Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы банк секторының шамамен 3 трлн теңгеге жуық табыс тапқанын атап өтті. Банктер бұл табысты қорландырудың қымбаттығымен түсіндіреді, яғни экономикаға несиенің баяу берілуін жоғары шығынмен байланыстырады. Алайда ашық деректерге сүйенсек, бұл мәселенің айналасында әртүрлі көзқарас бар. Қаржы жүйесіндегі табыстың табиғаты, пайыздық айырма, реттеушілік шектеулер және нарықтық цикл туралы пікірталас қыза түсті, деп жазады Ozgeris.info.
Банктер табысының құрылымы және пайыздық айырма
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы банк секторының шамамен 3 трлн теңгеге жуық табыс тапқанын атап өтті. Банктер бұл табысты қорландырудың қымбаттығымен түсіндіреді, яғни, экономикаға несиенің баяу берілуін жоғары шығынмен байланыстырады. Алайда ашық деректерге сүйенсек, нақты жағдай басқаша көрінеді. Банк секторының жалпы міндеттемесі шамамен 60 трлн теңге. Ал тартылған қаражат үшін төленген сыйақы көлемі 5,26 трлн теңге. Бұл орта есеппен 8,77% деген сөз. Оның ішінде валюталық міндеттемелер бар, олардың құны шамамен 1% деңгейінде, ал тәуекелсіз қайта орналастыру 3,5% шамасында. Елдегі долларлану деңгейі 23% екенін ескерсек, теңгедегі нақты қорландыру құны шамамен 11,09% болады. Сонымен, банктер тартқан теңгенің орташа құны шамамен 11%. Ал тәуекелсіз қайта орналастыру мөлшерлемесі 17%. Ғалым Құсайыновтың пікірінше, дәл осы айырма банктердің жоғары табысының негізгі көзі болып отыр.
«Бұл артық табыс банктердің пассивтерді тарту құрылымындағы теңгерімсіздіктен туындайды. Мысалы, ағымдағы шоттар бойынша пайыз төлеуге тыйым салынғандықтан, банктер бұл қаражатты 0% мөлшерлемемен тартады. Валюталық депозиттер бойынша да шекті мөлшерлеме 1% деңгейінде. Классикалық шағын экономикаларда банктер дербес қосылған құн жасайтын сала емес. Банк секторы – негізінен қайта бөлу секторы. Банктердің табысы бизнес пен халықтың кірісінің бір бөлігін қайта бөлуден құралады. Яғни, банктер несие беру, бағалы қағаздарға инвестициялау және есеп айырысу инфрақұрылымын пайдалану арқылы табыс табады. Бұл жеңілдетілген модель, бірақ негізгі қағида өзгермейді, банк секторы нақты экономикасыз өмір сүре алмайды. Осы тұрғыдан қарағанда, соңғы 4 жыл бойы банк секторы жоғары табыс алып отырғаны, ал халықтың нақты табысы төмендеп жатқаны қаржы жүйесінде теңгерімсіздік бар екенін көрсетеді. Оның үстіне, нақты сектор көбіне мемлекеттік бағдарламалар арқылы ғана қаржыландырылып отыр. Ресми дерек бойынша 2025 жылы банктер табысы 6,6% өскен», дейді сарапшы.

Бірақ Ғ.Құсайыновтың айтуынша, егер корпоративтік табыс салығы бойынша мемлекеттік бағалы қағаздарға берілген жеңілдіктің жойылуын және мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтаруға байланысты бір реттік шығынды есепке алсақ, банктердің нақты табыс өсімі инфляциядан әлдеқайда жоғары болады. Оның бағалауынша, түзетілген өсім шамамен 16% деңгейінде. Бұл қаржы секторының белсенді өсіп жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар сектордағы шоғырлану күшейіп келеді. Қазіргі таңда үздік 6 банк сектор активтерінің 73,5% иеленеді, Хоум Кредит Банкті қосқанда 75,3%. Таза пайданың 82,4% осы банктерге тиесілі, ХКБ мен бірге 84%. 2024 жылмен салыстырғанда активтер бойынша үлес 0,6 пайыздық тармаққа, ХКБ мен 2,4 пайыздық тармаққа, ал пайда бойынша 3,8 пайыздық тармаққа, ХКБ мен 5,4 пайыздық тармаққа өскен. Ал Хоум Кредит Банкті Форте Банк толық сіңірсе, шоғырлану одан әрі күшейеді.
«Бұған дейін ағымдағы шоттардың рөлі туралы жазып, реттеушілік арбитраж банктер табысының 30-40% қалыптастыратынын көрсеткенін айтады. Ағымдағы шоттарға 1% мөлшерлеме енгізу формалды қадам болғанымен, жүйелі мәселені толық шешпейді. Жоғары базалық мөлшерлеме жағдайында ең үлкен пайда акционерлерге тиіп отыр. Ал базалық мөлшерлеме кемінде осы жыл бойы және келесі жылдың бір бөлігінде жоғары деңгейде сақталуы мүмкін», дейді сарапшы.
Салқынқандылық керек
Экономист Айдархан Құсайынов банктердің артық пайдасы туралы айтылып жүрген пікірлерге салқынқанды қарау керек дейді. Оның айтуынша, есептеудің өзінде қателік бар. Мысалы, банктердің жалпы міндеттемесі 60 трлн теңге делінеді. Бірақ оның 10,6 трлн теңгесі банктің өз капиталы. Яғни бұл қарыз емес, банктің өз ақшасы. Сонда нақты тартылған қаражат 48,4 трлн теңге ғана. Осыны ескерсек, банктердің қорландыру құны 8-9% емес, шамамен 11% болады. Ал теңгедегі нақты қорландыру тіпті 14% шамасына шығады. Егер тәуекелсіз орналастыру мөлшерлемесі 17% десек, айырма 6% емес, 3% шамасында ғана. Яғни сверхпайда туралы алғашқы есептің өзі екі есе асыра көрсетілген.
«Екінші мәселе ағымдағы шоттарға қатысты. Кейбіреулер банктердің ағымдағы шоттағы барлық қаражатты жоғары пайызбен орналастырып отыр деп есептейді. Бірақ бұл дұрыс емес. Банктер төлемдерді кешіктірмеуі керек. Сондықтан ағымдағы шоттағы ақшаның бәрін айналымға жібере алмайды. Оның үстіне ірі және орта бизнес өз қаржысын өзі басқарады. Олар ақшасын түрлі құралдарға салады. Ағымдағы шотта тек жедел керек қаражат қалады. Ол көбіне түнге ғана қысқа мерзімге орналастырылады, күндіз жай ғана жатады. Сондықтан ағымдағы шоттағы қалдықты толық мөлшерлемеге көбейтіп, табыс санау шындыққа жанаспайды. Осыны дұрыс есептесек, арбитраждан түскен пайда тағы бірнеше есе қысқарады. Үшінші мәселе мерзім сәйкестігіне байланысты. Ұзақ мерзімді несие беру үшін ұзақ мерзімді депозит керек. Егер талап етілгенге дейінгі салымдар мен ағымдағы шоттарды алып тастасақ, банктердің нақты ұзақ мерзімді қорландыру көлемі шамамен 30 трлн теңге болады. Оның құны 16% шамасына дейін жетеді. Бұл жағдайда несиенің қымбат болуы түсінікті құбылыс», дейді сарапшы.

Айдархан Құсайынов банктер негізінде уақытты сататынын айтады. Қаражатты бір мезетте алып, оны басқа мезетте қайтарады. Пайыздық мөлшерлеме өскен кезде банктер бұрын төмен пайызбен тартылған ақшаны жоғары пайызбен орналастырып, көбірек табыс табады. Ал мөлшерлеме төмендеген кезде керісінше, бұрын қымбат тартылған қаражатты арзанға орналастыруға мәжбүр болады. Бұл қалыпты цикл. Қазір біз пайыздық мөлшерлеме өсіп жатқан кезеңдеміз. Ертең төмендеу басталса, табыстылық та өзгереді. Сондықтан банктер халық кедейленіп жатқанда қалай пайда табады деген сұрақ эмоцияға көбірек ұқсайды. Нарықтық экономикада бір сектордың пайдасы өсіп, бір сектордың табысы азаюы мүмкін. Бұл банктерге ғана тән жағдай емес. Құрылыс, өндіріс, сауда саласында да солай. Қорыта айтқанда, нақты цифрмен, салқын есеппен қарасақ, банктердің ерекше сверхпайдасы туралы тезис тым асыра айтылған. Макроэкономикалық жағдай, инфляция, пайыздық цикл бәрі бірге әсер етеді. Ал банктер бұл процестің себебі емес, бір бөлігі ғана.