Бұл нәтиже АҚШ-та өтіп жатқан Indian Wells турнирінің жартылай финалына шыққаннан кейін тіркелді. Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегулаға қарсы келді.
Бұл қос спортшының өзара сегізінші кездесуі еді. Осыған дейін 7 матчтың төртеуінде Рыбакина жеңді.
Бірінші партияда Елена айқын басымдылық танытты – 6:1.
Екінші сетте Пегула 4:2 есебімен алға кеткенімен, Рыбакина таразы басын теңестіре алды – 4:4. Ақыры тай-брейкте мерейі үстем болды – 7:6 (7:4).
Бір сағат 28 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 7 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Пегула 5 эйс, бір брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен таласады. Ол ширек финалда әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекті қапы қалдырды – 6:2, 4:6, 6:4.
Қазіргі live-рейтинг бойынша Рыбакинаның еншісінде 7523 ұпай бар және ол екінші орында тұр. Ал рейтинг көшін 10415 ұпай жинаған беларусьтік теннисші Арина Соболенко бастап келеді.