Қазақстанда еңбек нарығы жанданып келеді. Елде жалақы көлемі өсіп, жұмыс орындарының саны артуда. 2025 жылы орташа айлық еңбекақы 448 мың теңгеден асты, ал жұмыссыздық деңгейі ел тарихындағы ең төмен межеге түсті. Мемлекет жұмыссыз азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, жаңа төлем жүйесін енгізіп отыр. Сонымен қатар, сарапшылар жасанды интеллект пен технология дамуы еңбек нарығына жаңа талаптар қоятынын ескертеді. Жалпы еңбек нарығында қандай қызықтар болып жатыр, соған үңілейік, деп жазады Ozgeris.info.
Жұмыс орындары көбейіп келеді
Қазақстанда жалақы көлемі мен жұмыс орындарының саны өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың екінші тоқсанында орташа айлық жалақы 448,6 мың теңге болды. Қалада бұл көрсеткіш 471 мың теңге болса, ауылдық жерде – 381,7 мың теңге. Бір жылда жалақы 11,3%-ға, ал нақты сатып алу қабілеті 2,4%-ға артқан. Кейінгі бес жылда еңбекақы екі еседен көп өскен. Бұл экономиканың әртараптануына, инвестицияның көбеюіне және цифрлық саланың дамуына байланысты. Қазір еңбек нарығында ең бастысы – кәсіби біліктілік. Технологияны меңгерген, шет тілін білетін және аналитикалық ойлай алатын мамандарға сұраныс жоғары.
Мысалы, ауыл шаруашылығында да табыс жақсы. Инженерлердің орташа жалақысы 2,7 млн теңгеге дейін жетеді. Аналитиктер 850 мың теңге, ал ветеринарлар шамамен 730 мың теңге табады. Яғни, табыс тек салаға емес, адамның еңбегі мен қабілетіне де байланысты. Қазір Қазақстанның орташа жалақысы Орталық Азия елдері арасында ең жоғары. Ол Өзбекстан мен Қырғызстандағы еңбекақыдан шамамен 70%-ға, ал Тәжікстаннан 2,5 есеге көп.
Еңбек нарығында жұмыс орындарының саны да артып келеді. 2025 жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,6% болды – бұл ел тарихындағы ең төмен көрсеткіш. Бір жыл ішінде 607 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жұмыс орындарының көбі құрылыс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету саласында. Қалада сұраныс – жүргізуші, дәнекерлеуші, ораушы, ал ауылдық жерде – шахтер, электрослесарь, тракторшы, монтажшы сияқты мамандықтарға жоғары. Олардың айлық табысы 350 мыңнан 800 мың теңгеге дейін жетеді.
Алайда қызық жағдай қалыптасып отыр: жұмыс бар, бірақ кей қазақстандықтар оны таңдауға асықпайды. Көпшілігі жеңіл әрі жоғары жалақысы бар қызмет іздейді. Ал ауыр әрі техникалық жұмыстарды көбіне шетелдік мигранттар атқарады. Бүгінде Қазақстанда 185 мыңнан астам еңбек мигранты тіркелген. Олардың көбі құрылыс пен ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Ең көп мигранттар Өзбекстаннан, Тәжікстаннан және Әзербайжаннан келген. Бұл еңбек нарығының басты парадоксын көрсетеді: елде жұмыс көп, бірақ оған дайын адамдар аз.

Үкімет жұмыссыздарға ақша таратып жатыр ма?
Қазақстанда жұмыссыз қалған азаматтарға мемлекет тарапынан арнайы төлем қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, биыл 264 мыңнан астам адам осындай әлеуметтік төлем алған. Орташа төлем мөлшері шамамен 317 мың теңгені құрады. Жалпы төлемдердің жиынтық сомасы 84 млрд теңгеден асты. Бұл төлем барлық жұмыссызға бірдей берілмейді. Тек соңғы жарты жыл ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударым төлеген азаматтар ғана ала алады. Яғни, жұмыс істеп жүрген кезде ресми түрде әлеуметтік төлемдер аударып отырған болуы қажет.
Егер адам өз еркімен жұмыстан шықса да, бұл төлемге үміткер бола алады. Себебі, заң бойынша жұмыстан шығу себебі төлем алу құқығына әсер етпейді, тек оның ұзақтығын анықтайды. Төлем мерзімі 1 айдан 6 айға дейін созылады. Бұл қатысу өтіліне байланысты есептеледі. Мысалы, 6 айдан 12 айға дейін әлеуметтік жарна төлегендерге 1 айлық төлем беріледі. 12–24 ай аралығында төлегендерге – 2 ай, ал 60 айдан артық еңбек өтілі барларға – 6 айға дейін төленеді. Әлеуметтік төлем жоғалған табыстың 45%-ына дейінгі көлемде есептеледі. Алайда ол толық жалақыны өтемейді, себебі әлеуметтік жарна 7 ең төменгі жалақы көлемінен аспайды. Мысалы, 2025 жылы бұл шектеу 595 мың теңге болып бекітілген.
Егер азамат бірнеше жерде жұмыс істеп, біреуінен ғана айырылса, төлем берілмейді. Төлем тек барлық табыс көзін жоғалтқан жағдайда ғана тағайындалады. Төлем алу үшін азамат eGov.kz порталында тіркеліп, «Жұмыс іздеушілерді тіркеу» қызметін таңдайды. Өтінішті онлайн толтырып, электронды қолтаңбамен растайды. Кейін жергілікті карьералық орталық жұмыс іздеуге көмектеседі. Егер үш күн ішінде жұмыс табылмаса, адамға «жұмыссыз» мәртебесі беріледі, содан кейін төлем автоматты түрде тағайындалады.
Сондай-ақ, өтінішті enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы да беруге болады. Тіркелген азаматтарға төлем туралы SMS хабарлама келеді, оған жауап беру арқылы қызмет автоматты түрде іске қосылады. Әлеуметтік төлемге қатысу үшін азамат міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тіркелген болуы тиіс. Төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа табыс пен еңбек өтіліне қарай есептеледі. Мысалы, егер адамның айлығы 150 мың теңге болса, ол әлеуметтік жарна төлеген айларына қарай айына шамамен 60–70 мың теңге көлемінде төлем алады. Бұл сомаға міндетті зейнетақы жарналары да қосылады. Бұл төлемді қайта алуға да болады. Егер азамат бұрын осындай төлем алып, қайта жұмыссыз қалса, оның еңбек өтілінен алдыңғы төлем мерзімі шегеріледі. Сол себепті екінші рет төлем мерзімі қысқарады.
Мамандар жұмыс істеп жүрген азаматтарға әлеуметтік жарналардың уақтылы төленіп отырғанын тексеріп тұруды ұсынады. Егер жұмыс беруші әлеуметтік төлемдерді аудармаса, кейін бұл көмекке қол жеткізу қиын болады. Төлемдердің дұрыстығын eGov.kz порталы немесе банктердің мобильді қосымшасы арқылы көруге болады.

ЖИ сізді жұмыссыз қалдыра ма?
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев жасанды интеллект пен роботтардың дамуы Қазақстанда жұмыссыздықты көбейтуі мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, бұл жағдайға елдегі халық санының өсуі мен урбанизация себеп болуы ықтимал. Алдағы жылдары еңбек нарығында үлкен өзгерістер күтіледі. Кейінгі жиырма бес жылда Қазақстанда демографиялық өсім айтарлықтай артты. Жас буын көбейді, ал оларға болашақта жұмыс керек болады. Қала халқы да өсіп келеді. Дәл осы қалаларда жасанды интеллект пен роботтар адам еңбегін алмастыра бастайды. Бұған қоса, адамдардың өмір сүру ұзақтығы артты, тәжірибелі мамандар еңбек нарығында ұзақ уақыт қалады.
– Бұл мәселені шешу үшін Қазақстан өндіріс саласын күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуы қажет. Егер ел жүздеген мың адамға тұрақты жұмыс ұсына алатын индустриялық орталыққа айналса, онда бұл қауіптің алдын алуға болады. Ал егер мұндай мүмкіндік болмаса, жастар арасында жұмыссыздық артып, ел ішінде әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін. Кейбір жастар шетелге жұмыс іздеп кетуі ықтимал. Әсіресе мұнай өндірісі азайып, бұл салада да роботтар қолданылған соң, еңбек миграциясы күшеюі мүмкін. Білікті мамандар шетелге кетсе, ел ішінде аз тәжірибелі жұмысшылар қалады. Ал оларды қай сала жұтып алады – бұл ашық сұрақ. Көрші елдердің жағдайы да оңай емес. Мысалы, Қытайда еңбек мәдениеті өте қатал, ал Өзбекстан халқы көп әрі жұмыс күшін экспорттауға дайын. Еуропа елдері мигранттарды тек жоғары білікті мамандар арасынан ғана қабылдайды. Азияның дамыған мемлекеттері де өз өндірісін тез роботтандырып жатыр, – дейді Ғазиз Әбішев.
Сондықтан Қазақстан үшін басты мәселе – еңбек ресурсын дұрыс бағыттау. Мемлекет жаңа технологияларды енгізумен қатар, адамдарға жаңа мамандықтарды үйретуі тиіс. Болашақта техникалық және коммуникативтік дағдылар ерекше сұранысқа ие болады. Тарих көрсеткендей, технология дамыған сайын жаңа кәсіптер пайда болады. Бірақ бұл үдеріс баяу жүреді. Сол себепті ел уақыт жоғалтпай, халықты жаңа экономикалық жағдайға бейімдеуі керек. Әйтпесе, технология дамуының толқынына ілесе алмағандар артта қалуы мүмкін.

Жұмыс жеке өмірге әсер етіп жатыр ма?
Халықаралық Remote платформасы жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігін сақтауға қолайлы елдердің 2025 жылғы рейтингін жариялады. Бұл тізім әлем бойынша адамдардың өмір сапасы мен еңбек жағдайын салыстырып көрсетеді. Зерттеу барысында мамандар 60 елдің еңбек мәдениетін бірнеше көрсеткіш бойынша бағалаған. Олардың қатарында жыл сайынғы демалыс уақыты, денсаулық сақтау сапасы, қоғамдық қауіпсіздік және апта сайынғы орташа жұмыс сағаты бар. Әр елге осы көрсеткіштер негізінде 100 балдық жүйе бойынша баға берілді.
Рейтингтің көшін қайтадан Жаңа Зеландия бастады. Екінші орында – Ирландия, ал үшінші орынды Бельгия иеленді. Сондай-ақ алғашқы ондыққа Германия, Норвегия, Дания, Канада, Аустралия, Испания және Финляндия кірді. Қазақстан бұл тізімде 46-орыннан көрінді. Бұл елдің жұмыс жағдайы мен өмір сапасы бойынша әлемдік деңгейде орташа деңгейде тұрғанын көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай рейтингтер елдерге азаматтардың еңбек пен өмір арасындағы тепе-теңдігін жақсарту бағытында жаңа саясат жасауға көмектеседі.

Онлайн жұмыс істеуге де болады
Қазақстанда енді қызметкерлерге икемді жұмыс кестесін белгілеу мүмкіндігі заң жүзінде қарастырылған. Бұл тетік қашықтан еңбек ететіндерге де, кеңседе жұмыс істейтіндерге де қолданылады. Мақсат – адамның жеке өмірі мен жұмысын үйлестіріп, әлеуметтік және тұрмыстық қажеттіліктерді өндіріс мүддесімен қатар ұстау. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндіргендей, икемді жұмыс уақыты кез келген қызметкерге беріле алады. Бұл үшін қызметкер өтініш жазып, жұмыс берушімен келісімге келуі тиіс. Заңда мұндай кестені кімге орнатуға болмайды деген шектеу жоқ.
Комитеттің мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бас сарапшысы Жеңіс Рүстемовтың айтуынша, икемді жұмыс кестесі еңбек шарты жасалған кезде де, оның орындалу барысында да енгізілуі мүмкін. Ол екі жақтың келісімі бойынша белгілі бір мерзімге немесе мерзімсіз уақытқа белгіленеді. Рүстемовтың сөзінше, мұндай жүйе қызметкердің де, жұмыс берушінің де мүддесіне сай келеді.
– Икемді график – қазіргі еңбек нарығында кең таралған тәжірибе. Ол қызметкердің денсаулығына, мотивациясына және еңбек өнімділігіне оң әсер етеді. Мұндай тәсіл жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, сонымен қатар кадр тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда бұл бастама еңбек қатынастарын заманауи форматқа көшіруге, қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікті нығайтуға бағытталған, – дейді ол.
