📰 Сарапшылар пікірі

Балаларға төнген қауіп: Супермаркет сөрелеріндегі сүт неге қауіпті?

Балаларға төнген қауіп: Супермаркет сөрелеріндегі сүт неге қауіпті?

Еліміз пластикке оралған өнімдерге тәуелді. Орталық Азия елдерінде азық-түлік өнімдерін пластик қаптамада сату мен тұтыну көлемі жылдан-жылға артып келеді. Салдары халықтың денсаулығына кері әсер етуде. Әсіресе қала тұрғындары үшін супермаркеттер негізгі сауда орны саналады, ал олар тауардың түр-түрін сатып жатыр. Урбанизация мен азық-түлік тізімінің артуы халықтың тамақтану әдеттеріне және одан туындайтын ауру-сырқаудың өршуіне де тікелей ықпал етіп отыр. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады. 

Өсім және тәуекел

Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша, Қазақстанда қала тұрғындарының үлесі 2000 жылы 53% болған, ал 2020 жылы көрсеткіш 58%-ға жетті. Соның әсерінен супермаркеттер саны да қарқынды өсіп жатыр. Мысалы, 2010 жылы 200 болса, 2023 жылы олардың саны 1500-ге жеткен. Аталмыш дүкендер ұзақ сақталатын, көбінесе пластик қаптамадағы өнімдерді ұсынады. Өйткені пластик өндірушілер үшін де, тұтынушылар үшін де арзанырақ әрі ыңғайлы таңдау.

Mordor Intelligence зерттеуіне сәйкес, Орталық Азияда пластик қаптамалар нарығы жыл сайын 4,5%-ға ұлғайып келеді, ал оның 60%-ы азық-түлік саласына тиесілі. Ең жиі қолданылатын материалдар қатарында - полиэтилентерефталат (ПЭТ) және полиэтилен (ПЭ).

Өндірушілердің саудасы қызып жатыр. Алайда пластик ыдыстардың құрамындағы зиянды химиялық заттар тағамға өтіп, адам денсаулығына қауіп төндіруде. Мәселен, икемділік беретін диэтилгексилфталат (DEHP) сынды фталат ыстыққа және ұзақ сақтауға байланысты бөлініп шығады. Environmental Health Perspectives журналында 2021 жылы жарияланған зерттеуде пластик қаптамадағы өнімдердің 80%-ында фталат табылған. Бұл тізімге сүт өнімдері, сусындар және ет кіреді.

2010 жылы бір адамға шаққандағы пластик бөтелкедегі сусын тұтыну көлемі 10 литр болса, 2023 жылы 25 литрге жеткен. Қазақ тағамтану академиясының мәліметінше, қала тұрғындарының қанындағы фталат мөлшері ауыл халқына қарағанда 20%-ға жоғары.

Сүт өнімдеріндегі қауіп

Сүт өнімдері қазақ халқының ас мәзіріндегі дәстүрлі әрі маңызды тағам. Бүгінде аталған өнімдер де пластикке оралып сатылады. Супермаркеттерде сүттің 65%-ы ПЭТ бөтелкелерге немесе ішкі қабаты пластикпен қапталған тетрапактарға құйылады. Ал бұрын шыны немесе металл ыдыс қолданылатын.

Жергілікті дүкендер мен қоймаларда температура 25°C-тан асқанда, пластиктен сүтке бөлінетін бисфенол А (BPA) көлемі үш есеге артады. Бұл эндокрин жүйесіне әсер ететін, диабет пен бедеулік қаупін арттыратын зат. Қазақстандағы зерттеулердің бірінде сүттегі BPA мөлшері рұқсат етілген нормадан 1,5 есе жоғары болған.

Балалар мен нәрестелерге төнетін қауіп

Пластик қаптамада сатылатын жаңа туылған сәбилерге арналған сүт те алаңдатып отыр. Ата-аналардың көпшілігі агрессивті жарнаманың әсерінен балаларына осындай өнімдерді сатып алуға құмар. Бұл тек Қазақстанда емес, бүкіл Орталық Азия елдеріне тән құбылыс. 2022 жылы аймақтағы ата-аналардың 51%-ы осындай жарнамаға тап болған.

Тәжікстанда 6 айға дейінгі балалардың тек 20%-ы ғана толықтай ана сүтімен қоректенеді. ДДСҰ ұсынған 50%-дық межеден екі есе төмен. Жалған түсінік, яғни қоспалар ана сүтінен пайдалырақ деген сенім инфекциялық аурулар қаупін 30%-ға, болашақтағы семіздік ықтималдығын 15%-ға арттырады.

Тағам қалдықтары мен экологиялық зиян

Жыл сайын қаншама пластик қаптамаға оралған азық-түлік ысырап болып жатыр. Мысалы, Өзбекстанда пластик бөтелкедегі сүттің 30%-ы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен соң керек болмай қалады. Сарапшылардың айтуынша, 50 миллион доллар шығын келтіреді.

Қоқыс полигондарында шіріген қалдықтар метан газын бөледі, ол ауаның сапасын нашарлатады. Алматыда 2015-2023 жылдары ауадағы метан концентрациясы 10%-ға артқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауа ластануынан жылына 7000 адам қайтыс болады екен, оның 2000-ы қала тұрғындары.

Семіздік пен тағам мәдениетінің өзгеруі

Супермаркеттердің кеңеюі тамақтану әдетін де өзгертті. Қазақстанда артық салмағы бар адамдар үлесі 2000 жылы 20% болса, 2022 жылы 30%-ға жеткен. Бұл көрсеткіш Өзбекстанда да өскен-15%-дан 25%-ға дейін.

Қырғызстанда бір адамға шаққандағы газдалған сусын тұтыну көлемі 2000 жылы 5 литр болса, 2023 жылы 15 литрге жеткен. Мұндай сусындар жасанды тәттілендіргіштер мен консерванттарға толы. Lancet журналының 2020 жылғы зерттеуіне сай, олар метаболикалық синдромға шалдығу қаупін 25%-ға арттырады. Тәжікстанда жасөспірімдердің 60%-ы тәтті сусындарды күн сайын тұтынады, бұл соңғы он жылда тісжегі деректерінің 40%-ға артуымен тікелей байланысты.

Микропластик: көрінбейтін қауіп

2023 жылы Ташкент университетінің зерттеуінде Өзбекстандағы пластик бөтелкедегі ауызсудың 90%-ынан микропластик табылған. Орташа концентрация литріне 200 бөлшек, бұл ДДСҰ ұсынған деңгейден екі есе көп.

Қазақстанда да жағдай күрделі. Қала тұрғындары тұтынатын ауызсудың 80%-ы пластик бөтелкеде сатылады. Астанада жүргізілген зерттеулерде тұрғындардың 70%-ының несебінен микропластик бөлшектері анықталған. Nature журналында жарияланған деректерге сүйенсек, микропластик ағзада қабыну процестерін тудырып, тоқ ішек обыры қаупін 10%-ға арттырады.

Экономика мен қайта өңдеу дағдарысы

Пластик ыдыс өндіру шыны немесе металлмен салыстырғанда 30–40%-ға арзан. Сондықтан өндірушілер үшін бұл экономикалық тұрғыдан тиімді шешім. Мысалы, Өзбекстанда сүтті шыны ыдыста өндіру 20%-ға қымбат. Ал  тұтынушылар үшін қолжетімсіз.

Өңірде пластикті қайта өңдеу ісі жүйелі жолға қойылмаған. Елде пластик қалдықтарының тек 10%-ы қайта өңделеді. Қырғызстанда бұл көрсеткіш-5%. Ал Еуропада ол 40%-ға жеткен. Қайта өңдеу жолға қойылмағандықтан, пластик қоршаған ортада жиналып, топырақ пен су көздерін ластайды. Тәжікстанда өзендердің 50%-ында микропластик анықталған, бұл 3 миллион адамға ауызсу сапасы тұрғысынан қауіп төндіреді.

Заңнамалық әлсіздік пен тұтынушы сенімі

Қазақстанда 2021 жылдан бері бір реттік пластик пакеттерге тыйым салынған. Десе де бұл шара азық-түлік қаптамасына қатысты емес. Өзбекстанда мұндай заң жобасы 2023 жылдан бері талқылануда. Пластиктегі фталат пен BPA мөлшеріне нақты шектеу жоқ. Қырғызстанда пластик қаптамалардың тек 10%-ы ғана қауіпсіздік тестінен өтеді. Ал Еуропалық Одақ елдерінде бұл көрсеткіш 100%.

Бұл ретте Орталық Азия елдерінің тұрғындары пластиктен қорықпайды да, зиян деп қарамайды да. 2022 жылы Өзбекстанда жүргізілген сауалнамада респонденттердің 60%-ы сүтті пластик бөтелкеде сатып алуды гигиеналық тұрғыдан қауіпсіз деп санаған. Мұндай көзқарасты жарнама мен маркетинг күшейтуде. Салдарынан дәстүрлі сусындар, атап айтқанда, қымыз, айран да бүгінде пластикке құйылып, табиғи болмысынан ажырап барады. 

Барлық жаңалық