📰 Сарапшылар пікірі

Блогер немесе журналист: Жалған ақпарат таратып, контент жинайтын кімдер?

Бұрын ақпарат көзі теледидар мен газет еді. Қазір заман өзгерді. TikTok, Instagram-дағы стористер, YouTube платформалары миллиондаған адамның күнделікті ақпарат алатын құралына айналды. Ақпарат ағынымен бірге жалған мәлімет те көбейді. Енді көрермен кімге сенеді? Кәсіби журналистиканы танымал блогерлер алмастырып бара жатқандай. Әлеуметтік желідегі контент дәстүрлі журналистиканы толық алмастыра ала ма? Бұл сұрақ бүгінгі медиакеңістіктегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.

Ақпарат кімнің қолында?

Қазір кәсіби журналистика мен блогинг бақталастыққа айналды. Көрерменнің дені нені таңдайды? Бұл сұраққа сарапшылар жауап берді. 

Блогер, креатив-менеджер Алмас Тоқабаевтың пікірінше, блогинг және журналистика бір-біріне жау емес. 

«Бәсекелес деп айту қате. Олар ешқашан бірін-бірі алмастыра алмайды. Бәсекелес дегеннен, бірін-бірі толықтыратын заманауи ақпарат көздері деп айтқан дұрыс деп ойлаймын. Себебі кәсіби журналистка блогинг сияқты жылдам әрі еркін бола алмайды. Қазір әлемде не болып жатса да, бас-аяғы 10-15 минут ішінде әлеуметтік желі арқылы бірден біліп аламыз. Бұл блогингтің күші, яғни жылдамдық. Ал ол оқиғаның түпкі себебі, шығу тарихы, себеп-салдары, күресу жолдары, жалпы сараптама арқылы жеткізу дәстүрлі журналистика, оны блогинг ешқашан атқара алмайды», - дейді маман. 

Маманның айтуынша, блогер ешқашан журналистің жасағанын істей алмайды. Десе де, кәсіби журналистиканың баяу қимылдайтыны рас. Блогер оқиға орнынан ақпарат тарата алғанымен, ол сол жерден әрі қарай дамымайды. Ал кәсіби журналистканың ең мықты құралы – ресми ақпарат құралы екенінде. Пандемия, қаңтар оқиғасы кезінде халықтың сенетін жалғыз ақпарат көзі осы дәстүрлі журналистика болды.

Халық бейресми және ресми ақпаратты ажырата алады ма?

Мамандардың айтуынша, кәсіби журналистика мен блогингті бір-біріне қарсы қою трендке айналып барады. Әлеуметтік желі ақпаратты таратудың тағы бір қосымша көзі. Яғни, дәл газет, телевидение, радио сынды рөл атқарады. Журналист қолындағы бар қосымша құралды дұрыс қолдана алса, коғам сапалы контентке қол жеткізеді дейді сарапшылар. 

«Қоғамда екі мәселе бар. Жалған ақпарат және ақпараттық шабуылдар. Өкінішке орай, әлеуметтік желілердің кең таралуынан, және кейбір халықтың сыни көзқарасының төмен болуынан қоғам зардап шегіп жатыр. Адамның бойында ең қажетті екі мінез болуы керек деп ойлаймын. Біріншісі, сыни көзқарас. Яғни алған ақпаратты сыни пайымдап, сұрақ қойып, қаншалықты рас екенін бағалай білетін қасиет керек. Екіншіден, жауапкершілік мәселесі. Бұл да әр адамның бойында табылуы керек. Яғни, айтылған сөзің және таратқан ақпаратың үшін жауапты екенімізді ұдайы есте сақтауымыз керек», - дейді PR-маман Ернар Сеитахмет. 

Бұрын айтылған немесе жазылған жалған ақпарат үшін жазаланатындар аз еді. Қазір Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік түрлері заңмен нақты белгіленген. Бұл норма 2023 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін күшейтілді. Енді жалған немесе шындыққа жанаспайтын мәлімет таратқандар әкімшілік немесе қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін. 

Ең алдымен, егер таратылған ақпаратта қылмыстық сипат болмаса, адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бұл жағдайда жеке тұлғаға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни шамамен 69 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде бұл әрекет қайта тіркелсе, айыппұл 40 АЕК-ке (138 мың теңге) дейін өсіп, бұған қосымша 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қарастырылады.

Бұл норма әсіресе блогерлер мен инфлюенсерлерге қатысты жиі қолданылады. Олар жалған ақпаратты жария түрде таратқан жағдайда алғашқы ретте 40 АЕК айыппұл төлейді, ал қайталанған әрекет үшін жаза күшейтіледі.

Ал таратылған ақпарат қоғамға елеулі қауіп төндірсе немесе БАҚ, телекоммуникациялық желілер мен интернет арқылы таралса, бұл іс Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қарастырылады. Мұндай жағдайда айыппұл көлемі 1000 АЕК-ке дейін (шамамен 3,7 млн теңге) жетуі мүмкін немесе кінәлі тұлғаға 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс тағайындалады. Бұған қоса, 1 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру жазасы да қарастырылған.

Егер жалған ақпарат БАҚ немесе онлайн-платформалар арқылы таратылса, жаза айтарлықтай күшейеді: айыппұл 3000 АЕК-ке дейін (шамамен 11 млн теңге) көтеріледі немесе кінәлі тұлға 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал жалған ақпараттың мазмұны ұлттық қауіпсіздікке, соның ішінде төтенше жағдай, қоғамдық тәртіп, қорғаныс салаларына байланысты болса, бұл әрекет аса ауыр қылмыс ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайда кінәлі адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жалған ақпарат арқылы контент жинайтын кім?

Десе де, әлі күнге дейін жалған ақпаратқа сенетін халықтың саны басым. Себебі бір ғана Tik-Tok әлеуметтік желісін 15 миллионға жуық қазақстандық қолданады. Ал ресми тіркелген БАҚ саны 6000-ға жуық. Сонда жалған ақпарат тарату қай уақытқа дейін жалғасады деген сұрақ туындайды.

«Міндетті түрде жалғасады. Себебі жалған ақпарат тарату деген атам заманнан келе жатқан дүние. Дәл қазір жылдам ақпарат тарату құралы бар кезде, жалған ақпарат тарату өршімесе, азаймайды. Жалған ақпарат дегенде, біз тек таратушылармен күресеміз. Бұл құмға сұй құйғанмен тең, еш пайдасы жоқ нәрсе. Себебі бұл үш басты айдаһар сияқты, бір басын кессең, екінші басы шығады. Телеграмм-боттар, фейк аккаунттар, жалған атпен отырғандар тарата береді. Біз керісінше, таяқтың екінші ұшын қарауымыз керек. Біз сол ақпаратты тұтынушы қоғамды, яғни халықты сауаттандыруымыз керек», - дейді Алмас Тоқабаев.  

Жалған ақпараттың таралуына қарсы тұру және халықтың медиасауаттылығын арттыру бүгінгі күннің аса маңызды мәселелерінің бірі десек қате емес. Ақпараттың шынайылығына көз жеткізе алмайтын, эмоцияға ерік беріп, кез келген мәліметке сене салатын аудитория үшін бұл тек интернет қауіпсіздігі ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар фактор. Сарапшылар мұндай сын-қатерге қарсы тұру үшін кешенді әрі жүйелі шаралар қажет екенін айтады.

Бірінші кезекте медиа және ақпараттық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастап үйрету маңызды. Қазақстанда бірқатар зияткерлік мектептер мен жоғары оқу орындарында «фактчекинг», дереккөздерді талдау, медиақауіпсіздік бағытында арнайы пәндер енгізіліп жатыр. Мәселен, Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Алматы қаласындағы кейбір университеттерде бұл тәжірибе сәтті жолға қойылған. Қарағандыдағы №36 мектеп базасында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде 9-сынып оқушыларының 67 пайызы жалған ақпаратты ажырата алатынын көрсеткен.

Сарапшылар мұндай пәндерді тек оқушылар үшін ғана емес, ересектер үшін де жүйелі түрде енгізу қажет екенін алға тартады. Ақпараттық қауіпсіздік саласының маманы Думан Смақовтың пікірінше, медиа және ақпараттық сауаттылық мектептен бастап университетке дейін толық қамтылып, үлкендерге арналған курстар, видеосабақтар мен ақпараттық науқандармен қатар жүруі тиіс. Оның айтуынша, ересектер үшін теледидар, радио және әлеуметтік желілерде жалған ақпараттың қалай таралатыны туралы қысқа әрі түсінікті роликтер қажет.

Одан бөлек, фактчекингпен айналысатын тәуелсіз платформалар да белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Factcheck.kz, MediaNet, Internews Kazakhstan сияқты ұйымдар жалған ақпаратты әшкерелеумен қатар, журналистер мен қарапайым азаматтар үшін оқыту тренингтерін, онлайн курстар мен ашық вебинарлар ұйымдастырады.

Бұл бағыттағы тағы бір маңызды құрал ұлттық деңгейде медиа білімді арттыруға арналған стратегия. Сарапшылар Білім және ғылым министрлігі тарапынан мұғалімдерді даярлау, оқулықтар әзірлеу және медиа сауаттылықты заңнамалық тұрғыда бекіту бойынша арнайы бағдарлама қабылдау қажет екенін баса айтады. Internews ұйымы ұсынған ұсыныстар қатарында медиа сауаттылықты ұлттық стратегия ретінде бекіту, БАҚ пен мемлекеттік құрылымдар арасында өзара әрекеттестікті күшейту мәселелері бар.

Ал ақпараттық мәдениетті қалыптастыру отбасынан басталуы тиіс. Сарапшылар ата-аналар балаларына ақпаратты қалай қабылдау, тексеру және сараптау керектігін үйретуі қажет екенін алға тартады. Балалар мен жасөспірімдер жалған жаңалықтың құрбанына айналмас үшін отбасындағы тәрбиенің рөлі орасан.

Бұдан бөлек, ересектерге арналған медиа сауаттылық бағдарламалары мен интерактивті сабақтар да маңызды. Қоғамға оңай әрі түсінікті тілде ақпарат беру, эмоциялық әсерден арылу, нақты дерекке сүйенуді үйрету медиа сауаттылықтың басты қағидалары. Сарапшылар бұл бағыттағы бес негізгі қағиданы атап көрсетеді: ақпараттың авторын тексеру, бірнеше дереккөзбен салыстыру, эмоцияға ермеу, арнайы фактчекинг құралдарын қолдану және визуалды контентті (фото, видео) тексеру.

Мұндай тәжірибе әлемде де кеңінен қолданылады. Мәселен, Пәкістанда білім беру жүйесіне енгізілген арнайы интервенциялар жалған ақпаратпен күресте тиімді нәтиже берген. Алайда сарапшылар бұл бағдарламалар әр елдің аудиториялық ерекшелігіне бейімделуі қажет екенін ескертеді.

«Жұмыс екі жақтан жүруі керек. Біріншіден, жалған ақпарат тарататын адамдарға жауапкершілікті одан да күшейту керек. Жалған ақпаратты кім таратады? Белгілі бір мүдделері бар тұлғалар, немесе соларға жұмыс істейтін белгілі бұқаралық ақпарат көздері жасап отырғанын ескеру керек. Екіншіден, халықтың сыни ойлау қабілетін дамыту керек. Үшіншіден, жалған ақпаратқа сенетіндер кім? Мысалы үлкен кісілердің бойында кез келген ақпарат шынайы деген пікір қалыптасып қалған. Сондықтан олар үшін біз де жауаптымыз. Оларға шындықты ажырата білуді үйретуіміз керек», - дейді Ернар Сеитахмет.

Үкіметтің ақпарат алаңына араласуы дұрыс емес

Сарапшылардың айтуынша, мүдделі адамдардың басты мақсаты – ақша. Ол блогерлердің табыс көзі. 

«Жарнамасын жасамас бұрын, инфосығандар алдымен ақпараттық шабуыл жасайды, ал әлеуметтік желіде алгоритм оның парақшасын жоғарыға көтереді, екі-үш ақпараттан соң өзінің жарнамасын жасайды да, әрі қарай сол схема бойынша жалғастырады. Ақпарат шын болуы да мүмкін, әдетте ол негативті тақырыпта болады. Бұл арзан трюктардың бірі. Одан бөлек мүдделер қақтығысы, бизнес, өшпенділік дегенді де ұмытпаған жөн», - дейді маман. 

Мамандардың айтуынша, екі жақтан да жалған ақпарат тарататындар бар. Тек блогерлер жалған ақпарат таратады деп айту қате. Ал Үкімет ақпарат алаңына араласуы дұрыс емес дейді мамандар. Бұл қоғамның мәселесі. 

«Ол түбінде цензураға әкеледі, ал ол нағыз жалған ақпараттың көзіне айналады. Бізде үкіметпен, мемлекеттік органдармен байланыс орнату қиын. Яғни коммуникациялық жүйе тозған деп айтуға болады. Себебі жылдам ақпарат берілмейді, ресми ақпаратты алу тіпті екі күнге дейін созылып кетеді. Жаңа жүйе керек. Сол кезде блогерлер де, кәсіби журналистер де ресми ақпаратты дәл уақытында таратып үлгере алады», - дейді маман. 

Әлеуметтік желі дамыған заманда әр адам ақпарат көзі екенін сезінуі, білуі керек деп қорытындылады мамандар. Ал әзірге еститін мемлекет жоқ, кәсіби журналистер әлі де ресми ақпарат алуда қиындықтарға ұшырап келеді. Салдарынан жалған, өсек-аяң ақпарат бірінші болып тарайды. Дәл осындай халықпен тікелей жұмыс істейтін құрал тұрған кезде, билік әлі де ескі жүйеден шыға алмай жүр. 

Барлық жаңалық