Қазақстандықтардың инвестицияға қатысты таңдауы соңғы жылдары едәуір өзгерді. Бұрын бос ақшасы бар адамның бірінші ойы баспана алу болатын. Өйткені тұрғын үй бағасы жыл сайын өсіп, жылжымайтын мүлік ең сенімді актив саналды. Алайда бүгінгі жағдай басқа. Депозиттер қайтадан нақты табыс әкеле бастады, доллар капиталды сақтаудың сөзсіз көшбасшысы мәртебесінен айырылды, ал баспана нарығына кіру үшін бұрынғыдан да көп қаражат қажет, деп жазады Ozgeris.info.
Сондықтан қолында 1 млн теңге жинағы бар азамат үшін басты сұрақ – ақшаны қайда салған тиімді? Капиталды сақтаудың ең дұрыс жолы қайсы? Бұл сауалға Qazaq Expert Club қаржы сарапшысы Саида Тілеуленова жауап берді.
Сарапшының айтуынша, қазіргі жағдайда ең тартымды құрал ретінде теңгелік депозиттер қарастырылып отыр.
«Қазақстандағы қазіргі макроэкономикалық жағдайды ескерсек, капиталды сақтаудың ең тартымды құралы әзірге теңгелік депозиттер болып отыр. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 17 пайызға дейін төмендеткеніне қарамастан, депозит мөлшерлемелері тарихи тұрғыдан әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Ал 2026 жылғы мамырда инфляция 10,4 пайызға дейін баяулады. Бұл салымшылардың нақты оң табыс алып отырғанын білдіреді. Мұндай жағдай алдыңғы көптеген кезеңдерде болған жоқ. 1 млн теңге көлеміндегі қаражат үшін депозит көпшілік азаматтар үшін ең қарапайым әрі түсінікті құрал болып қала береді. Ол қаражаттың сақталуын қамтамасыз етеді, болжамды табыс береді және арнайы білімді талап етпейді. Ал долларға келсек, бұл көбіне табыс табу құралы емес, валюталық тәуекелдерден қорғану тәсілі. АҚШ валютасы дәстүрлі түрде теңге құнсызданған кезеңдерде жинақты қорғауға көмектеседі. Алайда теңге бағамы тұрақты болып, депозит мөлшерлемелері жоғары болған жағдайда доллар көбіне теңгелік құралдардан табыстылық жағынан ұтылады. Сондықтан көптеген қазақстандық үшін қаражатты теңгелік құралдар мен валюта арасында бөлу орынды шешім болуы мүмкін», дейді қаржыгер.
Жылжымайтын мүлікке келсек, бүгінгі таңда 1 млн теңге инвестициялық пәтер сатып алуға жеткіліксіз. Іс жүзінде бұл қаражат тек болашақта баспана алуға арналған бастапқы капитал немесе жылжымайтын мүлік нарығына байланысты кейбір инвестициялық құралдарға қатысу мүмкіндігі ретінде қарастырылуы мүмкін. Сонымен қатар тұрғын үй нарығы әлі де қымбат күйінде қалып отыр. Нарық деректеріне сәйкес, жылжымайтын мүлік бағасы инфляциядан жылдамырақ өсіп келеді, ал жаңа тұрғын үйлердегі бір шаршы метрдің құны 600 мың теңгеден асады. Сондықтан 1 млн теңгені әзірге толыққанды инвестициялық құрал ретінде жылжымайтын мүлікке бағыттау қиынСарапшының пікірінше, егер тек депозит, доллар және жылжымайтын мүлікті салыстыратын болсақ, алдағы бір-екі жылдық кезеңде депозит ең ұтымды шешім болып көрінеді. Доллар жинақты бағамдық тәуекелден қорғайды, ал тұрғын үй нарығы әлдеқайда ірі капиталды талап етеді.
Дегенмен мәселені тек осы үш құралмен шектеуге болмайды. Қазіргі жағдайда капиталды сақтаумен қатар оны көбейту жолдарын да қарастырған жөн.
«Егер қолда 1 млн теңге болса, мен тек депозит, доллар немесе жылжымайтын мүлік арасындағы таңдауды ғана емес, жаңа табыс көзін құру мүмкіндігін де қарастырар едім. Бұл жағдайда өз бизнесіңізге немесе кәсіпкерлік қызметті дамытуға инвестиция салу қызықты нұсқа болуы мүмкін. Өйткені депозит пен доллар ең алдымен капиталды сақтауға көмектеседі, ал бизнес оны көбейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі мөлшерлемелер жағдайында депозит жылына салықтарды есептемегенде шамамен 150-180 мың теңге табыс әкелуі мүмкін. Ал табысты шағын бизнес бұдан әлдеқайда жоғары кіріс беруі ықтимал. Әрине, тәуекелі де жоғары болады. Бүгінде 1 млн теңге қызмет көрсету саласында, онлайн-саудада, білім беру бағытында, цифрлық сервистерде, маркетингте, логистикада немесе өзін-өзі жұмыспен қамту саласында шағын жоба бастауға жеткілікті капитал болып саналады. Оның үстіне цифрлық экономиканың дамуы көптеген кәсіп түрлеріне кіру шегін айтарлықтай төмендетті Сонымен бірге бизнестің тек ақша ғана емес, уақытты, білімді және құзыреттерді де талап ететінін түсіну маңызды. Сондықтан кәсіпкерлікпен өз бетінше айналысуға дайын емес адам үшін депозит қауіпсіздеу нұсқа болып қала береді. Менің ойымша, 2026 жылға арналған басты қорытынды мынадай: егер мақсат – капиталды сақтау болса, ең ұтымды таңдау депозит болып қала береді. Егер мақсат – валюталық тәуекелдерді азайту болса, қаражаттың бір бөлігін долларда ұстауға болады. Егер мақсат – болашақта баспана сатып алу болса, 1 млн теңге алғашқы қадам ретінде қызмет ете алады», деп түйіндеді Саида Тілеуленова.