Өзбекәлі Жәнібеков құлпытастардағы араб тіліндегі жазуларды да қазақ тіліне аударуға атсалысты. Ол кезде кесененің сән-салтанаты болған атақты Тайқазанның орны бос тұрған. Оны 1935 жылы Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербор) қаласында өткен Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға апарған. Бірақ кері қайтарған жоқ.Араға 54 жыл салып, 1989 жылдың 18 қыркүйегінде Тайқазан тарихи отанына қайта оралды. Бұның бәрі – Өзбекәлі Жәнібековтің жанқиярлық еңбегі.
Ал Арыстан баб кесенесінің жұма мешітін қалпына келтіруге кіріскенде Мәскеу рұқсат бермеді. Содан Өзбекәлі Жәнібеков айлаға көшіп, Отырардың суландыру жүйесінің экспозициясын жасаймыз деп, кезінде құлатылған мешітті қалпына келтірді.
Оның бастамасымен Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатымен "Арқас" қоғамы құрылды.
Қасабаны тапты
Өзбекәлі қазақ халқының көне музыкалық аспаптарын да зерттеді. "Шертер", "Адырна", "Алтынай" және тағы басқа фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. Ансамбль мүшелерінің әрбір киіміне мән берді.
"Өзекең біздің дәуірімізге бірде-бір қасаба жетпеді ме деп, оны эрмитажға дейін іздеп барды. Татарлардың арасында бар екенін біледі. Сөйтіп жүріп, орталық архивтен ертеде тапсырылған бір қасабаны тауып, соны ары қарай ұлт мәдениеті ретінде көрсетті", - деп еске алады профессор Құлбек Ергөбек.
Өзбекәлі Жәнібеков шошаланың эскизін айна-қатесіз жасап, кезінде Сырдариядан жүрген ағаш қайықтың үлгісін де қалпына келтірді. Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Наурыз мейрамының жаңғыруына зор үлес қосты. Айтысты жаңғыртты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.
Танымал тұлғаның еңбектері де аз емес.
- "Қазақтың ұлттық қол өнері" (1982);
- Жаңғырық" (1991);
- "Уақыт керуені" (1992);
- "Жолайрықта" (1996);
- "Қазақ киімі" (1996);
- "Ежелгі Отырар" (1997);
- "Тағдыр тағылымы" (1996, 1-кітап, 1997, 2-кітап).
Өзаға қызметте өте талапшыл болды. Руға бөлінгенді жек көрді. Халық арасында беделі жоғары болды. Төрт айдай мәдениет министрі қызметін атқарды. Бірақ осы уақыттың ішінде біраз шаруа тындырды.
Қазақтың Өзағасы 67 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Оның жерленген жерінде кесене тұрғызылды. Биыл Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 93 жыл толып отыр.