Прокурор Әлібек Күмісбеков жол-көлік апатына қатысты іс бойынша айыпталушы Александр Пакты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Мемлекеттік айыптаушы сот жарыссөзінде Александр Пакты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған қауіпсіздігі ең төменгі түзеу мекемесінде жазасын өтеумен 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды өтінді. Сонымен қатар прокурор сотталушыны өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыруды сұрады.
Бұған дейін өткен сот отырыстарының бірінде іс бойынша тағы бір жәбірленуші анықталған болатын. Сот жол апатынан қаза тапқан Томиристің әкесін жәбірленуші ретінде тану туралы өтінішті қанағаттандырды.
Марқұмның әкесі сотта Александр Пакты кешірмейтінін мәлімдеген еді.
Еске салсақ, қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды.
Ал Zeekr жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Кейін оның жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталып, тергеу изоляторына қамалған.