Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан қазақ қоғамындағы той мәдениетін сынға алып, несиеге жасалатын салтанатты жиындардың көбейіп кеткенін айтты, деп хабарлайды ozgeris.info.
Ол bes.media тілшісіне берген сұхбатында қазіргі таңда көп адамның тойды шамадан тыс даңғазаға айналдырып жібергенін жеткізді.
«Тойға деген махаббат – қазақтың ауруы. Адамдар тойды несиеге алып жасайды, жарты жылдан кейін жастар ажырасып кетеді. Мұның барлығы ақымақтық. Қазақта “көрпеңе қарай көсіл” деген сөз бар. Ақшаң жоқ па, той жасама», – деді депутат.
Сондай-ақ ол бір отбасында бірнеше бала қатарынан үйленсе, ата-ананың қарызға белшеден бататынын атап өтті.
«Бір отбасыда екі-үш бала болса, олардың арасы бір-екі жас болса ше? Шашылып қаласың. Сосын ата-ана ол несиені өмір бойы төлеп жүреді, ал балалары ажырасып жатады», – деді Айгүл Құспан.
Депутат қазіргі тойлардың мазмұнына да көңілі толмайтынын жасырмады.
«Шыны керек, біздің тойлардан құсқым келеді. Тойға шақырғандықтан амал жоқ барамын. Асаба қызық емес, жаттанды сөздерді айтады. Бірінен соң бірі айтылатын тілекті ешкім тыңдамайды. Үстелде көптеген тамақ қалады. Оның не қажеті бар? Бұл – күнә деп ойлаймын», – деді ол.
Мәжіліс депутатының пікірінше, қарапайым адамдар үшін қымбат той жасаудың қажеті жоқ.
«Тойды қою керек. Ақшасын қайда жұмсарын білмей жүрген жандар болса, солар жасай берсін. Қарапайым адам оны не үшін жасайды? Отбасын құрғысы келетін, бірақ құра алмай жүрген жастарды білемін. Өйткені олар алдымен той жасау керек деп ойлайды», – деді депутат.