✅ Пайдалы

Балалар мен қарттарға қауіп төніп тұр: Аптап ыстықтан қалай қорғанамыз?

Биылғы жаз ерекше ыстық. Тіпті әлем елдерінде аптап ыстық күшейіп барады. Соңғы 30 жылда ыстық күндердің саны айтарлықтай артқан. Орталық Азия елдерінде шілде айында күндізгі температура орташа нормадан 5-7 °C жоғары болып, 38-42 °C дейін жетті. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ыстық кезеңдер адамның денсаулығына тікелей әсер етіп, күн өту, жүрек-қан тамырлары ауруларына алып келсе, жанама әсерлер қатарында психикалық жай-күйдің бұзылуы мен жүкті әйелдерге төнетін қауіптер де бар. Әсіресе, қарттар мен балалар, артық салмағы бар адамдар зардап шегуде. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.

Алматы облысында 2024 жылғы 28 маусымда ауа температурасы 43 °C-қа дейін көтеріліп, соңғы 30 жылдағы рекордты жаңартқан. Қырғызстан астанасы Бішкекте 40 °C, ал Тәжікстанның Душанбе қаласында екі апта бойы 41 °C тіркелген. Ташкент қаласында 39-42 °C ыстыққа дейін жетіп,  ылғалдылық 70%-ға дейін артқан.

Күн өту мен жылу өтудің айырмасы қандай?

Күн өткенде адам ұзақ уақыт күн астында жүріп, басы қатты қызып кетеді. Бұл кезде ми ісініп, қан тамырлары зақымдануы мүмкін.

Жылу өту ауа температурасы өте жоғары болғанда болады. Ол міндетті түрде күн астында болмауы мүмкін. Тек ыстық жерде ұзақ болғанның өзі жеткілікті.

Екі жағдайда да ағза қызып кетеді де, жылуды сыртқа шығара алмай қиналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2000-2019 жылдар аралығында әлемде жыл сайын шамамен 489 мың адам аптап ыстықтан көз жұмған. 2000-2021 жылдар аралығындағы өлім-жітім өсімінің 85%-ы 65 жастан асқан адамдардың үлесінде. 2025 жылы Орталық Азия елдерінің медицина мекемелері ыстыққа байланысты шағымдар санының 30-40% артқанын хабарлады.

Белгілері қандай?

Егер адамда мынадай белгілер байқалса, бұл күн немесе жылу өткенін білдіруі мүмкін:

         •        Бас айналу, бас ауыру

         •        Жүрек айну, құсу

         •        Тыныстың жиілеуі

         •        Әлсіздік, дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі

         •        Тері қызарып, қызулап кетуі

         •        Қатты жағдайда есінен тану, тырысу, сананың шатасуы

Балаларда көбіне мұрыннан қан кетеді, ал қарттарда шатасу, бағыт-бағдарды жоғалту байқалады. Ылғалдылық жоғары болса (мысалы, Ташкентте 70%), дене терді дұрыс буландыра алмай, қызу тез көтеріледі. Жүрек-қан тамырлары аурулары, семіздік, эндокриндік бұзылыстары бар және бета-блокатор, диуретик, антидепрессант қабылдайтын адамдар жоғары қауіп тобына жатады.

Орталық Азиядағы жағдай

Қазақстанда шілде айында Абай, Жетісу, Алматы, Ақмола және басқа да облыстарда күн 40-43 градусқа дейін жетті. Қырғызстанда бұлт аз болып, күннің қызуы тікелей түсіп, жағдайды ауырлатты. Тәжікстанда ыстықпен қатар шаңды дауылдар болды6 бұл тыныс алу қиындықтарын туғызды. Өзбекстанда ауруханаға түсетіндер саны 25% көбейген.

Науқастардың 60%-ы - балалар, қарттар мен артық салмағы бар адамдар. Балаларда зат алмасу тез жүретіндіктен, дене жылуды тез жинайды. Қарттар шөлдегенін сезбей қалуы мүмкін. Артық салмақты адамдарда тер астындағы май дененің салқындауына кедергі жасайды.

Қалай алдын алуға болады?

Аптап ыстық кезінде, әсіресе 11:00 мен 17:00 аралығында, тікелей күн сәулесінен аулақ болу керек. Жеңіл, кең, ауа өткізетін табиғи матадан (мақта, зығыр) тігілген ашық түсті киім киіп, кең жиекті бас киім тағып жүрген жөн. Су ішуді ұмытпаңыз: ересектерге күніне 2,5-3 литр, ал балаларға әр келі салмағына 70-100 мл су қажет. Су салқын, бірақ мұздай болмауы тиіс, тым суық су тамырдың тарылуына әкелуі мүмкін. Газды, тәтті сусындар, кофе мен алкоголь денені одан әрі сусыздандырады, олардан бас тартқан жөн. Үйде кондиционер немесе желдеткіш қолдану керек, болмаса жиі желдетіп, ауа айналымын қамтамасыз еткен дұрыс. Спортпен таңертең ерте немесе кешке айналысыңыз. Ауыр тамақ ішпей, жеңіл тағамдарды таңдаңыз.

Көмек көрсету жолдары

Күн немесе жылу өткен адамға алғашқы көмек дереу көрсетілуі керек. Оны салқын, көлеңкелі жерге апарып, денесін босату қажет. Тар немесе тығыз киімдерді шешіп, салқындату әдістерін қолдану керек. Маңдайға, мойынға, қолтығының астына 18-20 °C температурадағы суға малынған компресс қою қажет. Немесе мұзды матаға орап қолдануға болады. Денеге салқын су шашып, желпісе, салқындау процесі жылдамдайды. Егер адам есін біліп тұрса, аздап тұздалған су не әлсіз тәтті шай берген дұрыс, бұл ағзаның су-электролит тепе-теңдігін қалпына келтіреді. Есінен танған жағдайда нашатыр спиртін иіскетіп, бір қырына жатқызу қажет. Парацетамол сияқты қызу түсіретін дәрілер бұл жағдайда пайдасыз, себебі дене қызуы инфекциядан емес, сыртқы температурадан көтерілген. Егер дене қызуы 40 °C-тан жоғары болса, тырысу немесе адам есінен айырылса, бірден жедел жәрдем шақыру керек.

Өзбекстан клиникаларының мәліметінше, жеңіл формада көмек алған науқастардың 90%-ы 1-2 сағат ішінде сауығып кетеді. Ауыр жағдайларда, тамырға сұйықтық енгізу сияқты қарқынды терапия қажет.

Мемлекеттік шаралар мен ақпараттандыру

Биыл Орталық Азия елдері халықты ақпараттандыру мен алдын алу шараларын күшейтті. Қазақстанда қоғамдық орындарда су тарату бастамалары жүзеге асты. Бішкекте салқындату пункттері орнатылды. Тәжікстанда мобильді медициналық бригадалар шалғай ауылдарда кеңес беріп жүр. Өзбекстанда түскі уақытта (12:00–16:00) далаға шығуға шектеу қойылды. Дегенмен, халықтың көбі жылу өтудің қаупін түсінбейді. Мысалы, Ташкент тұрғындарының 40%-ы бұл қауіп туралы білмейтінін мойындаған. Ауыл-аймақтарда кондиционер тапшы, ал бұл жағдайды қиындатады.

Аптап ыстық расымен де өмірге қауіп төндіретін жағдай. Әсіресе балалар, қарттар мен созылмалы дерті бар адамдар үшін өте қауіпті. Қарапайым ережелерді сақтап, алғашқы белгілерге дер кезінде мән берсек – апаттың алдын алуға болады. Ал алғашқы белгілерін байқаған жағдайда, денені салқындату, су беру, қажет болса, дәрігер көмегіне жүгіну қажет. Уақтылы көрсетілген көмек пен ақпараттану 80%-ға дейін ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Барлық жаңалық