Көпшілік бай адам мен ауқатты адамды бір ұғым деп қабылдайды. Алайда экономистер мен инвесторлар бұл екеуінің арасында үлкен айырмашылық барын жиі айтады. Бірі – табыс таба алатын адам болса, екіншісі – капитал қалыптастыра алған адам. Қазіргі қазақ кәсіпкерлерінің алдында тұрған басты сынның бірі де осы. Олар бизнес жүргізуді біледі, ақша табуды меңгерген, бірақ сол байлықты ұзақ мерзімге сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын капиталға айналдыру жағы кенжелеп тұр, деп жазады Ozgeris.info.
Инвестор Аман Әлімбаевтың пікірінше, Қазақстандағы көптеген табысты кәсіпкер жіберетін негізгі қателік те осы.
«Бір кәсіпкермен кездесуде әңгімелесіп отырдым. Өзі өндірісі бар, ақша табуды жақсы білетін адам. Маған қарап: «Сен қаржы саласын білесің, ақшаны қалай көбейтуге болады, бірге ойланайық» деді. Мен инвестиция көкжиегін сұрадым. Ол жазға дейін, деп жауап берді. Сол сәтте біздің екі бөлек әлемде отырғанымызды түсіндім. Өйткені ақшаны жазға дейін көбейтпейді. Ақшаны жазға дейін жұмсап үлгереді», дейді инвестор.
Оның айтуынша, кәсіпкерліктегі табыс пен инвестициялық табыс екі түрлі логикаға бағынады. Бизнесте нәтиже адамның белсенді әрекетіне тәуелді. Кәсіпкер келіссөз жүргізеді, команда басқарады, тәуекелге барады, шешім қабылдайды. Ал капитал нарығында негізгі жұмысты уақыт атқарады.
«Кәсіпте сен жұмыс істейсің. Нарықта уақыт жұмыс істейді. Сондықтан бизнесте адамды табысқа жеткізген қасиеттердің өзі кейде инвестицияда кедергіге айналады. Мұнда табысқа жетелейтін нәрсе – тәртіп, стратегия және шыдам», дейді Аман Әлімбаев.
Бұл пікірді халықаралық зерттеулер де растайды. Мінез-құлық экономикасының негізін қалаушылардың бірі, Нобель сыйлығының лауреаты Ричард Талер инвесторлардың басым бөлігі нарықтағы шешімдерді есеппен емес, эмоциямен қабылдайтынын бірнеше еңбегінде көрсеткен. Адамдар қысқа мерзімді табысты қуып, ұзақ мерзімді мүмкіндіктерден айырылып жатады. Соның салдарынан жақсы инвестор болуға тиіс адамдардың өзі капиталын сақтап қала алмайды.
Кәсіп пен капиталдың айырмасы
Көпшілік бизнесті түпкі мақсат ретінде көреді. Шын мәнінде, бизнес – мақсат емес, құрал. Ол капитал жинауға мүмкіндік береді. Ал капитал – ұзақ мерзімді қаржылық тәуелсіздіктің негізі. Аман Әлімбаев осы мәселені ерекше атап өтеді.
«Бізде кәсіп табыстың шыңы сияқты қабылданады. Негізінде капитализмнің түпкі мақсаты – бизнес емес, капитал. Өйткені бизнес мәңгі емес. Капитал ғана ұзақ өмір сүре алады», дейді ол.
Бұл тұжырымның астарында терең экономикалық заңдылық жатыр. Әлемдік экономикада бір кездері қуатты болған компаниялардың өзі уақыт өте нарықтан кетіп жатады. Технология өзгереді, тұтынушы талғамы өзгереді, жаңа бәсекелестер пайда болады.
Халықаралық McKinsey зерттеу компаниясының деректеріне сүйенсек, 1958 жылы АҚШ-тың ең ірі компанияларын біріктіретін S&P 500 индексіндегі кәсіпорындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 61 жыл болған. 1970-жылдардың соңына қарай бұл көрсеткіш 35 жылға дейін қысқарды. Қазір шамамен 15 жыл төңірегінде қалып отыр.
Сарапшылар мұны технологиялық өзгерістердің жеделдеуімен байланыстырады. Бүгінгі нарықта жаңа бизнес-модельдер ескілерін әлдеқайда жылдам ығыстырады. McKinsey болжамы бойынша, 2027 жылға қарай қазіргі S&P 500 құрамындағы компаниялардың төрттен үші жұтылып, банкрот болып немесе бәсекеге төтеп бере алмай нарықтан кетуі мүмкін.
Яғни бизнестің ғұмыры шектеулі. Ал дұрыс басқарылған капитал ондаған, тіпті жүздеген жыл сақталуы ықтимал.
Рокфеллер мен Вандербильт сабақтары
Экономика тарихында осы айырмашылықты айқын көрсететін мысалдар аз емес.
Америкалық кәсіпкер Джон Рокфеллер XIX ғасырдың соңында мұнай нарығын бақылаған Standard Oil компаниясын құрды. Ол өз дәуіріндегі ең ықпалды бизнесмендердің бірі саналды. Алайда Рокфеллер әулетін бірнеше ұрпақ бойы бай ұстаған нәрсе мұнай компаниясының өзі емес еді.
«Рокфеллер бизнестен түскен табысты біртіндеп акцияларға, жерге, трасттарға және қорларға аударып отырды. Бизнес оған алғашқы капиталды берді. Ал капитал сол байлықты ұрпақтарға жеткізді», дейді Аман Әлімбаев.
Бүгінде Рокфеллерлер әулетінің ықпалы әлі де сақталған. Ал олардың байлығы алты ұрпақ ауысса да жойылған жоқ.
Ал америкалық кәсіпкер Корнелиус Вандербильттің тағдыры басқа болды. Ол да өз кезеңінің ең бай адамы саналған. Теміржол және кеме тасымалы саласында алып империя құрды. Бірақ жиналған байлықтың басым бөлігі бизнесте және сән-салтанатта қалды.
Нәтижесінде бірнеше ұрпақ өткен соң әулеттің дәулеті айтарлықтай азайды. Тарихшылардың айтуынша, Вандербильттердің ұрпақтары жиналған кездесулердің бірінде залда бірде-бір миллионер болмаған.