Әнші Шахаризат Сейдахмет құмар ойынға қалай тәуелді болып қалғанын ашық айтты. Өнер иесі бұл дертке "Қазақстан дауысы" жобасынан кейін тап болғанын жеткізді, деп жазады ozgeris.info.
Ол Аман Тасығанға берген сұхбатында ойынқұмарлыққа алып келген себептерді баяндады.
Әншінің айтуынша, жеңістен кейінгі тәкәппарлық, айналаны тыңдамау және жалғыздық оған кері әсер еткен.
"Бұл – дерт. Бұл дертке "Қазақстан дауысы" жобасын жеңгеннен кейін жолықтым. Жобаны жеңген соң тәкәппарлық қосылып, айналаны тыңдамай, жеке изоляцияға өтіп кеттім. Қошеметке тоймағаннан кейін дофаминдер басқа бірдеңелер іздеген сияқты", – деді ол.
Сондай-ақ Шахаризат Сейдахмет бала кезінен жеңілгенді ұнатпайтынын, сол мінезі кейін құмар ойынға итермелегенін айтты.
"Басында қызық болды, ол әдетке, кейін қажеттілікке, тәуелділікке айналды. Ең бірінші рет ойнап жүрген танысымды құтқаруға барып, өзім қалып қойдым", – деді әнші.