💰 Экономика

Банкке бармай қарыз алуға тыйым салынады

Мәжілісте қабылданған банктер туралы жаңа заң қоғамда қызу талқыланып жатыр. Себебі бұл құжат банк пен клиент арасындағы қарым қатынасты түбегейлі өзгертеді. Ең басты жаңалық онлайн несие беру тәртібіне тікелей шектеу қойылды. Енді азаматтар несие алу үшін міндетті түрде банкке өз аяғымен баруы керек, деп жазады Ozgeris.info.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов ашық айтты. Оның сөзінше биылғы соңғы отырысқа дейін банктер туралы заң жобасына енгізілген барлық өзгеріс сол күйі сақталған. Депутат әріптесі Бақытжан Базарбек екеуі ұсынған түзетулердің бірде бірі алынып тасталмаған.

«Біз бұл заңды басынан аяғына дейін бақыладық. Егер біреу өзгертуге тырысса біз қарап отырмаймыз. Енді банктер оңды солды несие тарата алмайды. Онлайн кредит беру тоқтайды. Міндетті түрде банкке барып қол қою керек. Міндетті түрде айлық табысың туралы ақпарат апару керек. Олай болмаған жағдайда несие беруге болмайды деп нақты жаздық. Бұрын банктерге жеңілдік беріп қойғанбыз. Сол жеңілдіктің бәрін алып тастадық», дейді депутат.

Әбенов бұл өзгерістердің кездейсоқ қабылданбағанын айтады. Оның айтуынша коронавирус кезінде банктер электронды үкімет жүйесіне тікелей қосылып алған. Соның арқасында кейбір қаржы ұйымдары азаматтардың келісімінсіз түрлі мәліметтерге қол жеткізе бастаған.

«Коронавирус кезінде банктерді электронды үкіметке қосып қойды. Қазір Каспий банк өз қосымшасы арқылы бүкіл деректі көріп отыр. Бізге айтпай құжаттарымызды ашып қарай алады. Сондықтан біз заңды өзгерттік. Барлық тексеру тек Ұлттық банк арқылы жүруі керек. Каспий банк жеке компания. Еговқа кіруге олардың құқығы болмауы тиіс. Крыша да, Колесо да кіріп отыр. Жеке деректер қалай пайдаланылып жатқанын біз білмейміз», дейді ол.

Жаңа заңда тағы бір маңызды талап бар. Егер банк антифрод жүйеден немесе биометриялық тексеруден дұрыс өтпей кредит рәсімдесе ондай несие күшін жоюы керек. Яғни жауапкершілік толықтай банкке жүктеледі.

Депутаттың айтуынша бұған дейін сотқа жүгінген азаматтарға банктер ақпарат бермей келген. Бұл мәселе де заңмен реттелді.

«Енді егер клиент сотқа барса банк 10 күннің ішінде несие қандай құжатпен берілгенін биометрия қалай өткенін толық көрсетіп беруге міндетті. Бұрын ондай талап болмаған. Енді бұл нақты заң нормасы», дейді Әбенов.

Мәжіліс осы аптада Сенат депутаттары ұсынған түзетулермен келісіп банктер туралы заң жобасын толық мақұлдады. Сенат енгізген өзгерістер негізінен нақтылау сипатында болған. Олар заңның жалпы бағытын өзгертпейді. Осылайша құжат Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жіберілді.

Айта кетейік Сенат бұған дейін бұл заңды Мәжіліске кері қайтарып жекелеген нормалармен келіспейтінін білдірген. Сенаторлардың уәжі банк секторын шамадан тыс қатаң реттеу қаржы ресурстарының қолжетімділігін азайтып инвестициялық белсенділікке кері әсер етуі мүмкін дегенге саяды.

Сол себепті Сенат бірқатар ұсыныс енгізген. Атап айтқанда базалық лицензиямен жұмыс істейтін банктердің әмбебап лицензияға көшу талаптарын нақтылау ұсынылды. Қор биржалары мен клирингтік ұйымдардың төлем жүргізу құқығын айқындау мәселесі көтерілді. Шетелдік ислам банктеріне кейбір инвестициялық қызмет түрлеріне рұқсат беру қажеттігі айтылды. Банктердің клиент қаражатын даусыз тәртіппен өндіріп алуына шектеу қою ұсынылды. Сондай ақ азаматтардың өтінішін қарау тәртібі мен банк құпиясын сақтау талаптары нақтыланды. Шоттағы қаражатқа тыйым салуға болмайтын жағдайлар кеңейтілді. Жүйеқұраушы банктерді сауықтыру көздері де қайта қаралды.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Сенаттың бұл ұсыныстарын қолдап түзетілген заң жобасын қабылдады. Енді құжатқа Президент қол қойғаннан кейін заң күшіне енеді.

Сонымен қатар сарапшылар мен нарық өкілдері де өз пікірін білдірді. Олардың айтуынша жаңа заң жаһандық қаржы нарығындағы үрдістерді толық ескермейді. Кейбір жүйелі мәселелер ашық күйінде қалып отыр. Белгілі бір тәуекелдер күшеюі мүмкін деген де сын айтылды.

Соған қарамастан Парламент заңды белгіленген мерзімде қабылдауды жөн көрді. Ал қарапайым азамат үшін ең басты өзгеріс анық. Енді несие алу бір батырманы басумен шешілмейді. Банкке бару керек. Қол қою керек. Табысын дәлелдеу керек. Бұл талаптар біреуге ауыр көрінуі мүмкін. Бірақ заң шығарушылардың айтуынша бұл қадам азаматты да банкті де жауапкершілікке үйрету үшін жасалып отыр.

Барлық жаңалық