Кейінгі жылдары халықтың ең жиі айтатын шағымы – бағаның қымбаттауы. Дүкенге кірсең де, базар араласаң да, кеше алған затың бүгін қымбаттап тұрғанын көресің. Жалақы сол күйі, ал шығын көбейіп барады. Көп адам мұны доллардың өсуімен, сыртқы жағдаймен немесе маусымдық өзгеріспен байланыстырады. Бірақ мәселенің түбі бұдан да тереңде жатыр, деп жазады Ozgeris.info.
Жаңа жылдың алғашқы айында азық-түлік те, қызмет те, күнделікті тұтынатын тауарлар да қымбаттай түсті. Бір жағынан, жылдық инфляция сәл баяулағанымен, ай сайынғы баға өсімі қайта күшейді. Бұл қарапайым халықтың қалтасына қалай әсер етіп жатыр? Қаңтар айында Қазақстандағы жылдық инфляция 12,2% болды. Желтоқсанмен салыстырғанда бұл көрсеткіш сәл төмендеген, ол кезде 12,3% еді. Бірақ соған қарамастан, бір айдың ішінде бағаның өсуі жылдамдады. Желтоқсанда айлық инфляция 0,9% болса, қаңтарда 1% болды. Яғни, жаңа жыл басталғаннан кейін-ақ дүкендегі баға тағы көтерілді.
Бір жыл ішінде ең қатты қымбаттаған – азық-түлік. Тамақ пен сусындар 12,9%-ға өсті. Ақылы қызметтердің бағасы 12%-ға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,7%-ға қымбаттады. Мысалы, киім, аяқкиім, тұрмыстық заттар мен жеке күтімге арналған өнімдер де арзандамай отыр. Жалпы, инфляцияға ең көп әсер еткен де осы күнделікті тұтынатын тауарлар болды. Азық-түлік пен сусындар жылдық көрсеткішке 5,4 пайыздық пункт қосқан. Көлік қызметтері 1,1 пунктке, ал киім-кешек пен жеке күтім шығындары 1 пунктке әсер етті. Яғни, халық күн сайын пайдаланатын салалардың бәрінде баға өсті.
Өңірлер бойынша да айырмашылық бар. Ел бойынша орташа деңгейден жоғары инфляция 10 аймақта тіркелді. Ең жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында – 14,3%. Ақмола, Павлодар және Ұлытау облыстарында инфляция 13,5% болды. Бұл өңірлерде баға әсіресе қатты көтерілген. Ал ең төменгі жылдық өсім Абай, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында байқалды – 11,5%. Астанада баға 11,9%-ға, Алматыда 11,8%-ға өсті. Шымкентте инфляция елдегі орташа деңгеймен бірдей – 12%. Ай сайынғы көрсеткішке келсек, мұнда да өсім байқалады. Қаңтарда азық-түлікке жатпайтын тауарлар ең көп қымбаттады – 1,2%. Қызмет көрсету саласы 1,1%-ға, ал азық-түлік өнімдері 0,8%-ға өсті. Бұл дегеніміз – бір айдың ішінде де халық күнделікті шығынды көбірек жұмсауға мәжбүр болды. Сонымен қатар, Ұлттық статистика бюросы алдағы уақытта инфляцияны есептеу тәсілін өзгертетінін хабарлады. Енді баға өсімін анықтауда дүкендер мен қызмет көрсету орындарында берілетін фискалдық чектердің деректері қолданылмақ. Яғни, касса арқылы өтетін нақты сатып алулар негізге алынады.

EconomyKZ.org порталының сарапшысы Лина Егельқызы Қазақстан Ұлттық Банкінің жаңа зерттеуіне сүйеніп, инфляцияның басты себептерінің бірі – нарықтағы бәсекенің әлсіздігі екенін айтады.
«Бағаның өсуі өздігінен пайда болмайды. Оның артында әрдайым нарықтағы жағдай тұрады. Компаниялар бағаны көтерер алдында тұтынушы кетіп қала ма, әлде бәрібір сатып ала ма дегенді есептейді. Егер таңдауға мүмкіндік аз болса, балама жоқ болса, бағаны көтеру оңай болады. Ұлттық Банктің зерттеуі де осыны дәлелдеп отыр. Инфляцияны тек ақша көп басылды немесе сұраныс артты деп түсіндіру жеткіліксіз. Нарықта бәсеке әлсіз болса, ірі компаниялар бағаны өздеріне ыңғайлы етіп қоя алады. Тұтынушының басқа таңдауы жоқ кезде, баға бәрібір өседі. Сондықтан инфляцияның түбінде нарық құрылымы жатыр», дейді сарапшы.
Бұл зерттеуді Ұлттық Банктің Ақша кредит саясаты департаментінің мамандары дайындаған. Олар Қазақстандағы бәсеке деңгейі мен баға динамикасының байланысын зерттеген. Мақсат – инфляция неге тұрақты болып тұр, оны не тежеп отыр, неге басқару қиын деген сұрақтарға жауап табу.
Дамыған елдерде бәсеке инфляцияға қарсы құрал ретінде қарастырылады. Егер нарықта компания көп болса, жаңа кәсіпкерлерге жол ашық болса, бағаны шексіз көтеру мүмкін емес. Себебі тұтынушы басқа жерден алады. Ал Қазақстанда жағдай басқаша. Кей салаларда бірнеше ірі компания ғана бар. Мемлекеттің үлесі де жоғары. Нарыққа кіру оңай емес. Мұның бәрі бағаның өсуіне жол ашады. Сарапшы бұл мәселені былай түсіндіреді:
«Қазақстан экономикасында кейбір салалар бірнеше ірі ойыншының қолында. Олар бір бірімен қатты бәсекелеспейді. Соның салдарынан бағаны төмендетуге емес, керісінше көтеруге бейім болады. Ал ұсақ кәсіпкерлер үшін нарыққа кіру қиын. Бұл да бәсекені әлсіретеді. Зерттеуде бәсекені өлшеу үшін үстеме баға көрсеткіші қолданылған. Бұл тауар бағасы мен оны өндіруге кеткен шығынның айырмасы. Айырма неғұрлым үлкен болса, компанияның бағаны көтеру мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады. Бәсекені тікелей өлшеу қиын болғандықтан, осындай жанама тәсіл пайдаланылған».

Үстеме баға экономика бойынша ІЖӨ мен еңбекақы арақатынасы арқылы есептелген. Салалар бойынша арнайы әдістемелер қолданылған. Сонымен қатар пайда маржасы, капитал табысы, ашықтық деңгейі де ескерілген. Зерттеу 1998 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл қысқа мерзімді күйзелістерді емес, ұзақ мерзімді үрдістерді көруге мүмкіндік берген.
Алдымен зерттеушілер елдегі нарық құрылымын талдайды. Көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Тау кен саласында 3 ірі компания өндірістің жартысынан көбін қамтамасыз етеді. Көлік пен қоймалау саласында шамамен үштен бірі солардың қолында. Темекі мен автокөлік өндірісінде 3 кәсіпорын 80 пайыздан 100 пайызға дейінгі үлесті иеленген.
Ең ірі 10 пайыз компания бүкіл экономиканың 88 пайызын береді. Қаржы секторында бұл көрсеткіш 90 пайыздан 98 пайызға дейін жетеді. Яғни баға саясаты аз ғана топтың қолында. Ал оларды тежейтін нарықтық тетік әлсіз. Мұнда квазимемлекеттік сектордың да рөлі зор. Көлік, энергетика, байланыс, өнеркәсіп салаларында мемлекеттің үлесі әлі де жоғары. Жекешелендіру толық аяқталмаған. Бұл жаңа компаниялардың келуіне кедергі келтіреді.
Бағалардың реттелуі де инфляцияға әсер етеді. Электр энергиясы, су, газ, жылу тарифтері мемлекет тарапынан бақыланады. 2015 жылдан бастап ұзақ мерзімді тарифтер жүйесі енгізілді. 2018 жылдан бері өсу шектеліп отыр. Қысқа мерзімде бұл инфляцияны ұстап тұрғандай көрінеді. Бірақ ұзақ мерзімде кері әсер береді. Лина Егельқызы бұл туралы былай дейді:
«Тарифтерді қолдан ұстап тұру инфляцияны уақытша тежейді. Бірақ соның салдарынан компаниялар инвестиция салмайды, инфрақұрылым тозады. Кейін бәрібір баға күрт өседі. Бұл кейінге қалдырылған инфляция деп аталады. Зерттелген кезеңде Қазақстандағы орташа үстеме баға шамамен 3 болған. Бұл тауар бағасы шығыннан 3 есе жоғары екенін көрсетеді. Еңбекақының ЖІӨдегі үлесі шамамен 30 пайыз. Ал Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 2 шамасында. Орташа пайда маржасы 46 пайыз. Капитал табысы 300 пайыздан жоғары. Авторлар мұнда статистикалық ерекшеліктер барын айтады. Бірақ бәрібір нарықтық биліктің жоғары екенін көрсетеді», дейді сарапшы.
Қарапайым салыстыруда инфляция мен үстеме баға арасында айқын байланыс көрінбейді. Бірақ терең эконометрикалық модельдерде бұл фактор маңызды болып шығады. Үстеме баға артқан сайын инфляция да өседі. Сонымен қатар ақша массасы мен теңгенің айырбас бағамы да әсер етеді. Бұл инфляцияның бірнеше фактордан қалыптасатынын дәлелдейді.

Салалар бойынша нақты нәтиже шығару қиын болған. Себебі дерек жеткіліксіз. Бірақ визуалды талдау бір заңдылықты көрсетеді. Үстеме баға жоғары салаларда баға да жоғары. Бұл әсіресе өңдеу өнеркәсібі, сауда және көлік саласында байқалады. Сарапшы зерттеудің негізгі маңызын былай қорытындылайды:
«Инфляциямен күресу үшін тек пайыздық мөлшерлемені көтеру жеткіліксіз. Ақша саясаты жалғыз өзі бәрін шешпейді. Егер нарықта бәсеке әлсіз болса, баға бәрібір өседі. Сондықтан инфляциямен күрес құрылымдық реформадан басталуы керек. Нарыққа кіруді жеңілдету, ашықтықты арттыру, монополияны шектеу маңызды».
Зерттеу соңында авторлар да осы ойға келеді. Қазақстанда бәсеке мен инфляция арасында байланыс бар. Ол әрдайым бірден көрінбеуі мүмкін. Өлшеу де оңай емес. Бірақ жоғары шоғырлану, мемлекеттің үлкен үлесі және әлсіз бәсеке тұрақты инфляциялық қысым қалыптастырады.
Бағаны әкімшілік жолмен тежеу уақытша нәтиже береді. Бірақ ұзақ мерзімде бұл саясаттың тиімділігі төмендейді. Баға кейін бәрібір өседі. Ақша кредит саясаты әлсірейді. Сондықтан инфляцияны тұрақты түрде төмендету үшін экономиканың ішкі құрылымын өзгерту қажет. Бәсекені күшейту, кедергілерді азайту, нарықты ашық ету, бағаны қолдан басқарудан бас тарту керек. Сонда ғана баға тұрақталып, халықтың қалтасына түсетін салмақ азаяды.