Денсаулық

Дәрілер мүлдем жоғалып кетуі мүмкін: 25 жыл құн салығынан босатылып келген фарммедөндіріске алым-салық көбеймек

Қазақстанда дәрі-дәрмек тек қымбаттап қана қоймай, мүлдем жоғалып кетуі мүмкін. Сала мамандары жаңа салық кодексінің қолданысқа енуімен күнкөрісіміз қиындайды, - деп отыр. Себебі 25 жыл құн салығынан босатылып келген фарммедөндіріске алым-салық көбеймек. Бұл отандық фармацевтика саласына қаншалықты әсер етеді? Сарапшылар не дейді? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты саралап көрді. 

Келер жылдан бастап медициналық заттар мен препараттарға ҚҚС салынбақ. Фармацевтикалық компаниялар бұл шешім олардың шығынын өсіріп, нарықтан кетуіне әкелуі мүмкін деп дабыл қағуда. Дәрі-дәрмек халықтың ең негізгі қажеттілігі екенін ескерсек, аталмыш жаңалық ешкімді қуантпайды. Себебі оның бағасы мен қолжетімділігі тікелей халық денсаулығына әсер етеді. Сондықтан бұл мәселе әрбір қазақстандықтың өмір сапасын анықтайтын фактор. 

Салық салу қалай өзгереді

2026 жылдан бастап Қазақстанда фармацевтика саласының салық салу ережелерін өзгертетін жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Алдымен салық 5 %-ға көтеріледі, 2027 жылға қарай біртіндеп 10 %-ға дейін өседі. Ал дәрі өндіруге қажетті субстанциялар, жабдықтар мен жинақтаушы бөлшектерге ставка 16 % болады. Бұл бірінші кезекте шикізатты сырттан алатын отандық өндірушілердің тынысын тарылтады. Көпшілігі өндірісін тоқтатуы ықтимал дейді мамандар. Салықтан тек мемлекеттік бағдарламалар аясында және сирек ауруларды емдеуге арналған дәрілер ғана босатылады.

Өндірушілердің айтуынша, салық біркелкі салынбайды. Бұл басты мәселе. Импорттық тауарларды әкелген кезде компаниялар 16 % ҚҚС төлеуге міндетті, ал дайын препаратты сату кезінде салықтық жүктеме әртүрлі, кей дәрілер ҚҚС-сыз, кейбіріне толық мөлшерде салық салынады. Бұл өндірушілерге төленген салықты есепке алуға мүмкіндік бермейді.

«Қазір біз шикізатымызды 16 пайызға алып келуіміз керек. Ал өнімге нөл немесе бес пайыз, немесе он пайыз деп бөліп отыруымыз керек. Сонда басқаруды қалай жасайтынымызды білмей отырмыз», - дейді «Қазақстанның ФармМедИндустриясы» Қауымдастығының атқарушы директоры Гүлдария Манақпаева. 

 

«Мен парацетамол өндіру үшін барлық ингредиенттерді, тек субстанция ғана емес, көмекші заттар, тұрақтандырғыштар және тағы басқасын 16 % ҚҚС-пен әкелемін, ал дайын өнімді сатқанда ештеңені есепке ала алмаймын», — дейді фармкомпания өкілі.

Салықты алдын ала төлеу де жағдайды ушықтырып отыр. Компаниялар препараттар сатылымға түспей тұрып ҚҚС төлеуі тиіс. Өндірушілердің айтуынша, бұл ақша ағымында үзіліс тудырып, өндірістің тоқтау қаупіне, жұмыс істеу үшін несие алуға мәжбүрлікке әкелуі мүмкін.

Өндірушілер сонымен қатар бәсекеге қабілеттіліктің төмендейтінін атап өтеді. 

«Ал шетелдік өндіруші, мысалы, бір миллион қаптаманы ТМККК бойынша жіберсе, оның ҚҚС-ы нөл болады. Ал мен үшін оның баға саясатына бәсекелесу шығынды өндіріс болып қалады», - дейді сала өкілі.

Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттің баға реттеуі қосымша ауыртпалық түсіріп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шекті бағалар дәрі шығаруды жиі шығынға ұшыратады. ҚҚС енгізілгенде тәуекелдер одан сайын күшейіп, өндірісті тоқтатуға және компаниялардың нарықтан кетуіне әкелуі мүмкін.

Фармацевтика статистикасы 

Индустрия және сауда министрлігінің дерегінше, 2024 жылы қазақстандық фармөнім өндіріс көлемі 22 %-ға өсіп, 171,6 млрд теңгеге  жетті. Өнім экспорты 32,9 %-ға өсіп, 52,1 млн долларға жетті. Елде 207 өндіруші жұмыс істейді: 43 — дәрілік заттар, 164 — медициналық бұйымдар. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында өндірушілер 87,3 млрд теңгеге дәрі-дәрмек өндірді — бұл 2023 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 20,1 % өсім. Сол кезеңде импорттық дәрі-дәрмек көлемі 375,5 млрд теңгеге жетті, бұл отандық өндірістен бірнеше есе көп. Бұл көрсеткіштер нарықтың импорттық жеткізілімдер мен құрамдастарға қатты тәуелді екенін көрсетеді.

Дәрі-дәрмек бағасының өсуі қазірдің өзінде сезілуде. 2024 жылы дәріханалар арқылы 507,5 млн қаптама дәрі сатылып, 667,4 млрд теңге айналымға түскен, ақшамен есептегенде  17 % артық. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2025 жылдың қаңтарында фармөнім бағасы 2024 жылдың қаңтарымен салыстырғанда орташа 8,6 % өсті. 2022-2023 жылдары жыл сайынғы өсім шамамен 13-14 % болды. Ең жоғары қымбаттау Қарағанды облысында (жылына 14 %-ға дейін), Астанада (10,9 %), Абай (10,4 %) және Шығыс Қазақстан облыстарында (10,3 %). Статистика дәрі бағасының ҚҚС енгізілмей тұрып-ақ өсіп жатқанын, ал салықтық жүктеме артқан жағдайда өсімнің жылдамдауы мүмкін екенін көрсетеді.

Отандық өндіріс үлесі төмен

Мемлекеттік бағдарлама қазақстандық дәрілердің нарықтағы үлесін 2025 жылға қарай 17 %-дан 30 %-ға дейін, ал көлем жағынан 50 %-ға дейін ұлғайтуды жоспарлаған. Алайда іс жүзінде бұл үлес шамамен 15 %. Бұл нарықтың тек бір бөлігі ғана отандық өндіріс арқылы қорғалғанын, ал препараттардың көпшілігі импорттық екенін, яғни сыртқы өзгерістерге бейім екенін көрсетеді.

Компаниялардың бағалауынша, мұның бәрі мынадай мәселелер кешеніне әкелуі мүмкін:

-халық үшін дәрі бағасының қымбаттауы;

-өндірушілер мен жеткізушілердің бір бөлігінің нарықтан кетуі;

-отандық та, импорттық та дәрілер тапшылығы;

-көлеңкелі импорттың өсуі;

-салаға инвестициялардың тартымдылығының төмендеуі.

«Дәрі-дәрмектердің белгілі бір көлемін шекарадан өткізерде мынадай жағдай туындайды. Оның қаншасы ТМККБ бойынша, қаншасы бөлшек саудаға жіберілетіні алдын ала белгілі болмайды. Оған қарамастан барлығына қосылған құн салығы төленеді. Демек, салықтық әкімшілендіру мәселесі пайда болады. Кейін ТМККБ бойынша дәрі-дәрмек үлестірілген кезде, ҚҚС бойынша, қазір бізде өкінішке орай ҚҚС қайтару механизмі жоқ», - дейді «Атамекен» ҰҚП төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов. 

Саралап отырсақ, дабыл қағудың жөні бар. Өйткені, сұрақ көп, оған берілген жауап аз. Бір анығы, жаңа жылдан бастап дәрілік препараттар қымбаттайды. Бағаға қатысты сарапшылардың пікірі әр түрлі. Бірі баға 5-10 пайыз аралығында десе, енді бірі кей дәрілерді тіпті нарықтан таппай қаламыз ба деп алаңдап отыр. Сондықтан, фармацевтикалық компаниялар барлық препаратқа ҚҚС-ты біркелкі салуды, сондай-ақ отандық өндірушілер үшін салықты кейінге қалдыру немесе қайтару тетіктерін қарастыруды ұсынады. 

Барлық жаңалық