Қоғам

Елімізде еңбек кітапшасының күші жойылды

Елімізде еңбек кітапшасының күші жойылды

Қазақстанда еңбек кітапшасы ресми құжаттар тізімінен алынып тасталды. Бұл туралы 2025 жылғы 12 шілдеде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Министрдің айтуынша, қазіргі заман талаптарына сай еңбек қатынастары толықтай цифрлық форматта жүргізіледі. Бұдан былай азаматтардың еңбек өтілі электронды еңбек шарттары мен бірыңғай есеп жүйесіне енгізілген зейнетақы жарналары арқылы есептеледі.

«Еңбек кітапшасы – ескірген құжат. Қазіргі таңда оның қажеті жоқ. Қалаған адам оны естелік ретінде сақтап қала алады, бірақ заң жүзінде ол талап етілмейді», деді Светлана Жақыпова.

Бұдан былай жұмысқа орналасу кезінде еңбек кітапшасын көрсету немесе толтыру міндетті емес. Еңбек шарты электронды түрде рәсімделеді. Егер жұмыс беруші қызметкер үшін тұрақты түрде зейнетақы жарналарын аударып отырса, еңбек өтілі автоматты түрде есептеліп отырады.

Министр бұл шешім еңбек қызметін тіркеу рәсімін едәуір жеңілдетіп, артық қағазбастылықтан арылуға жол ашатынын атап өтті. 

 

Барлық жаңалық