындағы азаматтар 26 пайызды, 45-54 жас аралығындағылар 20 пайызды, ал 55 жастан асқандар 12 пайызды құрайды. Гендерлік бөліністе әйелдердің үлесі жоғары – 54 пайыз, ал ерлер – 46 пайыз. Бұл қазіргі еңбек нарығында әйелдердің белсенділігінің артып келе жатқанын аңғартады.

Жұмыс күші ұсынысының біліктілік құрылымы да сұранысқа жақын. Түйіндемелердің 42 пайызы орта білікті мамандарға, 30,5 пайызы жоғары білікті кадрларға және 27,5 пайызы төмен білікті үміткерлерге тиесілі. Бұл еңбек нарығында белгілі бір құрылымдық тепе-теңдіктің қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Алайда бұл тепе-теңдік тек сандық тұрғыда ғана сақталып отыр.

Негізгі қайшылық жалақы деңгейінде көрініс табады. Жұмыс берушілер ұсынатын ең жоғары жалақы деңгейі 1,1–1,4 миллион теңге аралығында қалып отыр. Мәселен, заң жұмысы жөніндегі бөлім басшысының орынбасары лауазымында шамамен 1,4 миллион теңге, бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы үшін 1,38 миллион теңге, ал өндіруші өнеркәсіптегі өндіріс басшысы үшін 1,14 миллион теңге ұсынылған.

Ал жұмыс іздеушілердің жалақыға деген күтулері бұдан бірнеше есе жоғары. HR бизнес-серіктесі қызметіне үміткерлер шамамен 4,2 миллион теңге, каротажшы мамандар 3 миллион теңге, ал өнеркәсіп саласындағы зертхана басшылары 2,5 миллион теңге көлемінде жалақы күтеді. Бұл айырмашылық еңбек нарығында күтілім мен шынайы ұсыныс арасындағы алшақтықтың сақталып отырғанын анық көрсетеді.

Мұндай жағдайдың қалыптасуына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, жоғары білікті мамандар өз тәжірибесі мен дағдыларын халықаралық деңгеймен салыстыра отырып бағалайды. Екіншіден, инфляциялық қысым мен өмір сүру құнының өсуі жалақыға деген талапты арттырады. Үшіншіден, кейбір салаларда кадр тапшылығы болғанымен, жұмыс берушілердің қаржылық мүмкіндігі шектеулі.

Жұмыс іздеуді жеңілдеткен цифрлық мүмкіндік

Қазақстанда жұмыссыз азаматтардың еңбек нарығына қайта оралуына жол ашатын жаңа тетіктер іске қосылып жатыр. Соның бірі – Skills Enbek онлайн оқыту платформасы. 2026 жылдың басынан бері бұл жүйе арқылы 36,1 мыңнан астам қазақстандық білім алып, тиісті сертификатқа ие болды. Олардың ішінде 16,7 мыңы – жұмыссыз азаматтар. Бұл көрсеткіш мемлекет тарапынан ұсынылған цифрлық білім беру құралдарының нақты нәтижесін көрсетеді. Министрліктің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері ондаған мың азамат жаңа дағды игеріп, еңбек нарығына бейімделу мүмкіндігіне ие болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, бүгінде платформада 1,3 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Тек биылдың өзінде оған қосылғандар саны 56,8 мың адамға жеткен. Ал жалпы іске қосылған уақыттан бері шамамен 1,2 миллион адам түрлі курстарды аяқтаған. Бұл цифрлар Skills Enbek-тің еңбек нарығында сұранысқа ие білім беру алаңына айналғанын айғақтайды.

Министрлік дерегіне сәйкес, курстарды аяқтаған жұмыссыз азаматтардың ішінде 4 мыңға жуығы – 16 мен 35 жас аралығындағы жастар. Бұл жастардың еңбек нарығына бейімделуге, жаңа дағдылар игеруге белсенді екенін көрсетеді. Әсіресе Шымкент қаласында, сондай-ақ Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда және Қостанай облыстарында оқудан өткендердің саны жоғары. Бұл өңірлерде жұмыссыздық мәселесін шешуде онлайн оқытудың рөлі артып келе жатқанын аңғартады.

Бүгінде платформада 581 курс ұсынылған, оның 395-і тегін. Оқу бағдарламалары әртүрлі бағытты қамтиды – қаржылық сауаттылықтан бастап әлеуметтік жұмысқа дейін. Курстардың ұзақтығы 2 сағаттан 72 сағатқа дейін созылады. Бұл азаматтарға өз уақытын тиімді жоспарлап, қысқа мерзімде жаңа дағды игеруге мүмкіндік береді.

Министрліктің баспасөз қызметі алғашқы тоқсандағы ең сұранысқа ие бағыттарды атап өтті:

«2026 жылдың бірінші тоқсанында ең көп таңдалған курстар қатарында «Кассир», «Қаржылық сауаттылық», «Жеке көмекші» және «Әлеуметтік жұмысқа кіріспе» бағдарламалары бар» Бұл тізім еңбек нарығында нақты қандай дағдыларға сұраныс бар екенін көрсетеді. Яғни, қызмет көрсету, қаржы және әлеуметтік салада жұмыс істей алатын мамандарға қажеттілік жоғары. Платформаның басты ерекшелігі – оның икемділігі. Пайдаланушылар оқу қарқынын өздері таңдай алады, қажетті тілде (қазақ, орыс немесе ағылшын) білім алады, оқу барысын бақылап, курс авторларымен кері байланыс орната алады. Сонымен қатар жүйеде жасанды интеллект элементтері бар чат-бот енгізілген. Бұл құрал пайдаланушыларға қажетті ақпаратты жылдам табуға көмектеседі, оқыту процесін жеңілдетеді. Пайдаланушылар оқу қарқынын өздері реттеп, қажетті ақпаратты жылдам таба алады, ал жүйе олардың алған дағдыларына сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады», деп атап өтті ведомство өкілдері.

Оқу курсын аяқтағаннан кейін тыңдаушы тест тапсырады. Білімді бағалау шегі – 70 пайыз. Егер нәтиже талапқа сай болса, жүйе автоматты түрде сертификат береді. Бұл құжат Enbek.kz электрондық еңбек биржасындағы түйіндемеге бірден қосылады. Одан бөлек, платформа алған дағдыларға сәйкес бос жұмыс орындарын ұсыну функциясымен жабдықталған. Яғни, оқыту мен жұмысқа орналасу бір жүйеге біріктірілген.

Оқу материалдарының мазмұны да заманауи талаптарға сай әзірленген. Курстар мәтіндік ақпаратпен қатар бейне және аудио материалдарды, инфографикаларды қамтиды. Сонымен бірге интерфейс ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бейімделген.

Жұмыссыздар ең жиі таңдаған мамандық қандай?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қысқа мерзімді оқыту бірнеше бағытта ұйымдастырылады. Біріншісі – оқу орталықтарындағы курстар, олар жұмыс берушілердің сұранысы негізінде қалыптастырылады. Екіншісі – тікелей жұмыс орнында, яғни жұмыс берушінің базасында өтетін тәжірибелік оқыту. Үшіншісі – Skills Enbek платформасы арқылы онлайн форматта жүргізілетін курстар. Бұл тәсілдер еңбек нарығындағы нақты қажеттіліктерге жедел жауап беруге бағытталған.

Оқу мерзімі алты айдан аспайды және әр мамандықтың ерекшелігіне қарай белгіленеді. Яғни, азаматтар бірнеше ай ішінде жаңа кәсіпті меңгеріп, еңбекке араласуға мүмкіндік алады. Бұл әсіресе жұмыссыздық деңгейін төмендетуде маңызды рөл атқарады.

Өңірлік бөліністе кәсіби оқуға ең көп тартылғандар Ақтөбе облысында – 2,6 мың адам. Одан кейін Шымкент қаласы – 2,3 мың адам. Түркістан және Қызылорда облыстарында – 1,6 мыңнан, Қостанай облысында 1,5 мың адам оқумен қамтылған. Бұл өңірлерде еңбек нарығына бейімдеу шаралары белсенді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Жұмыс орнында оқыту жүйесінің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл жағдайда тәжірибелі қызметкерлердің арасынан тәлімгер бекітіледі. Оқу кезеңінде жұмыс беруші мен жұмыссыз азамат арасында еңбек шарты жасалады. Яғни, тыңдаушы тек оқып қана қоймай, нақты өндірістік тәжірибеден өтеді.

Министрліктің баспасөз қызметі бұл бағыттағы қолдау шараларын нақтылап өтті:

 «Жұмыс орнында оқыту кезінде тыңдаушыларға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде жалақы төленеді. Бұл қаражат еңбек мобильдігі орталықтары арқылы оқушының есепшотына аударылады. 2026 жылдың басынан бері мұндай форматта 288 адам қамтылды. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар тізімінде қарапайым, бірақ тұрақты табыс әкелетін кәсіптер алға шыққан. Атап айтқанда, аспаз мамандығы бірінші орында – 78 адам осы бағытты таңдаған. Одан кейін тігінші (50 адам), бухгалтер-кассир (28 адам), шаштараз (26 адам), ауыл шаруашылығы тракторшы-машинисі (25 адам), маникюр шебері (24 адам) және стилист-шаштараз (22 адам) мамандықтары сұранысқа ие».

Кәсіби оқуға қатысу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгінуі қажет. Ал ауылдық жерлерде бұл қызметті ауылдық округтер мен кент әкімдіктері арқылы алуға болады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да ауқымды.

 

Барлық жаңалық