Әлем

Досын құтқарамын деп көз жұмды: Ингушетияда 8 жастағы баланың денесі табылды

Досын құтқарамын деп көз жұмды: Ингушетияда 8 жастағы баланың денесі табылды

Ингушетиядағы Сунжа өзенінде болған қайғылы оқиға сегіз күннен кейін аяқталды — із-түзсіз жоғалған 8 жастағы Хизир Дербичевтің денесі табылды, деп хабарлайды ozgeris.info.

Республика билігінің мәліметінше, баланың денесі 22 маусым күні жергілікті уақытпен сағат 16:50 шамасында анықталған. Осыдан кейін құтқару қызметі іздеу операциясының аяқталғанын хабарлады.

Қайғылы жағдай 15 маусым күні болған. Хизир өзен жағасында достарымен бірге жүрген кезде олардың бірі суға құлап кеткен. Бала ағашқа жармасып аман қалуға тырысқан.

Куәгерлердің айтуынша, Хизир еш ойланбастан досын құтқару үшін суға секірген. Алайда қатты ағыс оны алып кеткен. Үшінші бала ересектерді көмекке шақырып, нәтижесінде суға кеткен баланы құтқарып қалуға мүмкіндік туған.

Желі қолданушылары Хизирдің әрекетін ерлікке балап, оны «кішкентай батыр» деп атауда. Айтуларынша, ол өзенге секірер алдында: «Біз еркекпіз ғой, құтқарайық», — деген.

Хизирді іздеу жұмыстарына мыңдаған адам жұмылдырылды. Құтқарушылармен қатар еріктілер мен бірнеше өңірден келген тұрғындар өзен жағалауын бірнеше күн бойы тексерді.

Барлық жаңалық