Заңгер Айгүл Орынбек Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы әйелдің қайтыс болуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабымен — «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу немесе соған ықпал ету» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын және әлеуметтік желіде тараған ақпараттың әзірге ресми расталмағанын мәлімдеді. Ведомство тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Осы оқиғадан кейін Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, қоғамдағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін көтерді.
«МЕН 15 ЖЫЛ БҰРЫН ЕСКЕРТТІМ. ЕНДІ КӨЗДЕРІҢ ЖЕТІП ЖАТЫР МА?! Мен он бес жылдан бері күресіп келе жатқан теріс ағымдардың нәтижесін ұлтымыз енді көріп жатыр! Көздерің жетті ме?! Қайдасыңдар, тек қыздардың шүберегімен, тек қатындармен алысып жүрген «ағалар»? Кекіріп отырып, делебелерің қозып, уағыз айтып, тек қыздарды ғана жазалайтын әңгіме айтатын едіңдер ғой. Міне, сол уағыздарыңның нәтижесін көріңдер! «Сақалды, келте балақтылардан не зиян көріп жатырсың?» — дейтін едіңдер. Міне, ұлтқа тигізіп жатқан зардабы! Тәрбиелеген жігіттеріңнің әлдері тек қатындарға ғана жететінін дәлелдеп жатыр! Ал оларды тек қатындармен алыстырып қойған — мына сендер! Өліп жатқан әйелдердің бәріне сендер кінәлісіңдер! Қыз кезінде жайнап жүрген гүлдерді біртіндеп өлтіріп жатыр. Міне, сәләфиттер мен уахабиттердің еңбегі осы!», — деп жазды заңгер.
Айгүл Орынбек теріс діни ағымдармен ұзақ уақыттан бері күресіп келе жатқанын айтып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне үндеу жасады.
«Мен осындай миы уланған теріс ағымдылармен күресіп жүргенде: «Сен діннің дұшпанысың!» — деп мені аямайтын едіңдер. Енді не дейсіңдер? Қаншама өлген қыздың құқығын қорғап жүрген заңгер ретінде айтайын: бұл — бер жағы ғана! Бұл өмірде әйелді нәпсілеріңді қандыратын жай ғана жануарға теңеп, әйелді адам емес, зат ретінде көрсететін едіңдер! Тозақта әйелдер көп, Жұмақта бізді «қор қыздар» күтіп алады деп бөсетіндерге әйел адам жай ғана мал сияқты. Ұнамады ма — қорлайды, ұрсады, жазалайды. Тіпті бауыздап тастауға дейін барады. Бір еркектің ашуы әйелдің өмірінен бағалы болып кеткен елде өмір сүру қандай қорқынышты! Ұлттық қауіпсіздік комитеті - оянамыз! Мен әйел адамның өмірі қорғалатын қауіпсіз елде өмір сүргім келеді!», — деді ол.
Сондай-ақ заңгер әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықты тек бір отбасының немесе әйелдердің мәселесі ретінде қарастыруға болмайтынын жеткізді.
«Бізде сәләфилер мен уахабиттер қайта күшейіп жатыр. Қазір маска киіп, сахнаға қайта шыға бастады. Бүгін «қазақ қыздарын аялау керек» деп басқаша сайрай бастады. Бірақ мен олардың бұрынғы уағыздарын да, бұрынғы көзқарастарын да ұмытқан жоқпын! Бүгін әйелдеріміздің басынан өтіп жатқан қасіретке қарап, ойланыңдар! Бұлар әйелді ғана жоймайды. Бұлар отбасы жояды. Отбасымен бірге ұлтты жояды. Өйткені ұрпақ көбейтетін, бала тәрбиелейтін әйел жойылса — ұлттың өзі жойылады! Сондықтан бұл жай ғана әйел мәселесі емес. БҰЛ — ҰЛТТЫҢ МӘСЕЛЕСІ!», — деп түйіндеді Айгүл Орынбек.