Жаңалықтар

Пышақ сұққан: Маңғыстаудағы балабақшада сұмдық болды

Пышақ сұққан: Маңғыстаудағы балабақшада сұмдық болды

Жетібайдағы «Жауқазын» балабақшасында болған резонансты оқиғадан кейін мекеме басшысын қызметінен босату туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты turkystan.kz-ке сілтеп.

Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 20 сәуірде «Көгершін» ересек балалар тобында, күндіз болған. Ол кезде балалар ұйықтап жатқан. Тексеру қорытындысына сәйкес, директордың ұлы топ бөлмесіне кіріп, балаларды оятып, біріне кеңсе пышағымен жарақат салған.

«Оқиға болған сәтте топта тәрбиеші мен тәрбиешінің көмекшісі болмаған. Топ тәрбиешісінен түсініктеме алынып, анықталған заң бұзушылықтар мен жұмысындағы кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар берілді», – деп хабарлады ведомство.

Осыдан кейін Қарақия аудандық білім бөлімі балабақша директорымен еңбек шартын бұзу туралы бұйрық шығарды.

Сонымен қатар, мекеме басшысы мен тәрбиеші кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігі бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Бұған дейін Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы балабақшалардың бірінде болған жанжал әлеуметтік желілерде балалар арасындағы келеңсіз жағдай бейнеленген видео тарағаннан кейін қоғамда қызу талқыланған болатын.

 

Барлық жаңалық