Бір жол апатының айналасында бірнеше сұрақ қатар туындады: жүргізуші кінәлі ме, жолда болған 36 жастағы ер адамның әрекеті қандай рөл атқарды, малдың жолға шығуы сияқты факторлар жауапкершілікті өзгерте ала ма және әлеуметтік желідегі айыптаулардың өзі заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін бе? Бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қатысқан жол-көлік оқиғасы қоғамда үлкен резонанс туғызды. Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында Toyota көлігі 36 жастағы ер адамды қағып кеткен. Алғашқы ақпараттарда зардап шегушінің жағдайы өте ауыр деп хабарланды. Кейін оның туыстары жағдайының тұрақтанғанын, ем қабылдап жатқанын мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info тілшісі.
Базарбек оқиғаға қатысты алғашқы пікірінде тергеу жалғасып жатқанын, өзі мен жұбайы сотқа дейінгі тергеу деректерін жарияламау туралы құжатқа қол қойғанын айтты. Ол әлеуметтік желідегі асығыс тұжырымдардан бас тартып, тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижесіне сенуге шақырды. Осы жерде ең маңызды сұрақ туындайды: заң бойынша кім жауап береді?
Жол апаты болды дегеннің өзі жүргізушінің автоматты түрде кінәлі екенін білдірмейді
Қазақстанның Қылмыстық кодексінде көлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережесін бұзуы салдарынан адамның денсаулығына зиян келуі жеке құрам ретінде қарастырылады.
Қолданыстағы ҚК-нің 345-бабы бойынша, жүргізушінің жол қозғалысы ережесін бұзуы абайсызда адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірсе, қылмыстық жауаптылық туындауы мүмкін. Ал ауыр зиян келтірілген жағдайда 345-баптың 2-бөлігі қолданылуы мүмкін. Бұл норма айыппұлдан бастап бостандықты шектеу немесе айыруға дейінгі жазаны қарастырады. Бірақ мұнда бір маңызды құқықтық қағида бар. Қылмыстық жауаптылық үшін тек «көлік адамды қақты» деген факт жеткіліксіз. Тергеу жүргізушінің нақты қандай жол қозғалысы талабын бұзғанын, сол бұзушылық пен жарақат арасында себептік байланыс бар-жоғын және жүргізушінің кінәсін анықтауы тиіс.
Қазақстан Жоғарғы Соты да көлік қылмыстары бойынша жауаптылық жол қозғалысы ережесін бұзу мен денсаулыққа келген зиян немесе өлім арасында тиісті байланыс болған жағдайда туындайтынын түсіндіреді. Сондықтан сотқа дейін «Базарбек кінәлі» немесе керісінше «Базарбек кінәсіз» деп кесіп айтуға құқықтық негіз жоқ.
Жаяу жүргіншілер жолының өзі жолда болған болса ше?
Бұл да тергеудің негізгі сұрақтарының бірі. «Жолда жатқан адамды қағып кетті» деген ақпараттың өзі жүргізушіні автоматты түрде кінәлі етпейді. Бірақ дәл сол сияқты «пешеход жолда болған, демек жүргізуші кінәсіз» деу де дұрыс емес. Қазақстанның «Жол жүрісі туралы» заңында пешеходтың да нақты міндеттері бар. Пешеход тротуармен, жол жиегімен немесе арнайы жабдықталған орындармен жүруге, ал жолды белгіленген жерлерден кесіп өтуге міндетті. Жолдан тыс жерде өту кезінде де ол көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі және жақындап қалған көлік жоқ екеніне көз жеткізуі керек.
Егер тергеу барысында пешеходтың жолға күтпеген жерден шыққаны, қараңғыда көрінбегені, жолдың жүруге арналмаған бөлігінде болғаны немесе басқа да ереже бұзғаны анықталса, бұл жүргізушінің кінәсін бағалауға тікелей әсер етеді. Егер жолда тұрған көлікке, кедергіге немесе басқа қауіп көзіне байланысты авариялық белгі қойылмағаны анықталса, бұл да оқиғаның себептерін бағалау кезінде ескерілуі тиіс. Алайда авариялық белгі қою міндеті нақты кімге жүктелгенін және сол міндеттің осы оқиғаға қатысы бар-жоғын тергеу анықтауы керек. Сондықтан сарапшылар үшін негізгі сұрақтардың бірі жүргізуші пешеходты көріп, соқтығысудан техникалық тұрғыдан құтыла алар ма еді? Мұны жай куәгердің сөзімен емес, автотехникалық сараптамамен анықтайды.
Сараптама не үшін қажет?
Мұндай істе бірнеше дәлелдің маңызы өте жоғары. Біріншіден, көліктің жылдамдығы. Екіншіден, соқтығысқан нақты нүкте. Үшіншіден, пешеходтың жолдағы орналасуы. Төртіншіден, жолдың жарықтандырылуы мен көріну қашықтығы. Бесіншіден, жүргізушінің тежегіш басқан-баспағаны. Алтыншыдан, көліктің техникалық жағдайы. Жетіншіден, бейнебақылау камералары мен көлік видеорегистраторының жазбалары. Сегізіншіден, пешеходтың мас күйінде болған-болмағаны және оның медициналық жағдайы. Сондықтан Базарбек ісіндегі басты дәлел әлеуметтік желідегі жазба емес, оқиға орнын зерттеу, сараптама, камералар, куәгерлердің көрсетулері және медициналық қорытынды болады.
Ал «жала жабу» мәселесі ше?
Бұл жерде тағы бір маңызды шекара бар. Бақытжан Базарбекке қатысты әлеуметтік желілерде «әдейі істеді», «қашып кетті», «кінәсін жасырып жатыр» сияқты нақты факті ретінде ұсынылған, бірақ дәлелденбеген ақпараттар тараса, оның құқықтық салдары болуы мүмкін. Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабы жала жабуды — басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтерді тарату деп белгілейді. Ал мұндай әрекет жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы жасалса, жауаптылық күшейеді. Мұнда «көрінеу жалған» деген сөзге назар аудару керек. Кез келген қате ақпарат автоматты түрде жала жабу болып саналмайды. Адамның шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты біле тұра таратқаны құқықтық бағалауда маңызды. Сондықтан журналист немесе блогер «тергеу нұсқаларының бірі ретінде» деп абайлап жазса — бір басқа. Ал «Базарбек адамды әдейі қағып өлтірмек болды» деп оны дәлелденген факт ретінде жариялау — мүлде басқа жағдай. Сонымен бірге 2026 жылғы Жоғарғы Соттың түсіндірмесінде жала жабу туралы істер ӘҚБтК-нің 73-3-бабы тәртібімен қаралатыны, ал ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау жөніндегі азаматтық талаптың бөлек қойылуы мүмкін екені көрсетілген.
Заңгер Перизат Жұмаштың айтуынша, мұндай жағдайда асығыс қорытынды жасауға болмайды.
«Ешкім мұндайға әдейі бармайды. Бұл оқиғаға алып келген негізгі фактор қандай? Бәрі тек сол жердегі адамдарға аян. Қалған жұрт алып-қашпа әңгімені қоюы керек. Мұндай сәтте екі тарапқа да оңай емес. Сондықтан біреуді кінәлі не кінәсіз деп айтуға болмайды. Әлеуметтік желіде де абайлап сөйлеу керек. Әркім әр сөзіне заң алдында жауап береді», — дейді заңгер.
Бұл пікірдің құқықтық мәні де бар. Жол апаты болған жағдайда кінә тек оқиғаның өзіне қарап анықталмайды. Тергеу барысында жүргізушінің жылдамдығы, жолдағы адамның орналасуы, көріну жағдайы, жүргізушінің қауіптің алдын алуға техникалық мүмкіндігі, жол жағдайы және басқа да факторлар сараланады.
Сондықтан қазір әлеуметтік желідегі «әдейі қағып кетті», «толық кінәлі» немесе «кінәсіз» деген кесімді пікірлерден гөрі, тергеу мен сараптаманың қорытындысын күткен дұрыс. Өйткені жол апатының нақты механизмін оқиға орнындағы деректер мен сараптамалар ғана анықтай алады.
Ал жалған арыз жазылса ше?
Бұл жала жабудан бөлек мәселе. Егер біреу құқық қорғау органына адамның қылмыс жасағаны туралы көрінеу жалған хабар берсе, Қылмыстық кодекстің 419-бабы — «Көрінеу жалған сөз жеткізу» қолданылуы мүмкін. Яғни әлеуметтік желідегі қауесет пен полицияға қасақана жалған арыз беру — құқықтық тұрғыдан бір нәрсе емес.
Ал жолда жатқан малдың мәселесі ше?
Бұл Қазақстандағы жол қауіпсіздігі мәселесінің ең өзекті тұстарының бірі. Қолданыстағы Жол жүрісі қағидаларында мал иелері мен мал айдаушыларға жануарларды қараусыз қалдыруға болмайтыны нақты көрсетілген. Сондай-ақ малды арнайы белгіленбеген жерден жол арқылы айдауға, қараңғы уақытта және көріну нашар жағдайда жолға шығаруға қатысты шектеулер бар. Заң тіпті автокөлік пен малдың соқтығысуына байланысты жауапкершілікті бағалауда мал иесінің міндетін ескереді. Жоғарғы Соттың түсіндірмесіне сәйкес, егер жол-көлік оқиғасы ескерту белгілері жоқ жерде болып, жүргізуші жылдамдық режимін және басқа ЖҚЕ талаптарын бұзбаған болса, малдың жолға қараусыз шығуына байланысты жауапкершілік мал айдаушыға немесе иесіне жүктелуі мүмкін. Демек «Жолда мал жатса, оған жүргізуші кінәлі» деген қағида жоқ. Керісінше, мал иесінің де нақты заңдық міндеттері бар. Бірақ жүргізуші де «жолда мал бар екен» деп автоматты түрде жауапкершіліктен босатылмайды. Оның жылдамдығы, жол жағдайын ескеруі және қауіп туындаған кезде тиісті әрекет жасауы тексеріледі.
Бұл қағида жаяу жүргіншіге де қатысты
Мұнда маңызды аналогия бар. Малдың жолға қараусыз шығуы жүргізушінің кінәсін автоматты түрде білдірмейтіні сияқты, жолда пешеходтың болуы да автоматты түрде жүргізушінің кінәсін білдірмейді. Әр істің нақты жағдайы қаралады. Мысалы, пешеход жолдың жүруге арналмаған бөлігінде қараңғы киіммен, жарықсыз жерде кенеттен пайда болса, жүргізушінің оны байқап, тоқтауға техникалық мүмкіндігі болмауы мүмкін. Ал керісінше, егер жүргізуші жылдамдықты асырып, жол жағдайына қарамай қозғалып, пешеходты алдын ала көре тұра тоқтамағаны дәлелденсе, жауапкершілік жүргізушіге жүктелуі ықтимал. Сондықтан мәселені «пешеход кінәлі» немесе «жүргізуші кінәлі» деп екі-ақ нұсқаға бөлу дұрыс емес.
Бұрынғы депутатқа қатысты іс қалай аяқталуы мүмкін?
Қазіргі ашық ақпаратқа сүйенсек, бірнеше сценарий бар. Бірінші сценарий — жүргізушінің жол ережесін бұзғаны дәлелденеді. Егер оның әрекеті мен зардап шегушінің жарақаты арасында себептік байланыс анықталса, ҚК-нің 345-бабы бойынша жауапкершілік мәселесі шешіледі. Зиянның ауырлығы сот-медициналық сараптамамен анықталады. Екінші сценарий — пешеходтың әрекеті негізгі себеп болғаны анықталады. Егер сараптама жүргізушінің ЖҚЕ талаптарын бұзбағанын және оқиғаның алдын алуға техникалық мүмкіндігі болмағанын көрсетсе, қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз болмауы мүмкін. Қылмыстық кодекстің 19-бабы бойынша кінәсіз зиян келтіргені үшін адамды қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Үшінші сценарий — екі тараптың да әрекетінде белгілі бір бұзушылықтар болғаны анықталуы мүмкін. Бұл жағдайда да басты мәселе — нақты қай әрекет зардапқа себеп болғанын анықтау.
Базарбектің қазіргі мәлімдемесі нені көрсетеді?
Бұрынғы депутаттың қазіргі позициясы — тергеу жүріп жатқанын, қажетті сараптамалар күтілетінін және оның отбасы зардап шегушінің жақындарына көмек көрсетіп жатқанын айту. Ол сондай-ақ асығыс қорытынды жасамауға шақырды. Бұл мәлімдеменің өзі оның кінәлі немесе кінәсіз екенін дәлелдемейді. Керісінше, құқықтық тұрғыдан ең дұрыс жол — тергеудің аяқталуын және сараптамалардың нәтижесін күту. Ең маңыздысы — бұл жерде «атақты адам» факторы болмауы керек Бақытжан Базарбек бұрынғы депутат болғандықтан, оқиғаға деген қоғамдық қызығушылықтың жоғары болуы түсінікті.
Бірақ заң алдында екі нәрсе қатар жүруі тиіс. Атақты адамның мәртебесі оны жауапкершіліктен босатпауы керек. Сонымен бірге оның аты-жөні істі тергеу аяқталмай тұрып кінәлі деп жариялауға негіз болмауы керек. Бұл жерде қоғамға эмоция емес, дәлел қажет. Егер жүргізуші кінәлі болса — заң бойынша жауап беруі тиіс. Егер жаяу адамның әрекеті негізгі себеп болса — бұл да тергеу материалдарында көрсетілуі керек. Егер жолдағы қараусыз мал немесе жолдың инфрақұрылымындағы кемшілік оқиғаға әсер етсе — оған жауапты тұлғалар да анықталуы тиіс. Ал егер әлеуметтік желіде біреудің беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпарат таратылса, оның авторы да «мен әлеуметтік желіде ғана жаздым» деп жауапкершіліктен автоматты түрде босамайды.
Әліптің артын бағайық!
Базарбек ісіндегі негізгі сұрақ «Бақытжан Базарбек адамды қақты ма?» деген қарапайым сұрақ емес. Негізгі сұрақтар бар. Ол қандай жылдамдықпен келе жатты? Адам қай жерде болды? Оны жүргізуші қанша метр қашықтықтан көре алды? Жүргізуші тежегіш басып үлгерді ме? Соқтығысудан техникалық тұрғыдан құтылуға мүмкіндік болды ма? Жаяу жүргінші жол ережесін бұзды ма? Жолдың жарықтандырылуы мен жағдайы қандай болды? Бейнежазбалар не көрсетеді? Көлік техникалық жарамды болды ма? Сараптама жарақаттың нақты ауырлығын қалай бағалайды? Осы сұрақтарға жауап берілмей тұрып «қасақана жасалды», «жүргізуші толық кінәлі», «жаяу жүргінші кінәлі» немесе «бәрі жала» деп түпкілікті қорытынды жасауға ерте.
Қазіргі таңда ең заңды әрі кәсіби ұстаным — тергеуге мүмкіндік беру, сараптама нәтижесін күту және тек дәлелденген фактіні факт ретінде жариялау. Бұл іс бір адамның тағдырынан бөлек, Қазақстандағы жол қауіпсіздігінің үлкен проблемасын да көрсетеді: жолға қараусыз шыққан мал, қауіпті учаскелер, жаяу жүргіншілердің тәртібі, жүргізушілердің жауапкершілігі және әлеуметтік желідегі дәлелсіз айыптаулардың барлығы бір жүйенің элементтері. Сондықтан Базарбек ісінің әділ шешімі тек бір адамға қатысты үкім емес, жолдағы әрбір қатысушының жауапкершілігі қандай болуы керектігін көрсететін маңызды құқықтық прецедентке айналуы мүмкін.