Кедейлік тек статистика емес, мыңдаған отбасының күнделікті шындығы. Орталық Азия елдері кедейлікпен қалай күресіп жатыр? Қазақстан жоқшылық деңгейі нөлге жақын елдердің қатарында. Әсіресе ауыл тұрғындарының, оның ішінде көпбалалы отбасылардың тұрмысы ауыр. Ozgeris.info тілшісі кедейліктің шынайы көрінісін сандардан емес, өмірден іздеп көрді.
Our World in Data платформасының жаңартылған деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең төменгі деңгейдегі шектен тыс кедейшілік көрсеткішіне ие елдердің бірі. Ел халқының 0,02%-ы күніне 2,15 доллардан аз қаражатқа өмір сүреді. Мұндай көрсеткіштермен еліміз Албания, Финляндия және Тонга сияқты елдер қатарына қосылды. Аталған елдерде де шектен тыс кедейшілік деңгейі ең төмен деп тіркелген, деп жазды Finprom.kz.
Кедейлік мәселесі күн тәртібінен түспей тұр
Экономикадағы өсім мен реформаларға қарамастан, мыңдаған отбасы күнкөріс минимумынан төмен табыспен өмір сүріп жатыр. 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы ресми дерекке сүйенсек, халықтың 4,5 пайызы, шамамен 924 мың адам ресми кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүруде. Бұл көрсеткіш өткен жылы 968,8 мың адамды құраған. Ал күнкөріс минимумы сол кезеңде 51 700 теңге болған еді.
Ең кедей халық Түркістан облысында тіркелді. Мұнда халықтың 8,1% ресми кедей санатына кіреді. Бұл ауыл тұрғындары мен көпбалалы отбасылардың тығыз шоғырланған өңірі. Жалпы алғанда, ауыл мен қала арасындағы кедейлік айырмашылығы сақталып келеді: 2023 жылы ауылдық жерлерде кедейлік деңгейі 6,6% болса, қалалық жерде 3,6% болған. Ең осал топтың қатарында бес және одан көп баласы бар отбасылар кіреді. Кедейлік деңгейі 8,5–9,3%-ға дейін жетеді.
Орташа тұтынушылық шығын 2024 жылы бір адамға 104 600 теңгені құраған. Салыстырмалы түрде аталмыш көрсеткіш күнкөріс деңгейінен екі есе жоғары. Алайда мұндай шығындар кедей отбасылар үшін қол жетпес болып отыр. Мемлекеттен берілетін жәрдемақылар, мысалы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған көмек, барлық мұқтаж отбасыны қамтымайды. Ал атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу бюрократиялық тосқауылдарға байланысты көп жағдайда мүмкін емес.
Аймақтағы көршілерде жағдай қандай?
Қырғызстандағы ахуал тіпті күрделі. 2022 жылы елде кедейлік деңгейі 33,3% болған, бұл 2,2 миллион адам деген сөз. 2023 жылы күнкөріс минимумы 7600 сомға (шамамен 85 доллар) тең. Ауылдық өңірлерде, әсіресе Баткен мен Ош облыстарында, кедейлік деңгейі 40%-ға жетеді. Көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты әйелдер басқаратын үй шаруашылықтары ерекше осал топқа жатады. Мемлекеттік «үй-бүлөгө комок» бағдарламасы мұндай отбасылардың қажетінің тек 15–20%-ын ғана жабады, ал қалғаны еңбек миграциясына тәуелді. 2023 жылы шамамен 700 мың қырғызстандық шетелде жұмыс істеген, негізінен Ресейде. Аударылған қаржы ел экономикасының 30%-ын құрайды, бірақ бұл қаражат ең мұқтаж отбасыларға әрқашан жете бермейді.
Өзбекстанда кедейлік туралы дерек аз. Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес, 2022 жылы шамамен 6 миллион адам кедейлік шегінен төмен өмір сүрген. Ұлттық күнкөріс минимумы 1,6 миллион сум (шамамен 140 доллар). Қарақалпақстан мен Ферғана жазығында кедейлік деңгейі 25–30%-ға жетсе, Ташкентте 10%-дан төмен. Көпбалалы отбасылар ауылдық жерлерде кең шоғырланған, олар жалпы үй шаруашылықтарының 40%-ын құрайды. Мемлекеттік қолдау «темір дәптер» бағдарламасы арқылы көрсетіледі, бірақ жемқорлық пен қаржы жетіспеушілігі оның тиімділігін төмендетіп отыр. Көптеген отбасы ұсақ саудамен, үй шаруашылығымен немесе ауылшаруашылық еңбегімен күн көреді, бұл табыстың 60%-на дейінгі бөлігін қамтамасыз етеді.
Тәжікстан - Орталық Азиядағы ең кедей мемлекет. 2022 жылы халықтың 26,5%-ы, шамамен 2,6 миллион адам кедейлікте өмір сүрген. Бұл елде күнкөріс минимумы бар болғаны 317 сомони (шамамен 30 доллар). Ауыл халқы 73%-ды құрайды, ал орташа отбасы көлемі 6,1 адам. Көпбалалы отбасылар азық-түлік пен тұрмыс шығындарын өтеуге қауқарсыз. Мұндағы негізгі тірек - еңбек миграциясы. 2023 жылы шамамен 1 миллион тәжік шетелде жұмыс істеген, олардың аударымдары ЖІӨ-нің 40%-ын құрайды. Алайда әлеуметтік жәрдемақылар тым аз және мұқтаж адамдардың небәрі 10%-ын ғана қамтиды. Сондықтан отбасылар өз азығын өздері өндіруге мәжбүр, мал бағып, көкөніс өсіру кең таралған.
Орталық Азия елдеріндегі кедейлік құрылымдық сипатқа ие. Барлық төрт елде де ауылшаруашылығына тәуелділік жоғары, урбанизация деңгейі төмен, бейресми экономика кең таралған. Қазақстан мен Өзбекстанда ауыл халқы 40%-ға жуық, Қырғызстанда – 60%, Тәжікстанда – 73%. Ауылдағы табыстың негізгі көзі - ұсақ шаруашылық пен маусымдық жұмыс. Мысалы, Тәжікстанда мақта мен көкөніс өсіретін ауыл тұрғындарының табысы айына 50 доллардан аспайды. Бейресми экономиканың үлесі барлық елде 50-60%-ға дейін жетеді, бірақ бұл табыстар тұрақсыз әрі болашағы бұлыңғыр.
Әлеуметтік қолдау жүйелері де әлсіз. Қазақстанда атаулы көмек 500 мың адамды қамтиды, ал жәрдемақы көлемі 10-15 мың теңге. Қырғызстанда тиісті көмек ЖІӨ-нің 1%-ынан аз, Өзбекстанда – жемқорлықпен күрес әлсіз, Тәжікстанда – бюджет тым шектеулі. Төрт елде де сапалы білім мен медицинаға қолжетімділік әсіресе ауылдық жерде шектелген. Мысалы, Тәжікстанда кедей отбасылардың балаларының тек 60%-ы мектепке тұрақты барады. Өзбекстанда ауыл халқының 20%-ының медициналық қызметке қолы жетпейді.