Ақтөбедегі «Morgunov» түнгі клубына тексеру жүргізген полиция бірнеше құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары ерлер дәретханасынан есірткіге ұқсас зат салынған үш орама, металл кастет пен екі жиналмалы пышақ тәркіледі. Ал бар сөресінің жанынан төрт кальян табылды.
Тексеру барысында ойын-сауық орнында 2009 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірімнің жүргені белгілі болды. Сондай-ақ клуб күзетшілерінің ресми еңбек шартынсыз жұмыс істегені анықталды.
Осы фактілерге байланысты клуб әкімшілігіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабы, 441-бабының 1-бөлігі және 200-бабының 1-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылды.
Полиция бөліміне барлығы 17 адам жеткізілді. Тәркіленген заттар сараптамаға жолданды.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау және тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін тұлғаларды анықтау бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.