💰 Экономика

Ел қазынасы қалай құралады және қайда жұмсалады?

Ел қазынасы қалай құралады және қайда жұмсалады?

Елдің қаржы жүйесін түсінудің ең қарапайым жолы – мемлекеттік бюджетті үлкен бір отбасылық әмиянға теңеу. Бұл әмиянға жалақы емес, салық, кедендік алымдар, мұнай мен өзге де активтерден түсетін кіріс жиналады. Ал шығын жағы азық-түлік пен коммуналдық төлемдерге емес, білім беру, медицина, әлеуметтік қамсыздандыру, инфрақұрылым, қорғаныс және мемлекеттік міндеттемелерге бағытталады. Мемлекеттік бюджет арқылы экономикалық саясат жүзеге асырылады, әлеуметтік уәделер орындалады және даму басымдықтары айқындалады.

 Парламент былтыр Қазақстанның 2026-2028 жылдарға арналған бюджетін бекітті. Қазынаның негізгі бөлігі азаматтар мен бизнестен түсетін салықтар есебінен қалыптасады. Жалақыдан ұсталатын төлемдер, қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы, автокөлікті тіркеу мен жылжымайтын мүлікті сату кезіндегі алымдар – осының бәрі жиынтығында бюджет кірісінің шамамен 80 пайызын құрайды.

Бюджет жүйесі бірнеше деңгейден тұрады. Республикалық бюджет жалпыұлттық міндеттерге жауап береді. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың бюджеті әлеуметтік-экономикалық дамуды, денсаулық сақтау мен білім беру саласын, өңірлік инфрақұрылымды қаржыландырады. Ал аудандық және қалалық деңгейдегі бюджеттер коммуналдық қызмет, көлік, абаттандыру секілді тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерге бағытталады. Әр деңгейдің өз өкілеттігі бар, бірақ барлығы бір жүйеге бірігіп, елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Соңғы жылдары бюджетке түсетін түсімдердің құрылымы өзгеріп келеді. Соның бірі – өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық режимі. Қазақстанда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ еңбек ететін азаматтар табысынан 4 пайыз төлейді. Оның 2 пайызы міндетті зейнетақы жарнасына, ал 1 пайыздан әлеуметтік сақтандыру мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға бағытталады. Бұл жөнінде Сенаттағы дөңгелек үстелде Премьер-министрдің бірінші орынбасары, ұлттық экономика саласына жауапты Азамат Амрин айтты:

 «Бұл – біз енгізген алғашқы режим. Яғни, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, 4 пайыздық мөлшерлеме қолданылады. Негізгі шарт – жалдамалы жұмысшы болмауы және қызметтің рұқсат етілген тізімге енуі», деді ол. 

Қазір бұл режим 49 түрлі қызметке қолданылады. Олардың қатарында мал шаруашылығы, такси, бөлшек сауда, жеткізу қызметі, жөндеу жұмыстары, ветеринария, жалға беру және өзге де салалар бар. Мәслихаттар бұл мөлшерлемені 50 пайызға дейін төмендетуге немесе арттыруға құқылы. Мұндай режимді қолданатын азаматтар жеке табыс салығынан толық босатылады, олардың негізгі міндеті – әлеуметтік төлемдерді уақытылы аудару.

 Бюджет кірісінде квазимемлекеттік сектордың да үлесі бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл сектор республикалық бюджетке 184,5 млрд теңге кіріс әкелген.

 Қаржы министрі Мәди Такиев Мәжілісте сөйлеген сөзінде: «11 млрд теңге – республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысынан түскен үлес, 164,5 млрд теңге – акционерлік қоғамдардағы мемлекеттік пакеттер бойынша дивидендтер. Ал бірқатар қаражаттың түспеуі «Самұрық-Қазына» қоры табысының газдандыру жобаларына бағытталуымен байланысты», – деп түсіндірді.

 Министрдің айтуынша, 2023 жылы құрылған Арнаулы мемлекеттік қорға 2025 жылдың қазанына дейін 490 млрд теңге түскен. Бұл қаражат су жүйесі, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласындағы 452 әлеуметтік жобаға жұмсалған. Сонымен қатар, республикалық меншік құрамында 338 квазимемлекеттік субъект бар.

 Өңірлердің қаржылық дербестігі де жиі талқыланатын тақырып. Мәжілісте осы мәселеге тоқталған Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, өңірдің дамуы – ең алдымен оның өз салық базасына байланысты.

 «Біз барлық тұрақты салықтарды жергілікті деңгейге бердік. Субвенция тек қажеттілік пен табыс арасындағы айырманы жабуға арналған», – дейді ол. Бұған қоса, донор өңірге айналу – ұзақ процесс, ол бір күнде шешілмейтінін жеткізді.

 Үкімет бюджет кірісін арттыру үшін көлеңкелі экономикамен күресті күшейтуде. Қаржы министрлігінің дерегінше, бір ғана заңды мекенжайда тіркеліп, салық төлемеген 20 мыңға жуық компания анықталған, олардың қарызы 60 млрд теңгеден асқан. Сондай-ақ кассалық тәртіпті бұзу мәселесі бар. 2024 жылы тіркелген кассалардың 39 пайызы чек бермеген. 2025 жылы бұл көрсеткіш төмендей бастаған.

 Салықтық тәртіпті күшейту үшін цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр. Министрлік Ұлттық банкпен бірлесіп «Цифрлық ҚҚС» қанатқақты жобасын іске қосты. Цифрлық теңгемен есеп айырысу қаражаттың көлеңкеге кетуіне тосқауыл қояды. Сонымен қатар, электронды шот-фактуралар жүйесіндегі биометриялық сәйкестендіру мен автоматты бақылау тетіктері ондаған миллиард теңгенің заңсыз айналымын болдырмауға мүмкіндік берген.

 Мемлекет шығыстарының едәуір бөлігі әлеуметтік салаға тиесілі. 2026 жылы әлеуметтік-еңбек саласына 6,8 трлн теңге бағытталады. Оның ішінде зейнетақы төлемдеріне 4,89 трлн теңге, мемлекеттік жәрдемақыларға 1,89 трлн теңге қарастырылған. Қазір бюджет есебінен 41 түрлі әлеуметтік төлем жүзеге асырылады.

 Алдағы үш жылда бюджет шығыстары жыл сайын шамамен 1 трлн теңгеге өседі. 2026 жылы – 27,7 трлн, 2027 жылы – 28,7 трлн, 2028 жылы – 29,7 трлн теңге. Кірістер бұл деңгейден төмен болғандықтан, айырмашылық Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттер арқылы жабылады. Жыл сайын бұл мақсатқа 2,7 трлн теңге бөлінбек.

 Бюджет тапшылығы – мемлекет үшін үйреншікті құбылыс. Ол экономиканы қолдау, әлеуметтік міндеттемелерді орындау немесе ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде туындайды. Тапшылық ішкі және сыртқы қарыз алу, резервтерді пайдалану арқылы қаржыландырылады. Ал профицит кезеңінде мемлекет қор жинап, қарыз жүктемесін азайта алады.

 Мемлекеттік қарыз да біртіндеп өседі деп күтілуде. 2026 жылы – 46,4 трлн, 2027 жылы – 52,5 трлн, 2028 жылы – 57,5 трлн теңге. Бұл қаражаттың басым бөлігі жол, су, коммуналдық инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім беру секілді ұзақ мерзімді жобаларға бағытталады. Халықаралық салыстыру бойынша Қазақстанның қарыз деңгейі ЖІӨ-ге шаққанда әлі де қауіпсіз шекте.

 Бюджеттің орындалуын Қазынашылық комитеті, Жоғары аудиторлық палата және өңірлік бақылау органдары қадағалайды. Алдын ала тексеру, ағымдағы мониторинг және кейінгі аудит арқылы әр теңгенің мақсатты әрі тиімді жұмсалуы бақылауда ұсталады. Мемлекеттік бюджет – тек цифрлар жиынтығы емес, ол ел дамуының бағытын айқындайтын басты құрал.

Барлық жаңалық