Қазақстанда дипломы бардың бәрі бірдей жұмыс таба алмай жүргенде, кей мамандарды жұмыс берушілер өздері іздеп жүр. Әсіресе дәрігерлер, ІТ мамандары мен инженерлерге сұраныс күрт артқан. Кей салаларда бір маманға бірнеше бос жұмыс орнынан ұсыныс түседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі еңбек нарығындағы жағдайдың барған сайын күрделеніп бара жатқанын көрсетіп отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Бүгінде елде кадр тапшы мамандықтардың ресми тізімі бар. Оған 50-ден астам кәсіп енгізілген. Бұл тізімге енген мамандар мемлекет үшін аса қажет кадр саналады. Тіпті мұндай салаларда жұмыс істейтін шетелдік азаматтарға Қазақстанда еңбек ету рәсімі жеңілдетілген. Алайда соған қарамастан, еңбек нарығындағы негізгі жүктемені әлі де жергілікті мамандар көтеріп келеді.
Ең күрделі жағдай медицина саласында байқалады. Enbek.kz порталындағы дерекке сәйкес, акушер-гинеколог мамандығы бойынша елде 469 бос жұмыс орны бар. Ал жұмыс іздеп жүрген мамандар саны – небәрі 100. Педиатрларға да сұраныс жоғары. Қазір 448 вакансияға тек 139 түйіндеме тіркелген. Анестезиолог-реаниматологтарға қатысты жағдай да осыған ұқсас. Ел бойынша 300 бос орынға 75 маман ғана табылған.
Бұл көрсеткіштер Қазақстанда дәрігер жетіспеушілігі уақытша мәселе емес екенін аңғартады. Әсіресе аймақтарда маман тапшылығы қатты сезіледі. Кейбір ауруханалар бірнеше ай бойы қажетті дәрігер таба алмай отыр. Соның салдарынан бір маман бірнеше адамның жұмысын қатар атқаруға мәжбүр.
Онколог, эндокринолог, неонатолог секілді тар бағыттағы дәрігерлерге де сұраныс өте жоғары. Кей өңірлерде бір маманға төрт бірдей жұмыс беруші таласатын жағдай қалыптасқан. Сарапшылар мұны халық санының өсуімен, медицинадағы жүктеменің артуымен және тәжірибелі кадрлардың тапшылығымен байланыстырады.

Кадр жетіспейтін тағы бір сала – ақпараттық технология. Цифрландыру күшейген сайын бағдарламашыларға сұраныс артып келеді. Қазір қосымша әзірлеушілерді іздеп отырған жұмыс берушілер саны 500-ден асады. Графикалық дизайнерлерге де қажеттілік көбейген. Себебі бизнес, медиа және сауда саласының басым бөлігі цифрлық форматқа көшіп жатыр.
Еңбек шарттарын есепке алатын бірыңғай жүйе мәліметінше, сұранысқа ие мамандықтардың ішінде ең көп еңбек келісімшарты бағдарламалық жасақтама әзірлеушілеріне тиесілі. Бұл салада шамамен 8 мыңға жуық белсенді еңбек шарты тіркелген. Яғни ІТ саласы қазір Қазақстандағы ең тұрақты әрі табысты бағыттардың біріне айналып отыр.
Инженерлерге деген сұраныс та азаймай тұр. Әсіресе автоматтандыру, өндіріс және энергетика саласындағы мамандар тапшы. Өнеркәсіп орындары жаңа технологияға көшкен сайын техникалық кадрларға қажеттілік күшейіп келеді. Бір қызығы, кадр тапшылығы қатты сезілгенімен, шетелдік мамандар саны өте аз. Қазір сұранысқа ие мамандықтар бойынша тіркелген шетелдік қызметкерлер саны 55 адамнан ғана асады. Олардың басым бөлігі автоматтандыру инженері болып жұмыс істейді.
2025 жылғы статистика да қазіргі жағдайдың кездейсоқ емес екенін көрсеткен. Былтыр Enbek.kz порталында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 9 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Сол кезде де медицина саласы көш бастаған еді. Биыл бұл үрдіс одан әрі күшейіп отыр.