Жаңалықтар

Бала күнінде мектепке бармаған сотталған түрмеде алғаш рет оқуға кірісті

Абай облысындағы түзету мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жүрген 53 жастағы азамат алғаш рет мектеп партасына отырды. Ол өмірінде білім алуға мүмкіндік болмағандықтан, сауатын енді ғана ашып жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

 

Айтуынша, бала күнінде ата-анасы ішімдікке салынғандықтан, отбасындағы екі қарындасын асырау үшін ерте жастан жұмыс істеуге мәжбүр болған. Мектепке бару арман болып қалып, жастық шағының көбі түрмелерде өткен.

 

– «Бала кезім еңбекпен өтті, қарындастарымды бағып-қағуға тырыстым. Әке-шешем ішімдікке салынғандықтан, білім алуға жағдай жасалмады. Жас күнім қамауда өтті. Қазір ойланып қарасам, оқығанымда тағдырым басқаша болар ма еді. Дегенмен, үйренудің ешқашан кеші жоқ екен», – дейді ол.

 

Polisia.kz таратқан мәліметке сәйкес, бұл түзету мекемесінде №2 орта мектептің қолдауымен 21 жастан 53 жасқа дейінгі сотталғандар білім алу мүмкіндігіне ие. Солардың арасында өмірінде алғаш рет партаға отырған осы азамат ерекше назарға іліккен.

 

Қамау орнының басшысы Жеңісбек Дәуренбековтың айтуынша, оқу – бостандыққа шыққаннан кейінгі жаңа өмірге жол ашады. «Білім алған әрбір адам қоғамға қайта бейімделіп, дұрыс жол табуға мүмкіндік алады», – дейді ол.

Барлық жаңалық