2025 жылы McKinsey еңбектік нарықтың жаңа фазасына кіргенін айтты. Бұл болжам емес, қазіргі жағдайдың нақты көрінісі. Көптеген елдерде жұмыс орындары тұрақсыз болып тұр. Кей мамандықтар жоғалып жатыр. Жаңа бағыттар пайда болуда. Ал ресми статистика әлі де бұрынғы әдістермен өлшейді және өзгерісті толық көре алмай отыр, деп жазады Ozgeris.info.
EconomyKZ.org сарапшысы Сұлтан Уалиханов қазіргі жағдайды былай түсіндіреді:
«Біз бұрынғы заңдылықтарға сеніп үйрендік. Жұмыс бар, жалақы өседі, өндіріс кеңейеді деп ойладық. Бірақ қазір ол жүйе өзгерді. Жасанды интеллект экономикаға терең кіріп кетті. Демография да қысым жасап тұр. Осыған байланысты еңбек нарығында анық әрі түсінікті сигналдар азайды», деді сарапшы.
Оның айтуынша, классикалық көрсеткіштер бүгінгі жағдайды толық ашып бермейді. Мысалы, жұмыссыздық деңгейі төмен деген дерек бар. Бірақ бұл көрсеткіш нарықтағы динамиканы толық көрсетпейді. Себебі жұмыс іздеушілердің құрамы өзгерді. Вакансиялар да өзгерді. Қолданыстағы мәліметтерде жаңа экономиканың шынайы бет бейнесі байқалмайды.
Пандемия кезеңінде көптеген адамдар жұмыссыз қалды. Бір бөлігі мүлдем еңбек нарығынан кетті. Кейін уақыт өте келе қайта орала бастады. Зейнет жасына жақындаған азаматтар да қайта жұмысқа шықты. Инфляция, бағаның өсуі және табыс қажеттілігі осындай шешімге итермеледі.
Бірақ 2025 жылы бұл үдеріс баяулады. Көп компаниялар қайтадан офистік режимге көшіріп жатыр. Жұмыс икемділігі қысқаруда. Жалақы өсуі тежелді. Осы себептер адамдарды абай болуға мәжбүр етті.
Сұлтан Уалиханов осыны да түсіндіріп өтті:
«Пандемиядан кейін еңбек нарығы қайта жанданды. Көп адам оралды. Бірақ қазір компаниялар бақылауды күшейтіп келеді. Үйден жұмыс істеу мүмкіндігі азайды. Әсіресе әйелдер мен зейнет жасындағы азаматтар үшін бұл үлкен мәселе. Оларға икемді формат керек. Ал қазіргі экономика ондай мүмкіндік беруге асықпайды», деді ол.
Зерттеу көрсеткендей, жасанды интеллект кәсіби салаларды өзгертуде. Жұмыстарды жойып емес, жаңа мазмұн беріп өзгертіп жатыр. Көп салаларда ЖИ рутиналық міндеттерді атқарып, қызметкерлерге шығармашылыққа, талдауға, шешім қабылдауға көбірек уақыт беруде.
Ең үлкен өзгеріс зияткерлік мамандықтарда байқалады. Бухгалтерия, маркетинг, HR, IT салаларында функциялар қайта бөлінуде. Ал физикалық еңбек қажет ететін салалар әзірше тұрақты. Дегенмен бұл уақытша құбылыс.
Сарапшының айтуынша, ЖИ адамды толық алмастырмайды, бірақ оның жұмыс мәнін өзгертіп жатыр.
«Жасанды интеллект біз ойлағандай барлық жұмысты тартып алмайды. Ол адамдарға көмекші бола бастады. Рутиналық шаруаны алады. Бірақ стратегиялық ойлау, эмоция, басқару, командамен жұмыс істеу әлі де адам қолында. Бұл бізге уақыт береді. Бірақ өзімізді дамытпасақ, технология бізді артта қалдырады», деді Уалиханов.
Зерттеуде ерекше атап өтілген тағы бір үрдіс – агенттік ЖИ. Бұл жүйелер тапсырма алып қана қоймай, оны өздігінен орындай алады. Осы технология алғашқы сатылардағы қызметкерлерге қысым түсіріп отыр.
Жастарға арналған позициялар азаюда. Стажировкалар қысқарған. Әсіресе IT саласында жас мамандарға кіру қиындады. Компаниялар бірнеше міндетті бір рөлге біріктіріп жатыр. Оның бір бөлігін машина орындайды. Өз кезегінде, тәжірибесіз мамандар шетте қалып қалуда.
Дегенмен ЖИ адамдарға үйренуге де мүмкіндік береді. Көп жас маман резюмесіне ChatGPT, Midjourney секілді құралдарды қолдана алатынын жазуда. Бұл жаңа еңбек мәдениеті қалыптасып жатқанын көрсетеді. Еңбек нарығы «жасанды интеллект сауаттылығы» деген түсінікті негізгі талаптардың қатарына қосты.
Қазақстан да осы жаһандық өзгерістердің алдында тұр. Елдің еңбек нарығы жас, бірақ жылдам қартая бастады. Өндіріс пен ауыл шаруашылығында кадр тапшылығы сезіледі. Технологияға бейімделу қарқыны әртүрлі.
«Біріншіден, білім мен кадр саясаты икемді болуы керек. Дипломға емес, дағдыға мән берген жөн. Екіншіден, жаппай қайта оқыту бағдарламалары қажет. Бұл инфляцияны да, жұмыссыздықты да төмендетеді. Үшіншіден, ЖИ мемлекеттік қызмет пен білім беру жүйесіне де кіруі тиіс. Бұл адамдарды алмастыру үшін емес, оларға көмек беру үшін қажет», деді сарапшы.
Оның айтуынша, әйелдер мен егде жастағы азаматтарды қолдау да маңызды. Олар жұмысқа қабілетті, бірақ икемді жағдайды қажет етеді. Қазіргі технология оларды нарыққа қайта тартуға көмектесе алады.
«Еңбек нарығы енді бұрынғыдай болмайды. Талаптар өзгереді. Мамандар да өзгереді. Кім технологияны игерсе, сол жеңеді. Қазақстан да осы жарыста қалып қоймауы керек. Бізге ашық, технологиялық, бюрократиясыз еңбек жүйесі қажет», деді Уалиханов.