Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында жаппай тағамнан улану дерегіне байланысты 100-ден астам адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Алдын ала мәлімет бойынша, олардың барлығы Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында өткен іс-шараларға қатысқан. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, алғашқы науқастар 19 маусымнан бастап медициналық мекемелерге жеткізіле бастаған. Барлығында ішек инфекциясына тән белгілер байқалған.
Қазіргі уақытта Мұғалжар аудандық ауруханасы мен Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында барлығы 102 адам ем қабылдап жатыр. Оның 34-інде сальмонеллезге күдік бар.
Барлық жағдай бойынша Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шұғыл хабарлама жолданып, зертханалық сараптамалар басталды.
Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға түскендердің жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде. Оларға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тараған «науқастар аурухана дәліздеріне орналастырылды» деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні мәлімделді.
Жағдайды бақылау үшін жедел штаб құрылып, Мұғалжар ауданына қосымша медициналық бригадалар жіберілді. Ауруханаларда төсек-орын қоры дайындалып, қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген.
Мамандар науқастармен байланыста болған адамдарды анықтап, оларды медициналық бақылауға алып жатыр.
Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатыр. Мамандар тағам өнімдерінен, ас блогынан және қоршаған орта нысандарынан сынамалар алып, зертханалық зерттеуге жіберген.
Эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралар аясында «Тұмар» мейрамханасының қызметі оқиғаның нақты себептері анықталғанға дейін уақытша тоқтатылды.
Құзырлы органдар жаппай сырқаттанудың себебін анықтап жатыр. Зертханалық сараптама қорытындысы шыққаннан кейін қосымша ақпарат жарияланады. Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жағдайдың тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.