Жаңалықтар

«Балаларға осыны жегізеді»: Алматылықтарды шошытқан Сайрандағы сатушының әрекеті

«Балаларға осыны жегізеді»: Алматылықтарды шошытқан Сайрандағы сатушының әрекеті

Алматы тұрғыны Сайран көлінің жағалауында тәтті мақта (сладкая вата) сатып тұрған ер адамның әрекетін видеоға түсіріп, желіде наразылық тудырды. Кадрлардан сатушының тәтті дайындайтын арнайы құрылғысы мен ыдыстарын тікелей көл суына батырып жуып жатқанын анық көруге болады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Threads желісінің қолданушысы (ramazanovasn) бұл жаға ұстатарлық көрініске бейжай қарай алмаған. Ол мұндай сауда нүктелерінен тәтті мақтаны көбінесе кішкентай балалар үшін сатып алатынын еске салып, дабыл қақты.

«Сайран жағасында серуендеп жүріп мынадай көріністің куәсі болдық: адамдарға тәтті мақта сататын кісі оны дайындайтын ыдысын тікелей көлге жуып жатыр. Ал көптеген адамдар бұл мақтаны балаларына сатып әпереді ғой», – деп жазды видео авторы.

Антисанитариялық жағдай көрініс тапқан бейнежазба бірден қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары пікірлер бөлімінде жауапты органдардан аталған сауда нүктесінің санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауын шұғыл түрде тексеруге шақырды.

Қазіргі жағдай бойынша:

  • Құзырлы органдар тарапынан бұл оқиғаға қатысты әлі ресми түсініктеме немесе реакция болған жоқ.

  • Тәтті мақта сатушыларының өздері де сауда нүктесіндегі санитарлық жағдайға қатысты ешқандай жауап қатпады.

Бұл жағдай көше тағамдарын, әсіресе балаларға арналған тәттілерді сатып алу кезінде ата-аналардың барынша мұқият болуы қажеттігін тағы да еске салады.

Барлық жаңалық